"Шенеуніктер қазақ тілінде сөйлемегенде өзің ұяласың": Қазақ тілін жетік білетін орыс қызымен сыр-сұқбат

0
6 095

​Марина Сахарова - "Евразия" бірінші арнасының журналисі, қазақ тілін жетік білетін орыс қызы.


Қарашаш Есенбай: Марина, өзіңіз туралы айтқанда маған бірден «Қазақ тілін сүйіп-құрметтейтін қарапайым орыстың қызы» деген теңеу келеді екен. Өзіңіз де желіге осылай анықтама жазып қойыпсыз. Қазақ тілін қай кезде, қалай үйрендіңіз және отбасында да қазақ тілінде сөйлейсіздер ме?


Марина Сахарова: «Қазақ тілін сүйіп, құрметтейтін орыстың қарапайым қызы – мен (күліп). Өзім туралы айтар болсам, жалпы қазақ тілін қай жасымда үйренгенімде есімде жоқ. Туғаннан білетін сияқтымын.

Біз үйде бес қызбыз, мен төртіншісімін. Үлкен әпкем алғашында орыс сыныбына барған еді, бірақ кейін сыныптастары Ресейге көшіп кетті. Әпкем жалғыз қалып қойғандықтан орыс сыныбын жабуға тура келген. Сосын оның қазақ сыныбына баруына тура келді, оның артынан ерген біз де қазақ тілін үйрене бастадық. Осылай әпкемнің және ауылдағы көршілеріміздіз арқасында мектепке бармай-ақ қазақ тілін үйреніп алдым. Ал ата-анамыз қазақ тілін білмейді, тіпті түсінбейді де. Бұрын үйдегі бес қыз құпия-сырларымызды қазақ тілінде айтып отыра беретінбіз, өйткені олар түсінбейді ғой (күліп). Анам жеті жыл бұрын өмірден өтті, ал әкем Павлодарда тұрады. Қазір де отбасында екі тілде сөйлесе береміз.

Негізі қазақ ауылында туып-өскеніме қуанамын, мақтанамын. Себебі ауылда тумасам менің тәрбием мүлде басқаша болар ма еді?!


Қарашаш Есенбай: Қазақша сөйлей алмайтын қазақтар баршылық. Әсіресе жоғары лауазымда отырғандардың көбі қазақшаға шорқақ. Жақында депутаттардың ант беру рәсіменен тараған видеолар осыған дәлел бола алады. Шыныңызды айтыңызшы, сондай кезде сізге қандай ой келеді?


Марина Сахарова: Негізі Қазақстанда тұрғаннан кейін қандай ұлт өкілі болмасын қазақ тілінде сөйлей алуы тиіс деп ойлаймын. Бұл - біздің парызымыз! Жоғары лауазымдағы шенеуніктер қазақ тілінде сөйлемегенде өзің ұяласың. Себебі олар халық қалаулылары ғой, оларды халық тыңдап, үлгі алуы керек. Сондықтан олар міндетті түрде қазақ тілінде сөйлей алуы тиіс деп ойлаймын. Шынымды айтсам, сол тараған видеоларды көргенде жылағым келді. Көпшілік оны күлкіге айналдырды ғой, керісінше бұл жылайтын жағдай. Білмеймін, бәлкім олар жақсы мамандар шығар, десе де ел алдында қазақша сөйлеуі тиіс.



Қарашаш Есенбай: Қазір сізді «Евразия 1» арнасынан көріп жүрміз, оған дейін де журналистикадан алыс емес едіңіз. Концерт жүргізушісі ретінде де жақсы білеміз. Жалпы шығармашылық салаға келуіңізге не әсер етті?


Марина Сахарова: Сахнаны жанымдай жақсы көремін! Сағындым, қазір ешқандай концерт жоқ қой. Микрофонды, көпшілік алдында сөйлегенді ұнатамын. Сондықтан мына пандемия тезірек аяқталып, тойымыз бен концертіміз басталсын деп тілеймін.

Негізі журналист боламын деп ойламадым, армандаған да жоқпын. 9 сыныпты тәмамдап, педагогикалық колледжге аудармашы мамандығына грантқа түстім. Шынымды айтсам, жоғары оқу орнына түсемін деген ойым болған жоқ. Өйткені өзіме сенімсіз едім, ағылшын тілін де жетік меңгермедім. Бірақ сол кездерде біздің колледжге ЖОО-нан мамандар жиі келіп, өз оқу орындарының жарнамасын жасайтын еді. Бірде қазақ филологиясынан келген мамандар мені конкурстан көріп, өздеріне оқуға шақырды. «Өзіңізді жақсы көрсетсеңіз, ректор грантына ұсынамыз» деді, солай ойламаған жерден ЖОО-ның студенті атандым.

