"Жан дүниемді ашатын режиссер кездеспеді": Актер Ғалым Оспановпен сыр-сұқбат

0
3 650

Ғалым Оспанов - актер, театраралық, театрішілік фестивальдердің жүлдегері. Театрда өр тұлғалы, батыр болмысты рөлдерді сомдап жүр.


- Ғалым, сәлеметсіз бе! Уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рахмет! Қазір М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрында он жылдан аса қызмет етіп келесіз. Ең алғаш театрға келген кезде «Таңсұлу» спектакліндегі Қалмақ бегі рөлі беріліпті. Қойылымдағы образыңызды толық түсіне алдыңыз ба? Қалмақ бегі режиссердің ойынан шықты ма?

- Ия, Қалмақ бегі рөлі маған 2013 жылы театрға келген кезде бұйрық бойынша берілген рөл еді. Ғарифолла Есімнің шағын ғана «Таңсұлу» атты шығармасын, сахнаға икемдеп, режиссер Алма Кәкішева спектакль ретінде қойды. Мен сомдаған Қалмақ бегі режиссердің ойынан 100 пайыз шықты ма әлде шықпады ма ол жағын білмеймін. Бірақ, режиссер «осы рөлдің қыр-сырын аша алады-а»",- деп маған тапсырған болатын. Үлкен сахнаға шығу, қара шаңырақта өзімді көрсету бастапқыда оңай болған жоқ. Әріптестеріммен етене жақын араласуға, театрдың барлық қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс істеп кету үшін, біраз сыр тартып, алғашында аяғымды аңдап басып жүрдім. Кейіннен бойымды үйретіп, партнерларыма сіңіскен соң, еркіндікті сезіне бастадым. Ал қалмақ бегі рөліне құрметім ерекше. Бұл рөлді жан тәніңмен ойнамау мүмкін емес. Өйткені, мен сахнаға 20 жастағы Қалмақтың сұлтаны, батырына сахнада өмір сыйладым. Шығармада Қалмақтың бегі қазақтың тұрмыс құрып, құрсақ көтерген келіншегіне ғашық болып, қазақ жеріне соғыс ашып, өз жеріне алып кетеді. Жалындап тұрған, бір тайпаны басқарып отырған қалмақ жігіттін сомдау - үлкен сахнаға әлі бой үйрете алмаған жас актер үшін үлкен мәртебе болды. Мен режиссерім Алма Кәкішева берген тапсырманы барынша орындауға, кейіпкерімді толыққанды ашып көрсетуге тырыстым.

- Ал Н.Жақыпбай қойған «Қобыланды» спектакліндегі Қобыланды рөлін қалай сомдадыңыз? Образын аша алдыңыз ба?

- Жоқ, аша алмадым. Себебі, бұл қойылымға мен актер ретінде мен дайын болмадым. Оң жамбасыма келді деп айта алмаймын. Бұл рөлдің толыққанды ойымнан шықпаған себебі, мен режиссермен бірлесе отырып діттеген мақсатыма жете алмадым. Ол кісінің көзқарасы басқаша болды. Қобыланды бейнесін алып шыға алмауымның екі себебі болуы мүмкін. Бірі – уақыттың тапшылығы, екіншісі – шығармаға дайын болмауым. Әлі де рөлді іздеп жүрмін. Ойнаған сайын Қобыландының әр қырын ашамын. Кейде жеңілдетемін, кейде ауырлатып аламын. Орташа тұсын таба алмай келемін.

- Ал жақында ғана премьерасы өткен «Күйеуіңізді сатыңызшы» спектакліне тоқталсақ. Комедия жанрында сомдаған рөліңізге халық қандай баға берді?

- Комедия жанры мен үшін таңсық емес, менің табиғатымнан алыс емес. Өзім де өмірде кез келген мәселені күрделендірмей, жеңіл қарауды, ортада орынды әзілімді айтып, көңіл күйді қалыпта ұстауды жақсы көремін. Халықтың ағылып келгеніне қарағанда жақсы қабылдаған сияқты. Жан-жақтан жылы пікір естідім.

