«Бұл бағдарлама талайды жылатты»: «Шетелдегі қазақ балаларының» авторы Жанар Байсемізбен сұхбат

0
6 958

«Бұл бағдарлама қазақтың жарасын ашты»


«Бұл бағдарлама талайды жылатты»: «Шетелдегі қазақ балаларының» авторы Жанар Байсемізбен сұхбат

«Мені неге тастап кетті?» Түрлі тағдыр талқысымен мұхит асқан тастанды балалардың өмір бойы қоятын сұрағы осы. Мұхиттардың ар жағында бізге қарап жаутаңдап тұрған көздер бар. Ну ормандардың ар жағында бізге қарай созылған қолдар бар. Биік таулардың ар жағында алқымға тығылып, айтылмай қалған бір ауыз сөз бар. Ол бауыр еті балаларымыздың жасқаншақ жанары, кішкентай қолы, «Апау!» деп айта алмай қалған бір ауыз сөзі. Шетел асқан қазақ балаларының жай-күйі қалай?


«Бұл бағдарлама талайды толқытты. Бұл бағдарлама талайды жылатты. Бұл бағдарлама талайға ой салды. Бұл бағдарлама біздің қоғамды сілкіндірді. Бұл бағдарлама қазақтың жарасын ашты. Бұл «Шетелдегі қазақ балалары», - деп Stand up жасайтын журналист Жанар Байсеміз «Ел» бағдарламасына сұхбат берді.


Президент Қ.Тоқаевтың биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялауына орай Қазақстан Президенті телерадиокешенінің бастамасымен «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы жалғасын тапты. Осы бір жүрекке жылу ұялатар жобаның жүргізушісі әрі авторы, батыл, батыр журналист Жанар Байсеміздің айтары көп екен.


– Шетелдегі балалар десе, міндетті түрде еске ең алдымен түсетін өзіңсің. Ал сені ауызға алсақ, міндетті түрде шетелдегі балалардың тағдыры еске түседі. Жақында ғана шетелден оралдың. Үлкен жоба алып келдің. Өзіңнің аузыңнан толық естісек...

– Негізінде ең алғаш осы жобаны жасаған кезде менің көзқарасым, ойым мүлдем басқаша еді. Өмірге жастық максимализммен қарайсың. Осы бағдарламаның алғашқы түсірілімінен кейін 9 жыл өтті. 9 жылдың ішінде мен де басқа адам болдым. Ойым өзгерді. Өмірге деген басқаша көзқарас қалыптасты. Жүрегің ауырады. Бірақ, жұмыс процесі кезінде сен журналист екеніңді ұмытып кетпеу керексің. Мен бір шығарылымда: «Журналист эмоцияға берілмеуі керек деп айтады. Бірақ, мұндай жағдайда эмоцияға берілмеу мүмкін емес» деп Stand up (журналистің кадрдегі сөзі) жасағанмын.. 9 жылдан кейін ол балалардың әрқайсысын көргенде басқаша сезім кештім. Көзіңе жас келе береді. Көңілің босап кететін сәттер көп болады.


– Яғни, 9 жыл бұрын осы балалардың кішірек кезінде барып түсіріп келдің. Енді есейген шағында бардың. Қандай сезімде болдың?

– Ең алғаш Америкаға 2009 жылы іссапармен бардым. Ұшаққа отырғанда «Шынымен шетел асқан қазақ балалары бар ма?» деген күмәнді ой тұрды. Өйткені, әлі ешнәрсе көрмеген едім. Біздің елімізде жабық тақырып, барлығы құпия сақталады.



– Бұл өзіңнің жобаң ба?

– Иә, журналист ретіндегі авторлық жобам. Сол кезде депутаттар «Қазақтың балалары шетелде өсіп жатыр» деп оқтын-оқтын айтып қалатын. Бірақ, халық ол туралы білмейді. Олар қандай өмір сүріп жатыр? Соны өз көзіңмен көруге бет алғанда «Шынымен сол балалар бар ма?» деген ой болады екен. Ол уақытта Қазақстанның ешбір телеарнасында мұндай бағдарлама болмаған. Қазіргідей әлеуметтік желі де дамымаған. Бәлкім, болмайтын шығар деген де ой болды. Ұшақтан түсіп, бірден түсірілім жұмыстарына кірістік. Сол кезде менің алдымнан ең алғаш 3 жасар Арайлым-Шакира деген кішкентай қыз жүгіріп шықты. Сонда шынымен қазақ балалары құрлық асып кеткен екен ғой деп аңырып тұрып қалғаным есімде. Бірте-бірте олар көбейе берді. Көз үйренді. Әрқайсының тағдыры әр түрлі. Оларға немқұрайды қарай алмайсың. Жаның ауырады, жүрегіңе салмақ салады. Бұл жобаны жасаған соң сол оқиғаның бәрін өзіңнен өткізіп, сезініп жасамасаң, халықтың да жүрегіне жетпейді.


