«Иманбекпен дуэт жазғым келеді» : Қазақстандық «Эйконмен» сыр-сұхбат

0
3 415

«Қаржылық қиындықтар болып жатыр»


«Иманбекпен дуэт жазғым келеді» : Қазақстандық «Эйконмен» сыр-сұхбат

Бір отырыста оның американдық әнші Akon-ның Smack that атты әнін орындағанын достары сырттай түсіріп, желіге салып жібереді. Ертеңіне таңда оянса, әлгі видеоны 2,6 миллион адам көріпті. Міне, ғажап. Бір түнде жұлдыз болып оянуға болады екен. Иә, қазір таланты бар, танысы жоқ жандар теледидарға шықпай-ақ, смартфонға түсіп, оны әлеуметтік желіге салып, ел арасында аты шығып жүр. Бұл сөзімізге сылақшы бола жүріп бір-ақ күнде әйгілі болған Гүлмайдан Серікбай мен біз әңгімелескен «Қазақтың Эйконы» Олжас Молдабеков дәлел болса керек. Екеуі де соңғы уақытта желіде жарқ етіп жұлдыз болғандар.

Олжас бұған дейін «ТеңізШевройл» компаниясында электрмонтаждаушы болып вахталық жұмыс істепті. Видео ғаламторда кеңінен таралып, оқырмандары қолдау көрсеткен соң, жаңа релиз жазыпты. Олжастың ендігі қадамы қандай болмақ? Жігіт вахтадағы жұмысын әншілікке айырбастай ма? Біз оны өзінен сұраған едік.


– Олжас, алдымен бізге сұхбат беруге келіскеніңіз үшін алғысымды білдіремін. Қазірде сіз желіде жұлдыз болып жатырсыз. Бір қарағанда мұның бәрі бір күнде бола салған сияқты. Алайда, білуімізше, сіз ән әлеміне бүгін қадам баспағансыз, иә?! Бала кезіңізде «Әнші балапан» жобасына Нәби Аймұратов, Анна Данченколармен қатар өнер көрсеткен екенсіз. Ән өнеріне алғашқы қадамдарыңызды еске түсіріп көрсек...

– Жасым 30-да. Яғни, тәуелсіздіктің төл құрдасымын. 1996 жылы 4-5 жасар кезімде «Әнші балапанға» қатысқанмын. Мен «Әнші балапан» байқауына қатысқан жылы журналист Анна Данченко, марқұм әнші Наби Аймұратов қатысқан. Мен ол кезде кішкентаймын. Байқауда лауреат атандым. Содан кейін ән әлеміндегі қадамым үзіліп қалды. Мектеп қабырғасында оқи жүріп кішігірім хорда мүше болдым. Облыстық, аудандық байқауларда жүлделі орындар алып жүрдім. Өнер жолын жалғастырмауыма түрлі себеп болды. Үйде жалғыз ұлмын, менің алдымда екі әпкем бар. Музыкалық бағытта оқығым келді, бірақ энергетика саласына түсіп кеттім. Өмірім басқа арнада өрілгендіктен бе, бұған дейін үлкен сахнаға жол түспеді. Енді қазір өмірімде болып жатқан өзгерістер Алланың қалауы шығар.


– Инстаграмды қай кезден бастап жүргізесіз?

– Инстаграмда бұрыннан ескі аккаунтым бар еді. Видеом желіде тарап кеткен соң жаңа аккаунт ашып, ақырындап жүргізіп жатырмыз. Көп адам тіркелді деп айта алмаймын, бірақ, қаралым жоғары.


– «Теңізшевройл» компаниясында вахталық жұмыста істейді екенсіз. Вахталық жұмысыңызды әншілікке айырбастап кеттіңіз бе? Әлде ол жұмысты жалғастырып жатырсыз ба?

– Мен дәл қазір еңбек демалысындамын. Осы жағдайдан кейін үлкен релизге дайындалып жатырмыз. Құдай қаласа, бәрі сәтті болып, жолымыз оңынан болса, әрине, өнер жолын жалғастырамын.


– Бір күнде танымал болып кетемін деп ойладыңыз ба? Оған дейін видео түсіруге не кедергі болды?

– Бір күнде танымал болып кетемін деп ойламадым. Бұған дейін сөздің шынын айтсам, отбасылы болдым. Отбасылық жағдайлармен өнерге мойын бұра алмадым.


– Өнер жолы – оңай жол емес. Осы жолға келгеннен кейін келешекке жоспарыңыз қандай? Қазақ шоу бизнесінде көтерілу қаншалықты қиын? Қандай да бір қиындықтар бар ма?

