Зарина НҰРЖАНОВА, вайнер: "Инстаграм парақшамды бұзғандар оны 200 долларға сатпақ болды..."

0
6 379

Зарина Нұржанова. Танымал вайнер, «Бала дауысы-2017» байқауының жеңімпазы. Қарашаш Есенбай: Сәлем, Зарина! Қалың қалай? Сенің 13 жаста екеніңді, вайн түсіретініңді ғана білеміз. Сондықтан алдымен, өзіңмен жақынырақ таныссақ? Зарина Нұржанова: Жақсы, рақмет! Иә, менің жасым 13-те. Толық аты жөнім Зарина Нұржанова Қайсарқызы. Әкем жеке кәсіппен айналысады, ал анам үйде, есімі-Гүлжан. Отбасында үш қызбыз, әпкем-Салтанат және Нейла есімді сіңілім бар.


Зарина НҰРЖАНОВА, вайнер:

Зарина Нұржанова. Танымал вайнер, «Бала дауысы-2017» байқауының жеңімпазы.

Қарашаш Есенбай: Сәлем, Зарина! Қалың қалай? Сенің 13 жаста екеніңді, вайн түсіретініңді ғана білеміз. Сондықтан алдымен, өзіңмен жақынырақ таныссақ?

Зарина Нұржанова: Жақсы, рақмет! Иә, менің жасым 13-те. Толық аты жөнім Зарина Нұржанова Қайсарқызы. Әкем жеке кәсіппен айналысады, ал анам үйде, есімі-Гүлжан. Отбасында үш қызбыз, әпкем-Салтанат және Нейла есімді сіңілім бар.

Қарашаш Есенбай: Нешінші сыныпта оқисың? Қандай пәндерді жақсы көресің?

Зарина Нұржанова: Нөмірі 8-мектеп гимназиясында, 8 «Б» сыныбында оқыимын. Менің сүйікті пәндерім: ағылшын, алгебра және дене шынықтыру.

Қарашаш Есенбай: Сенің ағылшын тілін жетік білетініңді білеміз, ал вайндарыңның басым бөлігі орыс тілінде. Қазір қазақша сұқбат беріп отырсың, демек қазақша жақсы білесің деген сөз. Неге вайндарды қазақ тілінде түсіріп, ана тіліміздегі контентті дамытпасқа?

Зарина Нұржанова: Иә, үйде көбінде қазақ тілінде сөйлесеміз. Ал неге орыс тілінде түсіресің дегенге келсек, Қазақстанда тек қазақтар тұрмайды ғой. Көпшігі орыс тілін жақсы түсінгендіктен сол тілде түсіреміз, менің қазақ тіліндегі вайндарым да аз емес. Бірақ менің көрермендерім «Вайндарыңды орысша түсірші, түсінбей жатырмыз...» деген сөзді көп жазады. Одан кейін өзіме де орыс тілінде түсірген жеңіл.

Қарашаш Есенбай: Бір вайнды түсіруге қанша уақыт кетеді? Сценарий мен монтажға кімдер көмектеседі?

Зарина Нұржанова: Бір вайнды түсіруге шамаен 2 сағат кетеді, кейде 1,5 сағат. Ол вайнның сценарийіне байланысты болады. Әдетте сценарийді анам жазып береді, ал монтажын өзім, кейде әпкем істейді.

Қарашаш Есенбай: Яғни отбасылық процесс деп қарасақ болады ғой, ия?! Сенің вайн түсіруің ұстазыңа пародия жасаумен басталғанын оқыған едім. Кейін ол видео желіден неліктен жойылып кетті?

Зарина Нұржанова: Негізі ол мұғалімнің атын, жұмыс орнын айтқан жоқпын. Бірақ оның сөздерін, мінезін барлығы білетін болғандықтан шәкірттері танып қойды. Сосын сүйікті ұстаздары болғасын, менен ол видеоны желіден алып тастауымды өтінді.

Қарашаш Есенбай: Ол өзіңе сабақ беретін апай ғой. Сол оқиғадан кейін оның көзқарасы өзгерді ме?

Зарина Нұржанова: Иә, маған сабақ беретін апай еді. Бірақ ол кісі өзі туралы вайн түсіргенімді білмейді (Күліп).

Қарашаш Есенбай: Вайндардың барлығын дерлік өмірден аласың. Өздерін танып ренжіген адамдар болды ма?

Зарина Нұржанова: Жо-о-о-қ, өйткені менің туыстарым, достарым әзілді түсінетін адамдар.


Қарашаш Есенбай: Сенің инстаграм парақшаңды қарап шығып едім, жазбалар 1-сәуірден бастап салынған. Бұрынға жазбаларыңды өшіруге не себеп болды?

Зарина Нұржанова: Оған себеп сол кезде менің инстаграм парақшамды біреулер бұзып, ақша талап етті. Бірақ біздің ақша бергіміз келмей, жаңасын аштық. Ол жерге 30 мың адам тіркелген еді, кейіннен мамандар арқылы алдыңғы парақшамыздағы оқырмандарымызды қайтарып алдық. Бір әттеген-айы, парақшаны бұзған адам ондағы жазбалардың барлығын өшіріп тастаған.

