Қазақтың тойындағы басқа ұлттың әндерін ысырып, өткен ғасырдың соңында «Ақ сәулем» келді өмірге. Оның халық арасына кең тарап, жүректерден орын алғанының дәлелі әлі күнге дейін осы бір әнді жиналған жастар бір шырқамай тарқамайды. Әндері халық жадында жатталған хиттардың авторы Өктем Алтаевпен телефон арқылы тілдескен едік...
Қазақтың тойындағы басқа ұлттың әндерін ысырып, өткен ғасырдың соңында «Ақ сәулем» келді өмірге. Оның халық арасына кең тарап, жүректерден орын алғанының дәлелі әлі күнге дейін осы бір әнді жиналған жастар бір шырқамай тарқамайды. Әндері халық жадында жатталған хиттардың авторы Өктем Алтаевпен телефон арқылы тілдескен едік...
- Өктем аға, қайырлы кеш! Сізді бұрын Октябрь ретінде танитын едік, атыңызды өзгертуге саясаттың әсері бар ма, әлде бала күніңізден осы есімнен қысылушы ма едіңіз?
- Бала кезімде ауылда мені Өктем деп атайтын. Октябрь деген есімді мектепке жаңадан келген мұғалімдермен танысқан кезде ғана айтатынмын, сонда орысша болғандықтан ұялатынмын. Көбінде Өктем болып жүрдім, ал мектепті бітіргеннен кейін Жетісай қаласына мәдени-ағарту училишесіне түскен кезде Октябрь деп танысып, бәрі солай атап кетті. Әскерге де солай бардым, институтты да осы атпен оқыдым. Ал Өктем болып ауысуыма басты себеп болған «Алтаевтар» жанұялық ансамблінен жеке шығармашылыққа көшкенім. Өзім Алтаевтардың көлеңкесінде қалғым келген жоқ. Бір жағынан Өктем болып қалыптасуда өз шамамды байқап көрейін дедім. Құдайға шүкір, оны қалыптастырдым. Негізі мені әжем Өктем деп атаған. Тағы бір себеп біздің тәуелсіздік алуымыз, Ұлттық, патриоттық сезімім оянып, егемендікке қуанып атымды осылай өзгерттім. Бірақ құжат бойынша өзгерткен жоқпын. Енді қазір жасымыз 50-ден асты, «ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің» дегендей әкемнің өзіме азан шақырып қойған есімімен қайта шықсам ба деп ойлап жүрмін. Қазір екі ойлымын, бәлкім болашақта қайта Октябрь болып шығуым мүмкін.
- Қазіргі шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар болып жатыр?
- Көбінде әлеуметтік желілер, телефон арқылы «Бұрынғы әндеріңізді айтыңызшы, сағындық...» деген өтініштер көп келеді. Сондықтан ескі әндерімді жаңартып, жаңғыртып 2015 жылы Республика сарайында «Қазағым» деген кешімді берген болатынмын. Ол әнді де жаңартып, сөздеріне дейін өзгертіп орындадым. Неге десеңіз, адам мақсатына жету үшін белгілі бір құрбандыққа баруы керек екен. Сол себепті мен халыққа сіңіп кеткен әндерімнің көбін өзгертіп орындадым. Ол концерттен кейін бүкіл Қазақстанды аралап, соңғы нүктесін Астанада қоямын деген ойым бар. Екі жылдың ішінде барлық жерді аралап шығуға денсаулығым шыдамайды екен, өйткені ол да адамға физикалық күш түсіреді ғой. Маңғыстау, Жезқазған, Жаңаарқа, Нарынқол, Шығыс Қазақстанға концерттерімді бердім. Енді Құдай қаласа алдымызда Тараз, Шымкент қаласында концерт берсем бе деген жоспарым бар. Өзімнің ескі әндерімді өңдеумен қатар, шәкірттерімді, соңымнан ерген інілерімді сахнаға шығаруға әрекет жасап, солармен дуэт айтып жүрмін.