– Жанар, бұл идея қайдан келді?

– Негізі бұл ой маған мектеп жасында келген. Қалай келгенін білмеймін. Әр адамға белгілі бір миссия артылатын шығар. Кішкентай кезімде жетім балалар туралы бағдарламаны теледидардан көрдім бе екен?! Мүмкін, жаңалықтардағы сюжеттен көрген болармын. Соны көріп «Кейін жетім баланы асырап аламын» деп айтқанмын. Сол ойым мені «Шетелдегі қазақ балаларына» алып келді.


– Бәрекелді! Не деген жүрек! Шетелдіктер өсіріп отырған балаларды қайдан таптыңыздар? Қандай да бір мекеме көмектесті ме?

– Әрине, сен өзің барып шетелдіктің есігін қаға алмайсың. Олар саған жауап та бермейді. Адамның жеке құқығына қолсұғушылық болып табылуы мүмкін. Бәрі заң шеңберінде болғандықтан бұл жоба 2009 жылы басталып, осы кезге дейін жалғасын тапты. Осы балаларды табуға, олардың ата-анасымен келіссөз жасауға Сыртқы істер министрлігі консулдық қызмет департаментінің ішіндегі біз жобаны түсірген елдердегі елшіліктер, сол жердегі елшілер көмек берді. Қазір әлеуметтік желі дамыған. Ол балалардың ата-аналарымен арамызда сенімділік орнаған. Кей балалардың ата-аналарына тікелей шығып, кездескен сәттер болды.


– Қанша отбасынан сұхбат ала алдыңыздар?

– Осы жолы 40 шақты баланы түсіріп келдік.


– Олар қазақ балаларын тәрбиелеп жатыр ғой. Балалар жат болып кеткен бе, кетпеген бе?

– Бұрын осы бағдарлама алғаш рет эфирге жол тартқанда маған көптеген адамдар «Олар қазақ тілін біле ме?» деп сұрақ қоятын. Қазіргі күні менің оқырмандарым ондай сұрақ қоймайды. Өйткені, шетел асқан балалардың қазақ тілін білмейтінін жақсы біледі. Себебі, Қазақстанда тұрып жатқан кейбір қазақтар қазақ тілін білмейді. Ал олар жат жерде, жат мәдениет пен дәстүрде өсіп жатқан балалар. Кішкентай кезінен есін білмей кеткен балалар қалай қазақша білсін?! Сондықтан, бұл біздің ұлттың трагедиясы. Кейбір адамдар «Не үшін бұл бағдарламаны түсіріп жүр?», «Бағдарлама арқылы қандай ой айтқысы келеді? Жарайды, жақсы өмір сүріп жатқандары бар екен. Сонымен не айтпақшы?» деп ойлайды.Осы бағдарлама арқылы біздің ұлттың ұяты, ары, намысы, трагедиясы, қасіреті көрсетіледі. Өзіміз саны аз халықпыз. Мені өте қатты қапаландыратын дүние, халықаралық бала асырап алатын елдердің тізімінде Африка сияқты өте кедей мемлекеттер тұрады. Соның ішінде, өкінішке орай, Қазақстан да бар. Тағы бір мәселе, осы бағдарлама арқылы халыққа ой салу. Елдің ішінде бала асырап алу мәдениетін қалыптастыру.


– Сол балалармен сұхбаттастың ғой. Өз тағдырына оймен көз тастайтын, өз тағдырын білетін балалар бар ма?

– Әр түрлі жағдайлар болады. Көп жағдайда оларды есін білмейтін кезде алып кеткен. Тіпті, есін білсе де, 5-6 жасында алып кетсе де, олардың есінде көп дүние қалмайды. Ананың құрсағында бала пайда бола бастағаннан бастап дәмдік ерекшеліктер, барлық ақпараттар анасынан балаға өтеді. Демек, олардың түпсанасында бүкіл ақпарат жатыр. Олар шыға ма, шықпай ма, ол белгісіз. Қазақша сөйлеп жүрген балалар сол жаққа кеткеннен біраз уақыттан кейін қазақ тілін мүлдем ұмытады.


– Мені мазалайтын мына сұрақ. Ата-аналары «Сендер қазақсыңдар» деп тәрбиелей ме екен?

