Рысбала Икрамбай: "Қалаулымға" үміткер болып жүргенде бір түн жыладым..."

0
22 469

​Эфирге шыққалы жыры бітпеген «Қалаулымның» сіз бен біз білмейтін құпиясы көп-ақ. Онда қатысқан әрбір үміткердің әртүрлі мақсаты бар екені де айқын. Осы хабардың алғашқы бөлімдерінде қатысқан Рысбаланы көпшілік әлі ұмытқан жоқ, керісінше оны танитындардың саны артып келеді. Сонда өзінің бақытын кездестіріп, қазір той дайындығында жүрген Рысбаламен кеше телефон арқылы аз-маз сұқбаттастық.


Рысбала Икрамбай:

Эфирге шыққалы жыры бітпеген «Қалаулымның» сіз бен біз білмейтін құпиясы көпқ. Онда қатысқан әрбір үміткердің әртүрлі мақсаты бар екені де айқын. Осы хабардың алғашқы бөлімдерінде қатысқан Рысбаланы көпшілік әлі ұмытқан жоқ, керісінше оны танитындардың саны артып келеді. Сонда өзінің бақытын кездестіріп, қазір той дайындығында жүрген Рысбаламен кеше телефон арқылы аз-маз сұқбаттастық.

- Сәлем, Рысбала! Қалыңыз қалай? Сұқбатқа келіскеніңіз үшін рақмет, әңгімені соңғы жаңалықтарыңыздан бастасақ. Кеше бір түсірілімде болатыныңызды айтып едіңіз?

- «Қалаулымнан» кейін әртүрлі бағдарламаларға ұсыныстар болып жатыр. Пікір айтыңыз, тіл жайындағы конкурстарға әділ-қазы болыңыз деп шақырады. Бірақ шынымды айтсам, ондайға өзімді лайықты көрмеймін, сондықтан мұндай бағдарламаларға көбіне келісім бермеймін. Жеке бағдарлама жүргізуге ұсыныс түскен, әзірге оның сенарийі жазылып жатқандықтан, ашық айта алмаймын. Ал жарнамалық түсірілімдерге де ұсыныс өте көп. Шынымды айтсам, қайта-қайта жылтыңдап көріне бергенді ұнатпаймын, тыныш жүрген ұнайды. Қазір мендегі уақытша тыныштықтың себебі жазылып жатқан бағдарламаға дайындық, одан кейін тұрмысқа шығайын деп жатырмын.

- Жақсы жаңалық екен, құттықтаймыз! Қашанға жоспарлап отырсыздар?

- Ол жоспар біраздан бері бар (күліп). Ұсыныс жасалған, мен келісімімді бергенмін. Шынымды айтсам, дүркіретіп ұзату жасағанды қалап жатқан жоқпын, бірақ менің отбасым ұзатып салғысы келеді. Той күнін әлі келісе алмай жатырмыз. Бірақ үйлену тойы Алла бұйыртса басқа елде болады. Ол жақта да дүркіреген той болады деп айта алмаймын, бірақ өзіміздің ағайын-туыстарымызды алып барып, сол жақта бір керемет күндерді өткізсек деп отырмыз.

- Неге шетелде өткізуді ұйғардыңыздар?

- Оны менің болашақ жолдасым солай деп шешті. Бұйыртса Тай елінде өтеді деп жатыр. Алла бұйыртса, наурыздың аяғы немесе сәуірдің ортасында болады.

- Мен сізге хабарласқан екі нөмірге де бірінші сол кісі жауап береді. Толықтай сол кісінің иелігіне өтіп кеттіңіз бе?

- (Күліп) Жоқ олай емес! Себебі бұл екі нөмір де менің жеке нөмірім емес. Қазір телефонға жауап бергім келмейді, әлеуметтік желідегі парақшаларымда да, өнерімде де кішкене тыныштық. Неге десеңіздер, өйткені біз әсіресе, қыздар жағы сырттай батыр болғанымызбен, іштей нәзікпіз. Адамдардың жағымсыз сөзін қанша естігім келмесе де, көңіліңе алмайын десең де, бәрібір ол әсер етеді, жүрегіңнің бір бұрышында қалады. Сол «Қалаулымда» жүрген кезде көптеген негативтер болды, сондықтан кішкене демалып жүрмін. Жақында денсаулығыма байланысты ауруханаға жатып шықтым.