– Қазір ешқандай продюсерлік орталықтармен жұмыс жасап жатқан жоқпын. Өз күшімізбен өз қаражатымызға релизді шығарсақ деп барынша тырмысып жатырмыз. Өте қиын екен. Бәрі де қаражатқа келіп тіреледі ғой. Киім, студия, стиль, монтаж, бәрі де ақша. Сондықтан қаражат жағынан қиындау болып тұр. Релиздің өзіне 500 мың теңгедей қаржы кетті. Жарнамасы тағы бар. Алматының адамы емеспіз. Пәтерақы төлеуіміз керек дегендей.

Алда жоспарымыз өте көп. Жан жақтан қоңырау шалып жатқан кісілер бар. Бірақ, нақты ұсыныстар жоқ. Өз күшімізбен әупірімдеп әрекеттеніп жатырмыз. «Азия клуб талантов» жобасынан, Ресейден де шақырту түсті. Бұйыртса, сол жаққа жол тартсақ па деп ниеттеніп отырмыз.

Релизім шыққан соң, Иманбекпен ортақ дуэт жазсам деген арманым бар. Қаншалықты жүзеге асатыны релизден кейін белгілі болады. Тұратын жерім Қызылорда облысы, Шиелі ауданы. Дәл қазір Алматыға көшіп келу ойда жоқ.


– Неге дәл американдық хип-хоп орындаушы Аконды таңдап алдыңыз? Оған қатты еліктейсіз бе? Басқа да әншілер көп қой, мысалы.

– Мен Аконды әдейі таңдаған жоқпын. Мен ол әнді бұрыннан білетінмін. Туған күн кешінде айтылған ән. Интернетке шығады деген ой болмады. Мына әнді айтамын деп те ойламағанмын. Жігіттер сыртымнан түсіріп салып жіберді. Сөйтіп, телеарнадан бір-ақ шықтық қой.


– Сізге продюсер, демеуші боламын деген адамдар бар ма?

– Продюсер боламын деген адам әлі болған жоқ. Бір кісілер өз ойын айтты. Біз «ойланамыз» деген болатынбыз. Тиімді ұсыныстар болса қабылдаймыз.


– Шымкентке өткен жаңа жылдық түсірілімге қатысып қайтыпсыз. Кәсіби сахнада өнер көрсетіпсіз. Танымал өнер адамдарымен бір сахнада өнер көрсету қандай екен?

– Керемет әсер алдым. Сол жерге кәсіби мамандардың бағаларына қарағанда жақсы өнер көрсеткен сияқтымын. Жұлдыз ретінде күтіп алды. Бірақ, мен өзімді жұлдыз сезінбеймін. Өте жоғарғы деңгейде өтті.


– Жеке өміріңізге тоқталып өтсеңіз. Естуімізше, сіз үйленгенсіз. Қанша балапаныңыз бар? Отбасыңыз сізге қолдау көрсете ме? Әлде «Вахтаңды істеп жүре берсеші» деп айта ма?

– Назгүл дейтін келіншегім, Назифа дейтін 1, 5 жасар қызым бар. Аяулы ата-анам бар. Отбасым оң көзбен қарайды. Ақ батасын берді. Бұйыртса, сол кісілердің ақ батасымен жақсы жетістіктерге жетеміз бе деген ойымыз бар.


– Батыс өңірінде вахталық жұмысыңыз қандай еді? Немен айналысқансыз?

– «Тенгиз» кен орнында вахталық әдіспен электрмонтаждаушы болып жұмыс істедім. Оңай деп те, қиын деп те айта алмаймын. Оған дейін де құрылыс саласында істедім. 7-8 жылдан бері осы өз мамандығым бойынша істеп келе жатырмын.


– Шет тілін тез жаттап алады екенсіз. Жалпы, қанша тіл білесіз? Шетелдік әндерді екінің бірі олай орындай алмайтын сияқты.

– Әнді айта берсеңіз, тіліңіз өзінен-өзі жаттығып қалады. Қазақ, орыс тілдерін жетік білемін. Ағылшынша сөздікпен.


– Әңгімеңізге рахмет!


P.S. Олжас Молдабеков, яки, қазақстандық "Эйкон" қазіргі уақытта өзінің алғашқы релизін, яғни, жаңа әнін жазып үлгерді. Бірақ, ешкімнің қолдауынсыз, өзі тырмысып, тырбанып тірлік жасауда. Оған ешкім тиімді ұсыныс айтпаған көрінеді. Сондықтан, біршама қаржылай қиындықтармен бетпе-бет келгенін жасырмады. Егер Олжасқа қандай да бір ұсыныспен не көмек қолын созғыңыз келсе, оның инстаграмдағы оljazz_91 жеке дайректіне жазсаңыз болады.

Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