“Мұғалімдікті тастап, шығармашылыққа келдім”: Yenlik-пен сыр-сұқбат

0
2 544

Менің бүгінгі кейіпкерім - Yenlik лақап атымен танылған Еңлік Құрарбек. Ол рэп орындап, қазақ тілді тыңдармандарды тамсандырып жүр.


“Мұғалімдікті тастап, шығармашылыққа келдім”: Yenlik-пен сыр-сұқбат

Сәлеметсіз бе, Еңлік. Сұхбат беруге келісім бергеніңізге рахмет. Сізді көпшілік қазақ эстрадасына жаңа дүние алып келді деп жатады, қазақ рэпінің жұлдызы деп жатады. Сіз таза қазақ тілінде рэп оқисыз, мамандығыңыз - мұғалім. Бұл бағытқа қалай келдіңіз?


Сәлеметсіз бе, сұхбатқа шақырғаныңызға рахмет. И2, менің негізгі мамандығым - мұғалім, ал кішкентайымнан әртіс болуды армандадым. Мектеп кезінен өнер жағынан өте белсенді болдым. Он бірінші сыныпқа келген кезде ата анамның қалауымен мұғалім мамандығын тапсырдым. Ұлттық Біріңғай Тестілеуді тапсырған соң, Абылай хан атындағы тілдер университетіне, ағылшын тілі мұғалімі мамандығына оқуға түстім. Университет қабырғасында жүріп-ақ вокалға бара бастадым. Музыкаға осы кезден бастап ден қойдым.


Мамандығыңызға музыка кедергі келтірсе қайсысын таңдар едіңіз? Неліктен?

Егер маған таңдау берілсе, мен музыканы таңдаймын. Мен бұл таңдауымды жасап қойдым десем де болады. Қазір мектептен шығып, мұғалімдікті тастап, шығармашылықпен айналысып жүрмін.


Көпшілік арасында кеңінен танылған “Бипл” қай кезде, қандай көңіл күймен жазылды? Халық әні “Бипылдан” қандай айырмашылығы мен ұқсастықтары бар?

Мен жарты жылға жуық ешқандай ән жазбай кеткен едім. Бір күні досым келіп, бір ән жазуымды өтінді. «Бипл» алты ай бойы музыкадан алшақтап кетіп, қайта қауышқан кезде туған туынды. Менің бұл әнде әнге деген әуестігім мен сағынышым жиналды десем болады. Ал халық әні «Бипылдан» айырмашылығы неде десеңіз, мен халық әнінің тек қайырмасын алдым. Нақтырақ айтсам, «Бипыл-ай, тартшы құрбым, бір күйді-ай» деп өзіңнің бұрынғы қалпың мен күйіңе түсші деген мағына да қайырмасына осы жолдарды қостым.


Америка - РЭПтің Отаны. Бақ сынау үшін мұхит асып кету ойда бар ма?

Әрине, мұхит асып кету ойымда бар. Көп елді, көп мәдениетті көргім келеді. Шығармашылығым мен болашағым жарқын болуы үшін аянбаймын. Егер сәті түсіп жатса, шет ел асу ойда бар.


Хейтке шыдайсыз ба?

Өте қызық сұрақ. Шығармашылығым басталып, көпшілікке танылған сәттен бастап, әлі күнге дейін жаман немесе сыни пікірлер естіп көрмеппін. Егер өз тарапыма сыни пікірлер алатын болсам, шыдауға тырысамын. Себебі, адам кез келген нәрсеге дайын болуы керек. Кейбір хейт көп болғанымен, оның артында шындық тұруы мүмкін. Менің ойымша, хейт адамға керек. Ол арқылы өсесің, қатемен жұмыс істейсің. Сынды қабылдау үшін де іште мықты күш болуы керек. Мен шыдай аламын деп жауап бере аламын.


Shiza-мен бірге өнер көрсеттіңіз. Ұсыныс қай тараптан болды?