- Қазір бәрі ойдағыдай ғой?

- Аллаға шүкір, қазір бәрі жақсы. Бірақ жоғарыдағы себептерден телефонға жауап бергім келмейді, желіге сурет салуға, пікірлерді оқуға зауқым жоқ. Бұл кішкене демалыс, дауыл алдындағы тыныштық сияқты. Өзім солай ойлаймын! Алда әлі талай дауылдардан, талай белестерден өтеміз деген ниеттемін.

- Енді әңгімені жаңа өзіңіз айтқан «Қалаулымға» қарай бұрсақ. Қалаулымға келетін қыздар арнайы іріктеуден өтетін шығар?! Өйткені жар іздегеннің бәрін шығара бермейді ғой. Сіз қалай келдіңіз?

- Иә, негізі «Қалаулымға» үміткер болу үшін арнайы сайт бар, соған кіріп, өзіңнің анкетаңды толтырып, қай қатысушы ұнайды, соған қатысты сұрақтарға жауап беру арқылы барасың. Үміткерді халық ұнатып жатса, кейін қатысушы етіп шақырады. Мен шынымды айтсам, қазіргі жарыммен «Қалаулым» бағдарламасы арқылы кездестім. Ол кісі сол жерде жұмыс істеп жүрді, екеуміз екі жылдан бері бір-бірімізді білеміз, бірақ дос ретінде ғана болатын. Ал «Қалаулымға» ол менің актриса болғым келетінін білетіндіктен, мені актриса ретінде шақырды. Өзі шақырып, өзі алып кетті ғой (күліп). Бұл жайында ешкімге айтпап едім.Ол маған: «Осындай бір бағдарлама болып жатыр, қазір сол жерде жұмыс істеп жатырмыз, қызықсаң кел!» деді, мен бардым. Шынында өтірікпен ұзақ уақыт жүре алмайсың ғой, ол жерге жар іздеп емес, пиар үшін бардым. Бір жағынан тәжірибе жинау керек, оны халықтың алдында да мойындадым.

- Бұл жобаға қатысқаныңызды жақындарыңыз қалай қабылдады?

- Маған анам өте қатты ренжіді, тіпті екі аптадай сөйлеспей қойды. Бірақ неге барғанымды түсіндіріп, кешірім сұрадым. Негізі барайын деп жатқанда, «Осындай жоба, көптеген пікірлер айтылады, оның сіздерге еш қатысы жоқ! Құдай сақтасын, бірақ қандай күн туса да оған сіздер кінәлі емессіздер! Сіздер маған дұрыс тәрбие бердіңіздер, әрі қарай жақсылық істесем де, жамандық істесем де ол менің өзімнен. Ол жерде маған қандай сын айтылса да көңілдеріңізге алмаңыздар, менің ұсынарым ол бағдарламаны көрмей-ақ қойыңыздар!» деп айтқанмын. Бірақ бәрібір көрді, ренжіді, ондағы қатысушыларды менің отбасым мүлде жақтырмайды. Дегенмен анам менің мінезімнің қандай екенін біледі. Бір жағынан «Қалаулымға» қатысушы болып барғанымда менде бір ыза, кек болған шығар?! Өйткені сол жердегі адамдардың мені бірден жерден алып, жерге салып жатқандығы, «тәрбие көрмеген» деген сөздері сеп болды. Ал мен сендерге «тәрбие көрмегенді» көрсетемін деп, қатысушы болып бардым. Сол үшін де мен оларға қатты сөйлейтін шығармын?!

- Қазіргі қатысушылармен ара-қатынасыңыз қандай?

- Мен үміткер болып барған кездегі қатысушылармен қандай болғанымды, олардың қалай теріс қабақ танытқанын барлық көрермен біледі ғой. Содан кейін мен де қасарыстым. Бірақ кейін сол кезде қарсы сөйлеген ұл-қыздармен кәдімгідей дос болып, бір дастарханнан шәй ішетін болып кеттік. Енді адамды бір көргеннен тани алмайды ғой, мүмкін ол кісілер де қателескен шығар, мен де қатты кеткен шығармын?!

