Танымал продюсердің нумерологияға келуіне Тамара Асар себепкер болған

0
3 186

Айгүл Махатова - әнші-продюсер, психолог, нумеролог.


Танымал продюсердің нумерологияға келуіне Тамара Асар себепкер болған

Жаратушы әйелді әлсіз әрі қайратты етіп жаратқан. Тіршілік атаулы пайда болғалы оған дәлел де тізіліп келеді. Оның бір қырынан қарасаңыз тек сүю үшін жаралған нәзік әлемді көрсеңіз, екінші қырынан тағдырының шығын бағындырған қайсар әйелді көресіз.

Менің бүгінгі кейіпкерім де жүрегі нәзік, болмысы нәзік, бірақ тал бойына бар білімді жиып отбасы мен мансаптың ескегін қатар есіп келе жатқан – Айгүл Махатова.

Алып Алматының орталығындағы «DANALI» продюсерлік орталығының басшысымен сұқбаттасу үшін орналасқан ғимаратқа бас сұқтық. Біз барған күні орталықтың туған күні екен, сондықтан әңгімеміз дәл сол күні екі жасқа толған аталмыш мектептің ашылу тарихынан басталып кетті...

Айгүл Махатова:«Продюсерлік орталықтың ашылуы өзімнің қызымнан басталды. Қазір он алтыға келді. Алғаш жеті жасында ән айта бастаған кезде дауысының жақсы екенін, мультфильмдердегі әуендерді айнытпай орындайтынын байқадым. Сосын түрлі коммерциялық конкурстарға қатыстыра бастадым. Сол кездерде өте мықты оранжировка жасайтын жігітке барғанбыз, сол жігіт бізге «Сіз коммерциялық конкурстарға бармаңыз, онда тек ақша. Балаңыздың музыкалық қабілеті жақсы, арнайы музыкалық мектепке беріңіз» деп кеңесін айтты. Сол кезде қызымды бірінші сыныпқа дайындап жүрген кезім еді.

Арасы бір аптаның ішінде отбасымызбен кеңесіп, қызымызды Ж. Әубәкірова атындағы авторлық мектепке бердік».

Қызының әнші болуы ананың сүтімен дарыса керекті. Өйткені мектептегі Айгүл балалардың алды еді. Ән шырқап, домбырада ойнайтын қыз қандай концерт болмасын топтың алдында жүретін еді. Қызы Дана Әли де бір кездері Испанияда өткен халықаралық байқауда «Джаз вокалы» аталымындаөзіне ешкімді теңестірмегені елдің есінде.

Алғашында балалары мен жарының бабын жасап үйде отырған Айгүл негізгі мамандығы дәрігер екеніне қарамастан, қызының қамы үшін өнер әлеміне еніп кетеді. Қазір Алматыдағы П.Чайковский атындағы музыкалық колледждің студенті болған Дана Әлидің шығармашылығы үшін ресми түрде продюсерлік орталықты ашады.

Айгүл Махатова: «Бұл жер продюсерлік орталық әрі музыкалық мектеп біріккен орта. Продюсерлік орталықтың негізгі мақсаты - қызымның өнерін дамыту, қалыптастыру. Анасы ретінде де, продюсер ретінде де осыны мақсат еттім. Ал күйеуім бізді қаржылай қолдаушы (күлді). Екіншіден, үлкен кеңсенің бос тұрмауы үшін мектеп аштық. Аспаптар сыныбында домбыра, фортепиано және гитара аспаптарын үйренуге болады. Одан кейін вокал мен актерлік шеберлік, би студиясы бар. Одан соң әрине дыбыс жазу студиясы бар. Негізгі мақсатымда осылай барлығын бір жерде топтастыру болатын. Өйткені бұрын қызымды бір жерге вокал сабағына алып барсам, дауыс жазу үшін екінші жерге алып баруға тура келетін. Ал қазір мұнда кез келген адам келіп өзінің өнерін дамытып, сабақтар алып, әрі дауысын да жаздыра алады».

Дауыс жазу студиясының ашылуы еліміздің танымал жұлдыздарымен байланыс орнатудың тамаша мүмкіндігі болды. Өйткені көптеген жұлдыздар қазір өзәндерін осы студияда жаздырады. Олардың қатарында Роза Рымбаева, Арман Дүйсенов, Тамара Асар сынды ел сүйіктілері бар. Әрине танымал өнер адамдарының келуі «DANALI» орталығының да дамуына әсер етіп жатыр. Тағы бір қызығы продюсердің нумерология іліміне қызығушылығын оятқан танымал әнші Тамара Асар екен. Әрі бойжетіп келе жатқан қызының мінезі де себеп болса керек-ті.