- Әншіліктен бөлек, сазгерлік қырыңыз да бар екенін білеміз. Ол жақта қандай жаңалықтар болып жатыр? Жуық арада жаңа әндер тыңдаймыз ба?
- Осы жылдың басынан бері 3-4 жаңа ән жаздым. «Әпкетай», «Ағатайым», «Жаным сол» деген үш әннен бөлек, тағы екі әнге сөз жазылып жатыр. Бұйртса осы жылы 5-6 жаңа ән шығарсақ деген ниеттеміз. Халықтың құлағына сол әндерді жеткізгеннен кейін барып, жаңа концерттік бағдарламаға кірісетін шығармын. Қазір қайда барсам да менің сол 90-жылдардағы әндерімді сұрап жатады. Қандай жаңа ән жазсам да, сол әндерге сұраныс көп. Халықтың онысы дұрыс та, себебі ол кездегі әндерде шынайы махаббат, сезім, терең ой, мән бар. Ол әндерден қазақ өзіне керегін ала алады. Ал қазір ырғақтар өзгерді, сонымен қатар әндердің бояуы да, форматы да өзгеріп жатыр.
Одан бөлек қазір мен Қазақстанда бірінші болып элоктронды музыка, яғни синтезатор аспаптармен тек синтез дыбыстардан құралған сахналық музыка жазып жатырмын. «Ақ арманым», «Талпыныс» және төрт мезгілге арналған музыкалық шығармаларым бар. Бірақ ол халыққа тез жетеді деп ойламаймын. Халыққа жеңіл, биге ыңғайлы әндер жақын ғой, ал менің музыкаларым сахнаның әуендері. Ол жоғары техникалық мүмкіндікті қалағандықтан қымбат жоба болады. Ол жаңадан жазып, бір костюм-шалбар киіп, фонограммамен халықтың алдында тайраңдайтын әндер емес. Жалпы сахнаның әндері, көше мен тойдың әндері бөлек болуы керек. Қазіргі біздің эстрададағыларды бәріне жеке-дара отау беріп бөлген жөн. Біздің эстрада қазір «солянка» болып жатыр. Сахналық әнге той мен көше әндері, бұрынғы әндер де қосылып кетті. Халық оны түсінбейді, ал әншілер сахнада айтатын әндерді тойға барып айтады. Тойға келгендер тойдың әнін естуі керек. Бұрынғы «Қоғалы-ай», «Жар-жар», «Той жыры» сияқты әндер айтылса қазақи нақыш кірер еді. Ол арқылы жастардың миына ұлттық бояу кұйылады ғой. Қазір ақшаға билет сатып алып, демалайық деп концертке барсаң, жаңа тойда беттері жылтырап тұрған әншілер сол әндерін айтып жатады.
- Шатастырып жүргендердің арасында жастар көп шығар?! Осы тұста мынадай пікір бар, «Сахнадағы аға буын мен жастардың арасы үзіліп қалды. Інілер ағаны тыңдағысы келмейді, ал үлкендер оларды мойындамайды!» деп жиі айтады. Осы екі буынның үзілуіне не себеп?
- Ол байланыс тек сахнада үзіліп жатқан жоқ. Дәстүріміз өзгеріп, дінімізден айырылып қалдық. Осының бәрі үлкенді тыңдамаудан, өзімбілемдіктен шығады. Негізі бұл жерде үлкендердің қатысы жоқ. Біз де жас болдық қой, жап-жас кезімде «Қазағым» деген ән жаздым, бірақ соны тойда айтып ақша табайын, үй салайын деген ой болған жоқ. Ондай ой қазір де болмайды, мына әннен осынша ақша келеді деп есеп құрмаймын. Мен саналы дүние болса, оны халық игілігіне жаратса деген ниетпен жазамын.
