«Девочка из города Караганда
Жымиясың, мен қарағанда
Сен дегенде жүрек соғады
Ойнағандай барабанда» деп әндетіп жүріп, көп қыздың жүрегінде барабан ойнауына әсер етіп жүрген жігітпен телефон арқылы хабарластық.
Қазір ән хит болғандықтан, оны қонаққа шақыратындардың көп екенін жауапты ұзақ күткенімізден түсіндік. Менің бүгінгі кейіпкерім - жас әнші MADI.
Қарашаш Есенбай: Сәлем, MADI! Қазір жұрт жарыса айтып жүрген ән, танымалдылығыңызға әсер еткені сөзсіз. Өзіңіз оны сезініп жүрсіз бе, қалай байқалады?⠀
MADI: Қайырлы күн! Әрине, танымалдылық артып жатқаны әлеуметтік желіде байқалады. Жас болған соң, жастардың тілінде жауап берейін. Мысалы менің инстаграм парақшама бұрын күніне 2-3 адам хат жазса, қазір 100 шақты хат келеді. Көбіне қыздар жазады. Шынымды айтсам, өзім жас болған соң ба мұндайға дайын болған жоқпын! Дегенмен өзгерістер жақсы жағынан болып жатыр ғой, ол үшін қуаныштымын.
Қарашаш Есенбай: Алғашқы авторлық әніңіз осынша таралым жинайды деп ойладыңыз ба? Ән тарихы туралы айта кетіңізші және таңдауыңыз неге бұл әнге түскен еді?⠀
MADI: Бұл әнді өзім таңдадым, өйткені музыкасы құлаққа жағымды болды. Жүрекке де жақын болды. Былайша айтқанда, жастардың тіліндегі ән ғой. Сондықтан да тез таралған шығар деп ойлаймын.
Бұл әннің тарихы туралы әлеуметтік желіде ақпарат көп, сондықтан бәрі біледі. Білгісі келетіндер содан оқып алса болады.
Қарашаш Есенбай: Қазір жеңіл, есте тез сақталатын әндерге сұраныс жақсы екені белгілі. Бұл тыңдарман дәрежесін өсіруге ықпал етеді деп ойлайсыз ба және қалай?⠀
MADI: (Ойланып)... Дәл осы сұрақты маған 4-5 жылдан кейін қойсаңыз екен. Өйткені мен енді ғана өнерге бас сұғып келе жатырмын ғой, сондықтан жауап бере алмаймын. Өйткені толық дайын емеспін! Бұйыртса зерттеп, тәжірибе жинаған кезімде осы сала, өнер сапасы туралы ой қалыптасып, пікір туады деп ойлаймын.
Қарашаш Есенбай: Бұл әнге жақында қысқа метражды киноклип түсіргендеріңізді айттыңыз. Сол туралы айта кетсеңіз, идея қалай келді, не туралы болады?⠀
MADI: Бұл әннің клипі жайлы әлі толық айтқым келмейді. Әзірге, ол құпия. Жақында өздеріңіз де көресіздер. Жалпы бейнебаян барысы өте қызықты болды.
Қарашаш Есенбай: Эстрада да өнер көрсету үшін қолдау қашан да керек. Өзіңіздің демеушіңіз бар ма?⠀
MADI: Иә, әрине қазіргі заманда қолдаушы өте қажет. Бірақ, менің сахнаға келуіме себепкер бірінші кезекте – Алла! Одан кейін әке-анама, қасымдағы туған ағаларыма, қасымдағы продюсерім, директорым Қанат ағама үлкен рақмет!
Дәл қазіргі сәтте белгілі бір қолдаушым жоқ. Осы бірінші ән және бейнебаянда алғашқысы. Осы кезге дейін тойдан жинаған ақшамызды пайдаланып келе жатырмыз.
Қарашаш Есенбай: Алда қай бағытта, қандай әндер орындау жоспарда бар?⠀
MADI: Жоспар өте көп. Әндер жазылып жатыр. Дегенмен эстрада есігін жаңадан ашып жатқандықтан, бүкіл картаны ашып бере салмайын. Шарты солай!
Десе де алда жақсы жаңалықтармен қуантқымыз келеді. Күтіңіздер!
Қарашаш Есенбай: Өзіңіз туралы оқырмандар жақынырақ білуі үшін туған жер, отбасыңыз туралы айтып берсеңіз.⠀
MADI: Мен Шығыс Қазақстан облысындағы Үржар ауданында туып өскенмін. Әке-шешем және алдымда 2 ағам мен әпкем бар.
Әзірге өзімнің босым бос. Күйеуге шығам, мені бақытты қылам деген қыздар болса хабарласыңыздар (күліп).
Қарашаш Есенбай: Бұл сөзді қыздар естісе, жекеге келетін хаттардың саны екі еселенетін шығар?! MADI, сұқбатқа уақыт бөлгеніңізге рақмет!