Айгүл Махатова: «Әуел бастан қызымның қандай конкурсқа қатысатын, қандай ән орындайтынын мен таңдайтымын. Қызым ешқашан шешіміме қарсы келген емес, ол үшін оған рақмет! Бірақ соңғы жылдары қызыммен тіл табысу аздап қиын бола бастады. «Қызыммен қалай сөйлесу керек?» деп ойланып жүргенімде студияға Тамара Асар келді. Сол кісі себепші болып осы нумеролоия ілімімен таныстым. Тамара ханым сол кезде «Қызыңыздың табиғаты әншілікке дәл келе ме, есептетіп көріңіз»-, деді. Өзі мықты маманның да нөмірін беріп, жол сілтеді. Сол кезде маманның айтқаны: «Қызыңыз шығармашылық адамы, бірақ әнші емес. Оған «музыкант» мамандығы құба-құп келер еді».Сосын үйіме келіп қызымнан сұрасам, шынында әнді аса қаламайтынын айтты. Бірақ өзі фортепианода ойнайды, музыканы жақсы көреді. Сондықтан ән айтуды жалғастыратын болды. Осылай нумерология ілімін де қызым үшін игеріп шықтым».

Бір қызығы, Шым қалада туған қыз Алматыда оқу бітіріп туған елде екі жыл қызмет етеді. Сонда дәрігер-терапевт маманы кенеттен психолог болып шыға келеді. Ол туралы өзі «Тағдырдың жазуы солай болған шығар, өзім психологияға бір табан жақын жүретінмін. Студент кезімде астрология, психология туралы журнал-кітап көрсем соңғы тиыным болса да сатып алатынмын. Оны сол күні оқып тастамасам көңілім жай таппайтын»-, деп күлді.

Үш баланың анасы соңғы кезде өзі де ән айтып, көпшілікті баурап жүр. Жарына арнаған «Шыңым менің» әні жұбайлардың сезімін, сенімін бір әнге сидырып тұр. Біз «Шыңым менің» сөзін сәл бұрып, сөз соңында продюсерден «Өмірде өз шыңыңыздың биіктігін қай жерден көресіз?» деп сұрадық.

Айгүл Махатова: «Бұл сұраққа жауап беру үшін алдымен кішігірім психологиялық ойын ойнасақ. Сен өзіңе қатты ұнайтын үш жануарды аташы... Және қай қасиеттері үшін ұнатасың?».

Бұл сұрағына «Ең бірінші, әрине қасқыр! Өйткені мен өзімнің Көкбөрінің ұрпағы екеніме сенемін, сол үшін де қасиетті аң. Одан кейін жұбына адалдығы мен жанарының сұлулығы үшін жақсы көремін. Ал екінші барыс - ол байсалды, сабырлы, көрікті. Одан кейін - арыстан. Ол да өте байсалды аң, келбетті, әділ, аң ғой. Жалпы маған жүрісі жеңіл, қу деп сипатталатын түлкі сияқты аңдар ұнамайды» деп күліп жауап берген едім.

Айгүл Махатова: «Жақсы енді тыңда, үшінші айтқаның арыстан – бұл елдің сен туралы ойы. Сені жұрт солай көреді, ал шын мәнінде сіз – барыс сияқтысыз. Ал болашақта қасқыр сияқты болғыңыз келеді. Атаған үш аңыңыздың да келбеті, сипаттарв ұқсайды екен. Бәрі байсалды, бас болып үйренген аңдар ғой...

Мен мұны не үшін айтып отырмын, сіздің сұрағыңыздан шығып отыр. Осы тестті бір жыл бұрын маған бір нумеролог жасаған еді. Сонда мен жылқы деп жазыппын, яғни көлік сияқты екенмін. Бір қолым рөлде, бір қолым қазан-табақта, бірақ адамдардың досымын, ал ел мені «бұғы» сияқты деп ойлайды екен. Мен үшін бұғы сұлу, кіршіксіз таза аң. Ал бірінші жазғаным «Сұңқар» болыпты. Өйткені ол өте биікте ұшады, еліміздің символы іспеттес. Сол «Сұңқарды» бекер жазбаған шығармын, өзімді биіктен көргім келеді....

Журналист Бауыржан Үсеновтың, «Сұңқар-қиял, ал енді самға, самға,
Сүйегіне иеңнің таңба салма.
Жеті қабат көкке кет, Зарыққанда
Жерге келіп қонарсың анда-санда» деген әдемі өлеңін еске алып, Айгүл Махатованың да көкте самғауына тілектес екенімізді білдеріп, жылы қоштастық...


Фото: ERNUR.KZ

Автор: @karashash_esenbay

ERNUR.KZ