Өткенде Шымкенттен бір жігіттер келді. «Мен продюсермін, мына бала әнші, осыны көтеру керек. Оған мынанша ақша құямын, сосын оны қайтарып аламын, тойда айтатын ән жазып беріңіз!» дейді. Көрдіңіз бе, қазір мына шоу-бизнеске ақшасы барлар келді. Ақша жүрген жерде өнер екінші орынға кетіп қалады. Бұл жерде үлкендерге өкпелеудің қажеті жоқ! Оларды тыңдасаң, ешқашан қор болмайсың! Шымкентте қаншама продюсерлік орталықтар, әншілер бар, бірақ олардың ешбірінде ұлттың иісі шығып тұратын рух жоқ! Халық олардың жылтыраған бетіне қарап шапалақ соғып, шығарып салады.
Осы жастардың көкірегінен итеріп, сахнадан қуған үлкендерді көрмедім. Өзімде де ондай ой жоқ, мысалы мен концерт берген кезде атақтыларды емес, жастарды шақырамын. Қайрат Нұртастың өзі ең бірінші 16 жасында Республика сарайында мен концерт берген кезде үлкен сахнаға шыққан. Біз дәстүр мен дінімізден ажырап қалғасын, буын арасындағы байланыс үзілді. Жастар өздерінше жол тапқысы келіп басын тау-тасқа ұрды. Сахнаның атына кір келтірген - өнерге үш қайнасы сорпасы қосылмайтын жастардың келуі.
Қазіргі жастарда әнде ұлттық нақыш болуы керек деген түсінік жоқ. Қырғыздың, болмаса өзбектен, қытайдан қалған ән болса да жаза береді. Ал ол әнде қазақтың иісі, құрт-май мен қазының иісі жоқ. Тойға барсаңыз жарты қонақ сыртта темекі шегіп жүреді, өйткені ана музыкалар оларға жақпайды. Музыка деген үлкен психология, әдемі сөздер мен әуендер айтылып жатса халық сыртқа шығуға ұялып отыратын еді. Ал қазір жаттанды сөз, қазаққа жат әндер. Жаңа ән шықты деген де сайттардан тыңдайын десең, осыдан 500 жыл бұрынғы ұйғыр, қырғыз әуендерінің тек сөздерін қазақшалап қойған. Сонда олардағы намыс қайда?
Өзім эстрадаға келген кезде «Неге халық қазақтың әніне билемейді?» деген ой мені түнде ұйықтатпайтын. Сосын «Ақ сәулем», «Қызыл алма», «Қу арақты» жаздым. Біз қазақтың әндерін халыққа сіңіріп болған кезде енді жастар келіп біз баяғыда шекарадан асырып қуған өзбек, тәжік, орыстың әуендерін қайтадан қазақ сахнасына шығарып отыр. Неге намыс, ұлттық сезім жоқ? Бұған жастардың өздері кінәлі!
- Бұл жерде тыңдармандардың да талғамының әсері бар шығар?
- Әрине, шоу-бизнестің құлағы, көзі жоқ, тек аузы бар. Ол біздің ұлтымызды жойып жіберуі мүмкін. Сондықтан қазір бәріміз ұлтты сақтап қалу үшін күресуіміз керек. Қазір тыңдармандардың көбінде кім теледидарға көбірек шығады, сол мықты әнші деген түсінік қалыптасқан. Ал қазіргі телеарналарда ақшаңды төлесең шыға бересің. Онда сен таза өнер адамысың ба, дипломың бар ма деп тексермейді. Сондықтан мәдениетіміз төмендеп кетті. Көрерменнің талғамы жоғары дәрежеде қалыптасуы керек. Мысалы сізге бір әнші шығып тұр, ұнамай ма, теледидарға «Әнші еместі неге шығарасыңдар?» деп хат жазыңдар. Мысалы өзбектің тойына барып ән айтқанда балалары билейін десе, қолынан тартып отырғызып қояды. Неге? Өйткені қазақтың әні айтылып жатыр. Оның талай куәсі де болып жүрмін. Сол үшін тек өнер адамдары немесе жазушылар ғана емес бәріміз патриот болуымыз керек. Ал енді қазір құдайға шүкір, жөнге түсіп келе жатыр. Бізде қазір аға, орта және кіші буын қалыптасып болды.