Сонда Владимир Александрович деген мықты профессор ұстазымыз болды, әлі күнге сол жерде жұмыс істейді. Өзі неміс ұлтының өкілі, бірақ қазақша судай. Ол кісі туралы тоқтаусыз айтуға болады, оның сөйлегенін де сүйсініп отырып тыңдайтын едік. Сол кісінің арқасында тегін оқыдым. Әрине, ең бірінші кезекте тіл білгенімнің арқасында жоғары оқу орнын бітірдім.

Бірінші курс оқып жүрген кезімде облыстық «Қазақстан-Павлодар» телеарнасы, әкімдік тапсырмасы бойынша өзге ұлт өкілдерін жұмысқа алатын болды. Кастинг жарияланып, оған 7-8 өзге ұлт өкілдері қатыстық.Қолыма берген бір парақты оқып бердім, оны режиссер тыңдап, сосын мені бастыққа көрсетті. Олар менің кандидатурамды мақұлдап, ертесіне эфирге шығатынымды айтты. Әрине, тікелей эфир емес, бірақ сонда да қатты қобалжыдым. Бірақ сол кезде телеарнада жұмыс істегім келетін түсіндім. Солай, екі күн таспамен, ал үшінші күні тікелей эфирге шығып кеттім. Содан бері міне, 10 жыл өтті.


Қарашаш Есенбай: Марина, Нұр-сұлтанға келіп, қалай жұмысқа орналасқаныңыз есімде. Әдетте «Экранға шығатын қыздарға таныс керек» деген таптаурын бар ғой. Сол туралы не айтар едіңіз?


Марина Сахарова: Павлодардағы телеарнада 8 жыл жұмыс істедім, одан кейін үлкен қалаға келіп, респуликалық арналарда жұмыс істеуді мақсат еттім. Қазір 2 жыл болды Нұр-сұлтанға көшіп келдім. Алғашында қызым екеуміз құрбымның үйінде тегін тұрдық. Олар мені өз қызындай көріп, қолдау білдірді. Оларға алғысым шексіз! Бастапқы жарты жылда жұмыссыз жүрдім, кейіннен «Евразия 1» арнасына жұмысқа орналастым. Бұл саланы тастағым келмейді, «112» бағдарламасын жүргіземін ғой, онда қылмыс пен зорлық-зомбылық туралы айтамыз. Қорқынышты болғанымен адамдар сақтану үшін мұндай ақпараттарды жеткізген дұрыс деп есептеймін.



Қарашаш Есенбай: Өткендегі Жамбыл облысында болған жайт, кешегі Түркістандағы оқиға әрбір қазақстандыққа оңай тимеді. Өзіңіз де жас анасыз, кішкентай қызыңыз бар. Біздің қоғамда кішкентайлардың қараусыз қалып кетуіне, көбінің зорлық-зомбылыққа тап болуына не себеп болып отыр деп ойлайсыз және оны шешудің қандай жолдарын ұсынар едіңіз?


Марина Сахарова: Иә, елде болған соңғы оқиғалдар жан түршігеді, айтудың өзі ауыр. Кішкентай періштелерді ойлап, әлі де жүрегім ауырып тұр... Ол отбасының жақындарына көңіл айтамын!

Біздің қоғамда балаларын қараусыз қалдырып кету жиі кездеседі, себебі бәріміздің жұмысқа баруымыз керек. Өзім де қызым екеуміз ғана тұрамыз ғой. Бірақ, Құдайға шүкір алдындай көршілерім бар. Қазір бірінші сыныпқа барып жүр, мектебіне өзім алып барамын, ал сабақтан қайтатын кезде көршім өзінің баласымен бірге алып қайтады. Ол кісілерге де шексіз алғыс білдіремін. Өзім күн сайын сағат 16:00 дейін жұмыста боламын, одан кейінгі уақытымды қызыма арнаймын. Екеуміз бірге киноға барамыз, кітап оқимыз, серуендейміз. Қызыма көп көңіл бөлгім келеді


Қарашаш Есенбай: Соңғы сұрақ болсын, қазір сөз байласып жүрген жігітіңіздің ұлты қазақ екен. Жалпы қазақы салт-дәстүрді ұстанып, келін болуға дайынсыз ба?


Марина Сахарова: Қарашаш, өзімнің жеке өмірімді жариялағым келмейді. Сондықтан дақұпияда болсын. Иә, сүйген жігітім бар десем болады!


Қарашаш Есенбай: Жақсы, көп рақмет! Марина, сізге тек жақсылық тілеймін