«Біздің өмірімізге қауіп төнген кездер болды»
Роза Рымбаеваның ұлы, әнші, музыкант Әли Оқапов «Менің өмірім» бағдарламасында отбасылық өміріндегі барлық құпияны ашып, айтып берді.
- Әуелде әңгімелескенде «Маңызды шешімдерді өзім қабылдаймын» деп айттыңыз. Тіпті Роза Қуанышқызы да сіздің айтқаныңызға құлақ асады екен.
- Иә, ол рас. Мақтанғаным емес, үйдің үлкені мен ғой.Екіншіден, мен жиырма жасар жігіт емеспін, үшіншіден, отбасылы болдым, бір шаңырақтың иесімін. Ол кісілер маған сенеді, сондықтан мойныма жауапкершілік жүктелген. Бұндай нәрсеге айтып немесе ренжіп жеткен емеспін. Бәрі өз уақытымен, орнымен шешілді.
- Жақында сізге тағы бір жауапкершілік жүктелді, ұлды болдыңыз, әке атандыңыз...
- Ол енді үлкен жауапкершілік. Оқапов Зейін Әлиұлы 11 айға толды. Кішігірім тойын өткіземіз деп жоспарлап отырмыз, жақында 1 жасқа толады. Сол тойдың әлегімен қазір бәріміз шапқылап жатырмыз. Өзіміз сондай мерекелік іс-шаралардың басында көп жүрсек те, той істегенді онша ұнатпаймыз. Біріншіден, ол үлкен жұмыс, екіншіден, той істесең келген қонақтардың бәрі әлеуметтік желіге жүктеп, жария етеді. Бір шетінен мақтаншақтық боп кететін сияқты. Сондықтан біз ондай нәрселерден аулақпыз. Жыл сайын туған күн жасамаймыз, жақсы жаңалықтарымыз болса да қатты жария етпей, өз ортамызда атап өтеміз. Бірақ осы жолы, Зейіннің қуанышы бөлек боп тұр. Онда да дүркіретіп емес, кішігірім, 30-40 адамның басын қосып, атап өтсек деп отырмыз.
- Әли, менің байқағаным, Зейінге деген махаббатыңыз ерекше сияқты.
- Иә, енді оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бала деген басқаша, өміріңді түбегейлі өзгертеді дегенді естіп жүрсек те, өз басыңнан өткергенде тіпті ерекше сезім сыйлайды екен. Мамама да құрбылары «немере деген тәтті болады» деп көп айтқан екен. Қазір мамамның Зейін дегенде шығарға жаны бөлек. Осы, күні кеше ғана сіздің бір әріптесіңіз «Анаңыз немересін аптасына немесе айына неше рет көреді?» деп сұрақ қойды. Ол кісі аптасына емес, айына емес, күніне үш рет көреді. Таңертең, түстен кейін, сосын кешке суға түсіргенде келіп, көріп кетеді. Ата-ана мен баланың, әжесі мен немересінің арасындағы махаббаты баласы бар адамдар түсінетін шығар.
- Зейіннің есімін өзің қойыпсың, әжесі ренжіген жоқ па?
- Ол кісінің рұқсатын алып қойдым. Бірнеше нұсқа айтып, реакциясын байқадым. Біздің анамыздың тәрбиесінің ерекшелігі, бізге көп еркіндік берді. Қай мектепке баратынымызды, қай оқу орнына түсетінімізді, қандай жұмыс істейтінімізді өз еркімізге қалдырған. «Міндетті түрде мынадай боласың» деп шектемеген. Балаға ат таңдарда да «өзің шеш» деп ерікті өзіме берді. Үш есімді атадым, Сұңқар, Батырхан, сосын Зейін дедім. Сұңқар мен Батырханға көбірек бүйрек бұрып, бала туғанға дейін солай қоямыз деп ойлап келдік. Бірақ босануға екі күн қалғанда Зейін деген атқа тоқталдым. Бірақ тегін таңдарда көп ойландым. Атасының атын алып, Тасқын Зейін болса да болар еді. Ол да жақсы, бірақ екінші жағынан, Оқапов деген фамилия үшін әкеміз екеуміз талай тер төктік. Сөйтіп бір шешімге келе алмай, анамнан «Тасқын бола ма, Оқапов бола ма әлде жай ғана Әли боп қала ма?» деп сұрадым. «Оқапов деген ерекше естіледі ғой, солай қойсаң қалай?» деді. Содан Зейін Оқапов боп қойдық.
- Ал енді Зейіннің анасы жайлы айтып өтсеңіз... Қалай таныстыңыздар демей-ақ қояйын, ұсынысты қалай жасадыңыз?