- Өзіңіз айтқан үш буыннан ұлттық бояуы кетпеген үш әншіні атап бере аласыз ба?
- Халық айтса қалт айтпайды дейді ғой. Халық алақанына салып жүрген жастарымыз да бар. Өте білімді, сауатты әншілер қалыптасып келе жатыр. Алдағы 5-6 жыл көлемінде эстрадада үлкен өзгеріс болады. Жалынды жастар көп, өзімнің інілерім Бақыт Алтай, Қайрат Нұртас, Серікбол Сайлаубекті атаймын. Ал өзімнен кейінгі Тоқтар Серіков, Саят Медеуов, Досымжан Таңатаровты жақсы тыңдаймын.
- Аға, сөзіңізде ұлттық болмысты жиі айтасыз. Бір сұқбатыңызда «Ғұмыры қысқа әннің шығуының басты себебі – ұлттық құнардың жоқтығы» депсіз. Сіздің ойыңызша, ұлттық құнар дегеніміз не? Ол неге жастардың бойында аз?
- Ең бірінші тойларда өзіміздің дәстүрлі халық әндерімізді орындауымыз керек. Мысалы «Дедімай- ау» деген ән бар, оны менің анам айтты, әкем, әкемнің әкесі - атам, арғы аталарым да айтты. Бұл әнмен менің жеті атамның иісі келіп тұр, өйткені оны жеті атам айтқан. Қазір мен айтсам балаларым да айтады. Одан кейін немерелерім, шөберелерім де айтуы керек. Сондықтан маған халық әндері қымбат. Ал біздікілер халық әндерін ығыстырып, фонограммамен басқа нәрсені қосып алады. Әнде қазақтың, құрт-майдың иісі шығып тұрмаса ұзаққа бармайды. Әуеннен қай халықтыкі екенін ажырата алуың керек, ал қазір біздікін тыңдасаңыз, әні қырғыздыкі не өзбектікі.
- Шыны керек, қазір нарықтың заманы ғой, өнерден басқа салада табыс көздеріңіз бар ма?
- Мен отбасымды таза өнермен асыраймын. Әншімін, композитормын, бірақ әнімді біреуге сатпаймын. Ұнаса тегін беремін, саудалап, бизнеске айналдыру керек екенін енді түсініп жатырмыз ғой. Бірақ менің өнерімнен басқа жеке бизнес көзім жоқ. Студиям бар, одан бөлек концерт, той. Әр адамның шығармашылығында шарықтау, тоқырау болады. Бірақ менде шүкір, тоқырау кезі болған жоқ. 2000 жылдары жаңа әншілер келгенде біз ысырылғандай болғанмен, қазір біздің әндер сағыныш болды.
- Балаларыңыз туралы айтып берсеңіз. Қателеспесек, қызыңыздың да сазгерлік қыры бар еді..?
- Менің төрт перзентім бар. Баяғыда өзім 15 республиканың алдында ән айтқанмын, сонда нотаны білмейтініме қатты намыстанатын едім. Сондықтан балаларымның бәріне музыкалық білім бердім. Алматыға келген кезде тұңғышым музыкалық мектепке қабылдайтын жастан өтіп кеткен еді, ал ұлымды 7 жасынан бастап сол мектепке бердім. Қазір Астанада Өнер Университетінің 3-курсында оқиды. Виолончельде ойнайды, ол классикалық аспап. Ұлым сауатты, таза өнерде, кәсіби сахнада жүрген бала. Қазір әлемдегі ең үздік сахналарда өнер көрсетіп жүр. Одан кейінгі қызым денсаулығына байланысты музыка мектебіне қабылданбады, кішкентай қызымды алғашында гимнастикаға бергенбіз, қазір ән жазып жүр. Жұбанов мектебінде оқиды. Жақында жарты ғасырлық тарихы бар мектепте алғаш рет оқушының шығармасы, яғни менің қызымның «Ортеке биі» деген шығармасы «Отырар сазының» орындауымен үлкен сахнаға шықты.
Фото: oktem_altaev
Автор: karashash_esenbay
ERNUR.KZ