- Сондай уақыттарда «Қалаулымға» неге келдім деген ой мазалаған шығар?!

- Шынымды айтсам, үміткер болып жүргенде бір түн жыладым... «Мен не істеп қойдым?» деген сұрақ тұрды. Олардың күндесі ме едім, болмаса алдындағы асын тартып алып кеткен адам ба едім, жеті қайнаса сорпасы қосылмайтын адамдар маған неге олай сөйлейді? «Менің кінәм не?» деген сұраққа жауап іздедім. Менің кінәм - сол тілімнің ұзындығы мен ащылығы. Мүмкін қызғаныш та болған шығар, қазір мынау-мынау деп айта алмаймын, кейін жақсы араласып кеткендіктен жабулы қазанды ашқым келген жоқ. Бірақ сол жерде қатысушы болған екінші күні маған біреу сөйлегенде, эфирден қатты айқайлағаным бар, одан кейін маған ешкім сөйлеген жоқ (күліп).

- Сол хабардың бірінде атақты Замира ханыммен сөзге келіп қаласыз. Қазіргі қатынастарыңыз қандай?

- Мммм, иә, ол кезде мен мүлде түсінбейтінмін... Мен мынаған қарсымын, мысалы менің әкем 7 жыл бұрын дүниеден өтті. Сол кезде анам еш жерде жұмыс істемейтін, шынымызды айтсақ үйде әкемізден басқа ешкім табыс таппайтын. Біз алты ағайындымыз, бірақ шешеміз бізді тастаған жоқ! Ол «Мен екінші көктемімді іздеймін, бақытымды іздеймін» деген жоқ! Керісінше, біз «жассыз ғой, тұрмысқа шығыңыз» дегенімізде «Анасына қарап қызын ал» деген, ертең сендер тұрмысқа шыққан кезде отбасың туралы сұрайды, ең бірінші қыздың анасы сұралады. Сол кезде бірінші күйеуі қайтыс болғаннан кейін, балаларын тастап екінші күйеуге шыққан деген сөз естігендеріңді қаламаймын. Менің бір көктемім болды, папаларыңды жақсы көрдім. Алты бала сүйдім, ешкімнен кем болып жатқан жоқпын, қандай жағдай болса да балаларыммен боламын!», - деп соңғы сөзін айтты. Содан кейін мен анама тұрмысқа шығу туралы айтпайтын болдым. Мен балаларын тастап, екінші рет күйеуге шығып, ол күйеуінен балалары зәбір көріп жатқаны ( мысалға келтірсек қазір ондайлар көп), туралы жайттарды жек көретінмін. Ал Замира тура сондай болатын. Мен оны талай айттым да, сөзге де сол үшін келіп қалатынбыз. Бірақ енді ол қыздың тәрбиесі бөлек, қалада өскен. Қазір ол екеуміздің сәлеміміз дұрыс.

- Жаңа өзіңіз айтқандай, жарыңызбен таныс болғандарыңызға екі жылдан асыпты. Оның неге сіз «Қалаулымға» барған кезде, қалауы ашылыпты, сұрап көрдіңіз бе?