Мен шығармашылық жолымды енді бастаған кезде Shiza өзі хабарласып, ұсыныс тастаған еді. Ол кезде Shiza «Өзенде» жұмыс істеп жүрді, «Өзен» мен Coca Cola арасында коллаборация жасаған едік. Бұл да мен үшін тәжірибе алып келген жобалардың бірі деп есептеймін.


Сізді төлқұжатыңыз - “Доп” десе болады. Бұл қай кезде жазылды?

Shiza-мен бірге жазылған «Кока» әнінен кейін жазылған ән. «Доптың» алдымен қайырмасы шықты. Оған дейін мен ана туралы ән жазғым келіп жүрген еді. Бірақ, ол үлкен жауапкершілік. Мамаға деген махаббатты бір әнге сыйғызу, бір ғана әнмен жеткізу мүмкін емес әрі қиын іс. «Доп» - анаға деген махаббат, сол әнді шығару жолында маған мотивация берген туынды деп айтсам болады. «Доп» анамның көңілі құлазып жүрген кезде жарыққа шықты. Оған деген қолдауды осы ән арқылы көрсеткім келді.


Репертуарыңызда сізді “Доптан” да көп танымал еткен ән бар ма?

Иә, Shiza-мен айтылған «Кока» және «Мен деп ойла» әніне жасалған кавер мені танымалдылыққа жетеледі. Бұлар «Доптан» асып түспесе де, терезесі тең келген туындылар.


Бір кездері Shiza тарапына көп сыни пікірлер айтылды әрі жазылды. Өнер адамы ретінде өнер адамын қалай қолдадыңыз?

Біз отбасылық достармыз. Мен өз қолдауымды білдірдім. Әлеуметтік желілерде де кез келген адамның қателесетінін, өнер адамының да аяғын шалыс басатын кездері болатынын айттым, жаздым.


Жақында “Кавер шоуда” өнер көрсеттіңіз. Darkhan Juzz-дің әнін таңдауға не себеп?

Шоуға шақырған кезде Darkhan Juzz өмірден өткен кезі еді. Музыкалық продюсерім Нұржан екеуміз ақылдасып, Darkhan Juzz-дің шығармашылығын орта буын әншілерін тыңдайтын тыңдармандарға таныстырғымыз келді. Жалпы Darkhan Juzz-ді жастар, орыс тілді жастар көп тыңдайды. Ал біз оны барша тыңдарманға жеткізуді көздедік. Бір жағынан Darkhan Juzz орындауындағы барлық әндер маған ұнайды. Сондықтан, «Ерікпе» әнін таңдадым.


Тірі кезінді Дарханмен қалай араластыңыз?

Жақсы араластым. Аға мен қарындастай сыйластық. Басқа қалаларға барғанда, концерттерде жиі кездесетін едік. Өмірден өтпес бұрын, бірлесіп бір туынды шығаруды ақылдасып жүрген едік. Демо нұсқасында бір ән жаздық. Бірақ ол бітпей қалды. Дархан бәрін өзі сезгендей сол әнді қыста шығарсақ деп қолқа салған болатын. Біз көктемге қалдырдық, өкініштісі, үлгермей қалдық.


Бес жылдан кейін Еңлік өзін қалай елестетеді?

Ең бірінші, бақытты, өз сүйікті ісімен айналысатын, ізденімпаз, тұрмыс құрған Еңлік болып елестетемін.


Жоспарыңыз қандай?

Қатып қалған жоспар жоқ. Жақын арада альбом шығарсам деймін. Өте әдемі, жүрекке жететін, ұзақ жылдар бойы адамдардың жүрегінде, санасында тұратын әндер жазғым келеді. Шүкірлік сезімін тудыратын әндер жазу жоспарда бар.


Сұхбатыңызға рахмет!



Сұқбаттасқан: Қарашаш Есенбай
ERNUR.KZ