Маралбек Битенов, жас әнші: "Табиғатыма жат әнді айтпаймын!"

0
7 938

Марқұм Жанар Хамитованың соңғы әні еді деп тыңдаған жұрт оның жанындағы жігіттің де үніне бауыр басты.


Маралбек Битенов, жас әнші:

Көктемгі күндей нұр шашайықшы

Көңілден мынау мұңды ашайықшы

Бақытты болып қалғымыз келсе

Қоштаспайықшы, сырласайықшы...

Көп көңілдің сөзін жеткізген, жүректердің сырын жеткізген бұл ән талай телефонның плей-листінде ойнағанына күмән жоқ.

Марқұм Жанар Хамитованың соңғы әні еді деп тыңдаған жұрт оның жанындағы жігіттің де үніне бауыр басты.


Менің бүгінгі кейіпкерім – сырлы саздардың орындаушысы, әнші Маралбек Битенов.


Қарашаш Есенбай: Маралбек, кәсіби домбырашы екенсіз, бірақ өзіңізді көпшілік эстрада әншісі деп таниды. Неге бұл бағытты таңдадыңыз?


Маралбек Битенов: Бала күнімнен эстрада әншісі болуды армандап, сол кезден-ақ сол бағытты таңдап қойған болатынмын. Ал «домбырашы» деуіңізге, менің «Бас домбыра» мамандығын бітіргенім себеп болып отырған болар?! Домбырамен ән айтатыным бар, бірақ домбырашы емеспін. Десе де ұлттық аспапты өзіммен қатар алып жүремін. Жақында ғана өз қалауымдағы домбыраны жасаттым, енді шығармашылығымда жақсы жаңалықтар болатыны анық.


Қарашаш Есенбай: Біз ұлттық музыка, ұлттық өнер деп жиі айтқанымызбен, көпшілік той бизнес үшін жұмыс істеп кетеді. Оны ақтайтын себеп көп шығар. Дегенмен нағыз ұлттық өнер мен шоу-бизнес үшін жұмыс істеуге не кедергі деп ойлайсыз?


Маралбек Битенов: Ия, бұлай айтуыңыз өте орынды. Мейрамбек, Тоқтар ағаларымыз да сол жайында жие шырылдайды. Менің өнерді құлатпау үшін алдыңғы буын өте берік болуы керек деп ойлаймын. Қандай өнер адамын қарасаңыз да олар алдыңғы буынға еліктеп соған ұқсас дүниелер шығарады. Мысалы, бұрын Мейрамбек, Тоқтар ағаларымыздың стиліндегі әндер шығарып, сол кісілер секілді домбырамен сахнаға шығушылар көп болатын. Оған өзіңіз де куәсіз. Ал қазір жеңіл атақ, хит жазу, тойға шығу секілді мақсаттар бірінші кезекке шықты. Көрген-білгеніміз сондай жеңіл дүние болса, біздің өнеріміз, дәстүріміз әлсіремегенде басқа не болады? Халықтың құлағын жеңіл әуен мен сөзге үйретіп тастағаны сонша, ұлттық әуендерге баулу қиындап кетті.


Қарашаш Есенбай: Карантин кезінде тойға қаншалықты шығып жүрсіз?


Маралбек Битенов: Тойға жиі шығып жүрмін дей алмаймын, бұрыннан көп шықпайтын едім. Карантинде қызықтар көп болды ғой. Алматыда 7 жылдан бері тұрамын. Ал карантинде Қандыағашқа бардым. Ол жақтағы бестің шәйіне үйреніп алған мен, Алматыға келген соң соны аңсап біраз қиналып қалдым (күліп).


Қарашаш Есенбай: Әндеріңізден сіздің үнді, болмысты тану қиын емес. Өзіңіз әнді қалай таңдайсыз? Карантин кезінде жаңа әндер жазылды ма?


Маралбек Битенов: Мен ең алдымен сөзіне, сосын әуеніне мән беремін, одан кейін менің табиғатыма келуі керек. Өзім баяу,мұңды әндерді орындағанды ұнатамын. Бірақ үнемі сол бір жанрдағы әндер кезіге бермейді ғой. Жаңа ән жазатын кезде алдымен «демо» нұсқасын жазып бірнеше күн, кейді тіпті айлап тыңдап, содан кейін ғана толықтай кірісемін.

Карантин кезінде қазақтың сүйікті ақыны Жадыра Байбұланова ханымның сөзіне, көптеген хит әндердің авторы Жандос Қаржаубайдың әніне жазылған «Кешір арманым» деген әнім жарыққа шықты.




Қарашаш Есенбай: Сізді көпшілік "Қоштаспайықшы" деген ән арқылы жақсы тани бастады ғой. Оны марқұм Жанар Хамитовамен бірге шырқадыңыздар. Жанардың ол соңғы әні болды. Осы әннің тарихы туралы айта кетіңізші.


Маралбек Битенов: Бұл әнді 2018 жылы Асланбек Ылым сазын, Талғат Дүйсенбаев бауырым сөзін жазып "Қоштасу үшін жолығайын ба?» деген атаумен жарық көрген еді. Кейін марқұм Жанармен бірге орындайтын кезімізде, бір себептерге байланысты сол әуенге Марал Күнтубаева деген жас ақын қызға қайта сөзін жаздырып "Қоштаспайықшы" деген әнді дүниеге әкелдік.


Қарашаш Есенбай: Болашақта кімдермен дуэт орындағыңыз келеді? Жалпы біздің эстрадада кімдердің өнерін жоғары бағалайсыз?


Маралбек Битенов: Алла қаласа, Гауһар әпкеммен (Әлімбекова ред.) керемет дуэт болып қалар деген ой бар. Еркін Нұржанов бала күнімнен келе жатқан арманым Мейрамбек ағаммен дуэт айтқым келеді. Эстрадада үлгі беретіндерді, үлкенді-кішіге бірдей ұнайтын әншілерді өте қатты бағалаймын.




Қарашаш Есенбай: Қазір немен айналысып жатырсыз? Қалай дегенмен де карантин көп дүниеге тұсау болған шығар?


Маралбек Битенов: Сол шығармашылығыммен айналысып жатырмын. Әрине, қай салаға болмасын бұл ауру қатты қиыншылық тудырды ғой. Дегенмен әр нәрсеге төтеп бере алатын сабырлы қазақпыз ғой. Бәрі жақсы болатынына сенімдімін!


Қарашаш Есенбай: Өзіңізге де жақсылық тілейміз! Сұқбатқа уақыт бөлгеніңізге рақмет!