- Негізі былай болған шығар деп ойлаймын, ол кісі кішкене орыс тілді жігіт. Қарағандының тумасы болғандықтан оның түсінігі бөлек, менікі мүлде басқа. Бұрын бір бағдарламаның түсірілімінде танысқанбыз, кейін бір-бірімізді көріп жүрдік, желілерде сөйлесіп тұратынбыз. Бірақ бір-бірімізге деген сезім, мына жігіт ертең маған сөз салады екен деген ой болмапты. Өзім жігіттермен жақсы сөйлескен соң ба, бәрін бір бауыр, аға етіп аламын. Қыз сияқты сызылып жүрген ұнамағаннан кейін бе, мен оған «брат-брат» деп жүретінмін. Сөйтіп «Қалаулымға» келгесін мен екі жарым айдай жүрдім, бір күні ол жігіт маған бірге тамақтануға ұсыныс жасады. Бардым, екеуміз біраз сөйлестік. Білмеймін, сол кезден көзқарасымыз өзгеріп кетті, менің жанымды түсінетін азамат сол жігіт болған сияқты. «Сүт сұрап келіп, кесеңді жасырма» дейді ғой, сол сияқты пиар іздеп барсақ та, бәрібір қызға жар керек қой. Сондықтан көп ойланған жоқпын, 3-4 кездескеннен кейін бірге боламыз деп шештік. Сіздің сұрағыңызды мен де одан сұрағанмын. Ол: «Қалаулымдағы» бір сөзің ұнап қалған, содан кейін ойлана бастадым», - деді. Аша ханым бірде менен «Болашақта жігіттің әке-шешесімен бірге тұруға қалай қарайсың?» деп сұрағанында, «Менің екі інім, жалғыз анам бар. Ертең анам соның біреуінің қолында тұрады. Болашақта келінім анама келіп ауыр сөздер айтқанын қаламаймын. Не істесең, алдыңа сол келеді дейді, өзімнің жарымның анасына қаншалықты сыйластықпен қарасам, ертең менің келіндерім де анама солай қарайтын шығар деп ойлаймын. Сол себепті ешбір ананы бөліп жарғым келмейді, ананың жаманы жоқ!» деген жауабым ұнапты. Одан кейін «Қалаулымда» ұрсып, айқайлап жүрдім, соған ғашық болып қалған шығар?!

- Болашақта өзіңіз ата-енеңізбен тұрасыз ба?

- Иә, себебі үйдегі жалғыз ұл ғой. Бұйыртса, бірге тұрамыз. Ол кісілер қазір Қарағандыда, ертең отбасын құрған соң осы Алматыға алып келеміз.

- Осы «Қалаулымға» қатысу үшін жігіттерді өзіңіз апаруыңыз керек, әрі оларға ақша төлейді деген әңгіме шығып жүр. Сізді үміткер ретінде шақырғанда, қандай да бір қаламақы төлеген шығар?

- Тааак... «Қалаулымға» қатыссаң жігіттерді өзің алып келесің деген өтірік! Жалпы мен бұл сұракка жауап бере алмаймын.

- Соңғы сұрақ ретінде қойғым келеді, білуімше Оңтүстіктің қызысыз. Мен де Оңтүстіктенмін. Біздегі түсінік басқаша, байқасаңыз сол бағдарламаға қарсылық білдіргендердің дені де осы жақтан. Сізде де сол түсінік бар деп ойлаймын. Өзіңіздің бағдарламаға деген адами көзқарсыңыз қандай?

- Иә, көбінесе қарсы шығатын Оңтүстік пен Батыс. Ол жақтарда әлі қазақылық бар. Ал «Қалаулым» қазақы ментелитетке мүлде сай емес бағдарлама. Иә, мен де Оңтүстіктің қызымын, бірақ кішкентайымнан өз дегенімді бәрібір істейтінмін. «Қалаулым» менталитетке сай емес бағдарлама, бірақ менің айтатыным «Қалаулым» болып жатыр, ұл-қызыңызға дұрыс тәрбие бергіңіз келе ме, қаламасаңыз бағдарлама болып жатқанда өшіріп тастаңыз! Ол сіздің меншігіңіздегі дүние. Ұнамай ма, тыйыңыз. Ол бағдарлама болып жатыр, біреулер ақшасын, бірі пиарын жасап, біреуі бақытын тауып жатыр. «Қалаулым» жабылсын деген кез-келген көрерменге соны айтамын, ал «Қалаулым» ұнайды дейтіндер әрі қарай көре берсін. Мен сондаймын, маған ұнамайтын нәрсеге мүлде жоламаймын, ұнайтын дүние болса әрі қарай жүре беремін...

- Онда былай сұрайыншы, ертең сіздің балаларыңыз «Қалаулымды» көріп отырса, теледидарды өшіріп тастайсыз ба?

- Егер болашақта қызым «Қалаулымға барамын» десе қарсы болар едім. Кез келген азаматта қызғаныш болады, менің жарым ол бағдарламаны түсінсе де, кейде арамыздағы түсініспеушілік соның кесірінен болады. Сондықтан да мен қыз баласына ол жаққа бару... білмедім енді...

- Жақсы, ойыңызды түсінген сияқтымын... Рақмет, Рысбала! Өміріңізге де, өнеріңізге де табыс тілеймін!

Қарашаш Есенбай,

WWW.ERNUR.KZ