– Ата-аналары ес білгеннен бастап олардың қай мемлекеттен екенін айтады. Ешнәрсені жасырмайды. Қазақстанның қайсы балалар үйінен екенін, бәр-бәрін толық ашық айтады. Ол жақта біздегідей жасырын ұстау деген жоқ. Бала кішкентайынан өзінің асыранды бала екенін біледі. Сондай-ақ түрінен де білініп тұрады ғой. Бәлкім, кішірек кезінде ұқпауы мүмкін. Ондайда музыка не түрлі ойындар арқылы түсіндіреді. Олар психологиялық кеңестер алады. Бала титтейінен бәрін білгеннен кейін сондай бір жан жарасы болмайды деп айтады шетелдік психологтар. Бұл балалар осы қоғамның өте жаралы мүшелері. Оларға өте байыппен қарап, сұрақ қойғанда да өте сақ болу керек. Кішірек кезінде түсіргенде олар аса бір ешнәрсе білмейді. Жүгіріп ойнап жүреді. Басынан сипайсың, құшақтайсың, көтересің. Ал осы жолы түсіргенде ол балалар ер жетіп, есейіп кеткен. Сен, тіпті, жанына барып құшақтай алмайсың. Арқасынан бірден қаға алмайсың. Еуропалық мәдениет деген бар. Ақырындап сөйлескен соң ғана ашыла бастауы мүмкін.


– Шетелге кеткен балалардың көпшілігін асырап алған қай мемлекет?

– Әлемнің 30 елінде қазақстандық жетім балалар өмір сүреді. Бұл ақпарат өте құпия сақталған. Жобаның арқасында осы ақпаратты алдым. Басым бөлігі Америка Құрама Штаттарында. Ресми мәлімет бойынша, 6606 делінеді, бірақ, 8 мыңнан асып жығылады. Одан кейін Испания, Бельгия, Канада, т.с.с. Тіпті, Оңтүстік Африка Республикасында да қазақ балалары бар. Оларды қытайлар асырап алған.


– Ол балалар мемлекет тарапынан бақылауда тұра ма? Ар жақтағы өмірлері қалай болып жатыр?

– Жалпы шетелдіктер асырап алған қазақ балалары 18 жасқа толғанға дейін Қазақстан азаматы болып саналады. Біздің заң бойынша қос азаматтық болмайды, білесіздер. Бірақ, сол балаларға ғана сондай құзыр берілген. 18 жасқа дейін олар Қазақстан азаматы. Сондықтан, Қазақстанның қорғалуында. Ол балалар қай мемлекетте тұрса, сол мемлекеттегі еліміздің елшілігіндегі елшілер оларды қадағалайды. Әр жарты, бір жыл сайын ата-аналары есеп беріп тұрады. 18-ге толғанда қай елдің азаматтығында қалғысы келсе, өзі таңдайды. Алайда, ол балалар сол жақта өсіп, өнді. Олар қазақ тілін, мәдениет, салт-дәстүрін білмейді. Қалай олар Қазақстанға келеді? Әрине, сол мемлекеттің азаматтығын таңдайды. Қазіргі уақытта әлем бойынша 5 мың бала Қазақстан азаматтығынан айырылды. Демек, біз 5 мың баланы жоғалттық деген сөз.


– Ата-аналардың балаларына деген көзқарасы қалай? Балам деп мейірленгені, бауырына басқаны сезіле ме?

– Осы тұста бізге аздап ой-сананы өзгерту керек болады. Біз «Мынау – асырап алған бала, мынау – өзімнің балам» деп қарайтынымыз жасырын емес. Шетелде ондай түсінік атымен жоқ. Балаға өз тегіңді беріп, қамқорлығыңа алдың ба, ол сенің балаң. Оған сен басқаша қарай алмайсың. Әр түрлі адам болады. Олар, әрине, балаларын жақсы көреді. Солар үшін бар жақсысын береді. Дегенмен мен бұл арқылы шетелге осылай баланы бере беру керек дегенді айтқым келмейді. Мен жалпы ситуацияны көрсетемін. 2010 жылы Бельгияға барып, сол жақтағы балаларды түсірдім. Сол кезде Жанна деген кішкентайды қазақтың отбасы асырап алған. Содан кейін тамақты көп жейді деп қайтадан балалар үйіне апарып тастаған. Тіпті, «Тамақты көп жейді» деп газетке де шығыпты. Сол қызды біраз уақыттан соң Бельгиядағы бір отбасы асырап алыпты. Бельгиялық ата-анасы маған әлгі газетті көрсеткенде жерге кіріп кете жаздадым.


– Осы жоба 10 жыл бұрын басталған. Қазір қайтадан жанданып жатыр. Кім себепкер болды?

– Иә, 9 жылдан кейін Президент теле-радиокешенінің бастамасымен кешеннің бас директоры Раушан Жаңабергенқызының қолдауымен осы бағдарлама қалың көпшілікке қайтадан жол тартты. Одан соң Сыртқы істер министрлігі консулдық қызмет департаменті, оның ішінде біз түсірген елдердегі елшілеріміз қаншама басқа да маңызды жұмыстарына қарамастанақпараттық қолдау көрсетті. Ал көптеген мәліметтер ҚР Білім және ғылым министрлігі балалардың құқығын қорғау комитетінен алынды. Мемлекеттік органдармен тікелей жұмыс істеп жатырмыз. Осы бағдарлама 10 жыл бұрын болғанда да елшілеріміздің көп көмегі тиген еді. 2009 жылы СІМ консулдық қызмет департаментінің басшысы Бағдат Сейітбатталовтың көмегімен бастау алды.