Қарашаш Есенбай: Парақшаңды бұзған адамды таба алдың ба?

Зарина Нұржанова: Жоқ, өйткені ол біздің елде емес. Анықтаған кезде Түркияның нөмірі болған, әрі бізге орыс тілінде аударманың көмегімен жазып отырды.

Қарашаш Есенбай: Ол адам шамамен қанша қаржы сұраған еді?

Зарина Нұржанова: Олармен анам тікелей сөйлескендіктен, мен нақты білмеймін. Шамамен 30-40 мың болу керек. Өйткені ол парақшаға «200 долларға сатамын» деп жазып қойған болатын.

Қарашаш Есенбай: Жақсы, Зарина енді сенің әншілік өнеріңе қарай ойыссақ. Өзіңнің «Бала дауысы-2017» байқауында жеңімпаз болғаныңды білеміз. Болашақта өзіңді өнерден көреміз бе?

Зарина Нұржанова: Жоқ, менің әнші болғым келмейді (күліп). Бұл менің тек хоббиім, әрі артықшылығым болуы мүмкін. Бірақ өзім әншілікпен айналысқым келмейді. Негізі мен бизнеске қызығамын. Сондықтан болашақта мейрамхана немесе сән салондарының бизнесімен айналысуым мүмкін.

Қарашаш Есенбай: Сенің танымалдығың мектепте пайдасын тигізе ме? Мысалы мұғалімдер сол үшін жоғары баға қойып беретін кездер бола ма?

Зарина Нұржанова: Жоқ, ондай кез болмапты. Өйткені біріншіден, біздің мектеп әділ бағалайды, екіншіден ол кісілер инстаграм қолданбайды.

Қарашаш Есенбай: Ал достарың қалай қабылдайды? Өзің танымалдылықты сезінесің бе?

Зарина Нұржанова: Достарым жақсы қабылдайды. Мені көбі «звезда» деп ойлайды ғой, бірақ мен олай ойламаймын. Вайн түсіру, ән айту, билеу менің хоббиларым іспетті.

Қарашаш Есенбай: Инстаграмда өзіңе жазылған пікірлерді оқисың ба? Менің байқағаным сенің спорттың топтар киіп түскен суреттіңе теріс пікірлер көп жазылыпты. Жалпы сенің ашық киінгеніңді көбі қаламайтын сияқты (Күліп). Осы жағдайға өзіңнің көзқарасың қандай?

Зарина Нұржанова: Әрине, пікірлерді оқимын бірақ барлығына уақытым жетпегендіктен жылдам қарап шығуға тырысамын.

Ал теріс пікірлерге келетін болсақ, білмеймін «мұсылмансың, анау-мынау» деген сияқты сөздерді көп жазады. Менің ойымша, ислам дініне сенсем болды, олай қатты кетудің қажеті жоқ. Сол жазып отырған адамдар жазда суға түскенде өздері де суға түсетін арнайы киім киеді ғой. Бастысы отбасым қарсы емес, олар заманауи көзқарастағы адамдар.

Қарашаш Есенбай: Инстаграмда оқырманы көп қолданушылардың жарнама алатыны белгілі. Өзіңе де осындай ұсыныстар жиі түсетін шығар? Шамамен жарнама құны қанша болады?

Зарина Нұржанова: Иә, әрине көптеген ұсыныстар түседі. Олардың барлығымен анам айналысады. Нақты бағасы жоқ, әрбір компания өзінің түрлі ұсыныстарын айтады ғой. Мысалы мынадай сомаға киім алуға немесе тамақтануға болады деген сияқты өздерінің шарттарын да айтады. Жалпы мен кішкентай болғандықтан, ол жағына араласпаймын... Көбінесе Шымкенттік адамдар жарнама бойынша хабарласады, кейде басқа аймақтардан да «Парақшаңызға жарнама салып беріңізші» дейтіндер болады.

Қарашаш Есенбай: Қазір оқушылардың смартфонға тәуелділігі үлкен проблема болып отыр. Өзіңнің хоббиің сол телефонмен орындалатын жұмыс. Өзіңде оған деген тәуелділік бар ма, тәулігіне қанша сағат смартфон қолданасың?

Зарина Нұржанова: Әрине, телефон үнемі жанымда ғой (Күліп). Бірақ сабақта қолданбаймын, сабақтан шыққан соң кейде вайн түсіреміз, анаммен бірге серуендейміз. Одан кейін вокалдан сабақ аламын, бимен айналысамын. Сондықтан телефонға тәуелдімін деп есептемеймін.

Қарашаш Есенбай: Жақсы, ол үшін қуаныштымын. Зарина, сұқбатқа уақыт бөлгеніңе көп рақмет, танысқаныма қуаныштымын.

Фото әлеуметтік желіден алынды.

Автор: karashash_esenbay

ERNUR.KZ