- Ұсынысты тосынсый ретінде жасадым. Сыйлайтын сақинамды екі-үш аптадай қалтама салып жүрдім. Өйткені, кім біледі, аяқасты ыңғайлы сәт туып қалса, сәтті жіберіп алмайын деген ой болды. Бірақ, ондай сәт болмады. 2020-жылдың 8-шілдесінде достарымды жинап, Ақеркені алдап тауға алдырттым. Күн батып бара жатқан сәт, бүкіл қала алақандағыдай көрініп тұр. Ал менің қолымда гүл мен сақина, сол кезде ұсыныс жасадым. Ақерке сенбей, айқайлап жіберді. «Неге дәл бүгін жасадың? Менің түрім быт-шыт» деп ренжіді. Футболкамен, шалбармен келе салған ғой. «Әдемі көйлек киіп келуім керек еді» деп қатты қобалжыды.
- Сіздерді үйленеді деп ешкім ойламады, иә? Жасырып жүрдіңіздер...
- Қыз-жігіт боп жүрмей тұрған кезде біздің бір танысымыз той орталығы туралы сайтына сурет керек боп, бізге бірге фотосессия жасауға ұсыныс жасады. Танысымызды қолдайық деп түсе салдық. Ол ақ көйлекте, мен смокинг киіп алғам. Сол сурет әлеуметтік желіде тарап кетті. Біз бәріне түсіндіріп әлек болдық, «жай ғана жарнама, арамызда ештеңе жоқ» деп айтсақ та сенбей қалды. Бірақ, шынымен де сол түсірілімнен кейін арамызда бір ұшқын пайда болды.
- Мәди ініңіз де үйленетін жасқа келіп қалды, өзінің ойы қалай?
- Мәди жаңа ғасырдың, жаңа мыңжылдықтың сәбиі, биыл 24-ке келді. Негізі үйленетін жасқа жетті ғой, бірақ ішкі дүниесі, көзқарасы бойынша әлі ертелеу сияқты. Мен 29-жаста отау құрдым. Бірақ ерте есейіп кеттім. Әкемнен ерте айырылған соң сол кісінің орнын басуға тырысып, Мәдиге қамқорлық көрсетуге тырыстым.
Әкеміз өмірден кеткен соң біз үшін өте қиын кезеңдер болды. Барлығын ашып айта алмаймын, бірақ отбасымызға қауіп төнген жағдайлар да өтті. Соған байланысты тегімді үш рет ауыстырғам. Негізі Оқапов боп туылғам, кейін Тасқынұлы болдым. Сосын Рымбаев деп өзгерттім. Кейін, алғашқы төлқұжатымды аларда «Мама, енді бәрі тынышталған сияқты, біз үшін ештеңе қауіпті емес шығар. Қалай қарайсың, мен негізі Оқаповпын ғой, түрім де, мінезім дә әкеме тартқан. Сен қарсы болмасаң, құжатымды Оқапов деп алсам» деп едім. Анам қарсы болған жоқ, «өзің шеш» деп айтты.
- Бұлай ауыстыруға себеп болған нәрсені айта аласыз ба?
- Жоқ, оны айта алмаймын, өткен нәрсе өтті. Біз аман-есенбіз, арты жақсы болды, бастысы – сол. Қазір енді арада көп уақыт өтіп кетті ғой. Кей кездері «осы шынымен болды ма, болмады ма» деп сенбей, ойланып қалам.
- Бір жылдары депрессияға түсіп, дауысыңызды жоғалтып ала жаздапсыз. Оған нақты не әсер етті?
- Оған нақты мына нәрсе деп айту қиын. Бірнеше жағдай қабаттасқан сияқты. Өткен нәрсенің әсерінен арыла алмай жүргенде үстіне тағы бір жағдай жамалса, онда адамға өте қиын соғады. Депрессияға түскенмін, кейде түсіп қала берем. Бұл өмірімнің бір бөлшегі боп кетті. Өнер адамы болған соң эмоцияға, көңіл-күйге, түрлі жағдайларға түсіп жүрген де пайдалы шығар. Өйткені сол нәрселердің нәтижесінен жаңа әндер, шығармалар, идеялар туады.
Ондай жағдай болған, психосоматикалық тұрғыдан дауысымды жоғалтып алдым. Әлі күнге дейін даусым толық қалпына келген жоқ. Дауысқа қатысты мамандардың бәріне бардым, «бәрі жақсы, ештеңе жоқ» деп айтады. Барлығы миға қатысты боп тұр. Кейде өз-өзіммен сөйлесіп, сырласып, дауысымды қалыпқа түсіріп, жаздыратын әнімді жаздырып алам. Тіпті кейде ән жаздыратын күні дауысты жұмсартатын, шығаратын дәрілерді салдырам. Сондай енді, депрессия денсаулыққа әсер етті.
- Ауырмаңыз, аман болыңыз! Шығармашылық табыс тілейміз!
Сұхбатты «Ютуб» арнасынан ықшамдап жазған - С. МАҚҰЛБЕК.