– Қазір шетелге жалғыз барып жүрген жоқсың ғой?

– Иә, осы жолы біз тобымызбен бардық. Продюсеріміз Алпамыс Шаримов, режиссер, операторымызбен бірге бардық.


– Әлгінде елімізде бала асырап алу мәдениетін қалыптастыру керек деп айттың. Ол үшін не істемек керек?

– Әр адам өзінің қайдан шыққанын, кім екенін білуі керек. Егер сен өзіңнің кім екеніңді біле алмасаң, бұл өте ауыр қасірет. Сондықтан да ол балалар есейе бастаған соң «Мен кіммін? Қайдан келдім? Бұл елге қалай тап болдым? Әке-шешем қандай? Анама ұқсаймын ба, әкеме ме?» деп сұрақ қоя бастайды. Соның өзі балалардың жүрегінде шерменде болып қатады. Түрлі-түрлі сұрақтар болады. Болды, ол балалар кетті деп отыра бермейміз ғой. Қанша айтқанмен олармен байланысты үзбеу керек. Мүмкін, кейін сол балалардың ішінен АҚШ-тың Президенті шығатын шығар. Не болмаса сол баланың өзі немесе тұқымынан атақты ғалым, әлемді аузына қарататын тұлғалар шығар. Сонда «Біздің қазақтың баласы ғой» деп айтамыз. Сол кезде ұялмас үшін қазірден байланысты үзбеуіміз керек.

Бұрынғыға қарағанда біздің сана-сезіміміз өзгеріп, бұл тақырыпқа басқаша қарай бастадық. Қазақтардың ішінде де балаларды алып жатқан адамдар бар. Өткенде ғана балалар үйінен 3 бірдей ағайындыны қазақ отбасы алды.

«Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасының арқасында бір мемлекеттегі қазақтың қызы өзінің осындағы туысын тапты. Қазір олар байланысты.

«Ел болам десең бесігіңді түзе». Қайтадан бесік жырын айтуды бастаймыз. Сонда жауапкершілігі мол, жүрегінде иманы бар, обал-сауапты білетін, ар-ұятын тыңдайтын адамдар өсіп шығады. Екіншіден, балалар үйі балалар тәрбиеленетін жер емес. Әр бала отбасында тәрбиеленуі керек. Әр бала жылу мен махаббатты сезінуі керек. Үшіншіден, баланы асырап алғысы келетін адамдар бұл сауап екен деп емес, ана дүниеде керемет сыйлықтар күтіп тұр екен деп емес, өзімнің балам жоқ, басқа бір баламен соның орнын толтырам деп емес, сол баладаналу үшін емес, сол балаға беру үшін бала асырап алсын. Қазіргі уақытта Қазақстандағы мекемелердегі 5 мыңға жуық баланы 5 мың адам алса, біздің Қазақстанда балалар үйі деген түсінік жойылады.


– Жанар, кетіп қалған балалардың ата-аналары табылған кез болды ма? «Мынау менің балам еді» деп аяқ асты аналық, әкелік мейірімі оянып қалып, саған өтініш айтқан кездері болды ма?

– Иә, болды. Менің ойымша, аналық, әкелік махаббаты аяқ астынан оянбайды. Баласын кезінде түрлі жағдайлармен қалдырып кеткен қыздар өмір бойы қасіретін жүрегінде сақтап өтеді. Өкінішке орай, шетелдіктер асырап алған балалардың көпшілігінде аналары, олардың аты-жөні туралы аздаған мәлімет бар. Бірақ, әкелері туралы мәлімет мүлдем жоқ. Сенің әкең не анаң кім екенін білмеуден артық қандай үлкен қасірет болуы мүмкін?! Не болмаса сен бір кездері балаңды перзентханада қалдырып кеттің. Бірақ, өмір бойы балаңның қайда жүргенін білмей, таба алмау. Сөйтіп өмірден өту. Бағдарлама барысында бір оқиғаның куәгері боласыздар. Көзінің тірісінде қызының қай мемлекетте жүргенін білген оқиға болады.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Қатынын қазақша сөйлете алмаған ез»: Желідегілер әнші Бүркіттің әйелі Аишаның орысша сөйлегеніне қадалды


«Кімнің мамбет екенін түсіндіңдер ме?!»: Жан Ахмадиев Филипп Киркоровтың концертіне барғандарды сынап тастады