- Комедия жанры- күлдіріп тұрып, ой салады. Халықты залда зеріктіріп жібермей, оларды тек күлдіріп қана қоймай, айтар ойды оймақтай етіп жеткізу қиынға соқпады ма?

- Комедияны сомдау қиын. Жалпы әр спектакльде әр персонаждың айтатын ойы бар. Бұл спектакльдің сөздері жеңіл болғанымен зілі бар. Пьесада мен сомдаған кейіпкердің 20 жыл баласы болмайды. 20 жыл бала болмаса да ерлі зайыпты арасында махаббат, сезім, сыйластық өшпейді. Біз бұл қойылым арқылы қоғамдағы бала сүюге мүмкіндігі жоқ бір әйелдің емес мың сан тағдырдың ішкі мұңы мен трагедиясын жеткізгіміз келді. Спектакльде ер мен әйелдің өз шындығы мен жан айқайы айтылады. Біздің қоғамдағы еркектердің психологиясы айтылады. Оның баласыз өмір сүруі, бір әйелден шаршап, жастық желі басылмаған қыздардың арбауына түсуі, барлығы дерлік өмірден алынған. Біз күлдіріп тұрып көптің көпке аша бермейтін сыры мен мұңын жеткіздік. Бұл спектакль бұрын он жыл репертуардан түспеген.Араға он жыл салып қайта сахнаға оралуы тақырыптың әлі күнге дейін өзектілігінде деп білемін.

- Сонда біздің қоғамда әйелінің көзіне шөп салатын, отбасы бола тұра, жас қыздармен көңіл жарастырып кететін еркектер көп дегіңіз келе ме?

- Егер «бізде бәрі жақсы» деген пафосты алып тастап, қарайтын болсақ, біздің ел ішінде ондай ер азаматтар бар. Бұл жағдайға әртүрлі фактор итермелеуі мүмкін. «Күйеуіңізді сатыңызда» мен сомдаған кейіпкер әйелінен бала сүйе алмағаннан осындай қадамға барады. Баласыз өмірдің мәні жоқ екені белгілі ғой. Отбасындағы ұйытқы ұстап, екі адамды бір біріне байланыстырып отыратын бала деп ойлаймын. Бірақ, қойылым соңында нақсүйерім жиырма жыл отасқан ерлі-зайыптының ортасына есі кеткен түсетінін, бос әурешілік екенін түсінеді. Қойылым соңында 20 жылдық махаббат ескірмей сыйластыққа ұластынын көрсеттік.

- Дегенмен біздің қоғамда бала сүймей ақ, дәм тұзы жарасып кеткен отбасылар көп қой?

- Ондай отбасыларға басымды иемін. Ұрпақсыз өту - сынақ. Ондай адамдардың тауы шағылмай, таусылып кетпей, жарасып жүруі мәрттік деп есептеймін.

- Қойылымның режиссеріне келсек, Қуаныш Мамытқалиевті біз актер ретінде жақсы танимыз. Ал «Күйеуіңізді сатыңызшы» спектаклі Қ.Мамытқалиевтің режиссер ретінде жасаған алғашқы жұмысы ғой?

- Иә, Қуаныш Мамытқалиев актер. Жақында режиссураны бітірді, бұл спектакль оның дебюттік жұмысы. Алғашында драма жанрын алғымыз келген. Бірақ ойлана келе Оразхан Кенебаевтың 10 жыл бұрын сахналаған комедиясына тоқталдық. Бұл спектакль театр басшылығының тапсырмасы немесе жоспарында тұрған дүние емес. Керісінше, ұсыныс біздің тараптан болды. Жоспардан тыс өзіміз осы жұмысты ұсындық. Кейде күндіз театрдың екі залы да босамай, спектакльден кейін қалып, түнгі сағат 2-3-ке дейін жұмыс істеген кездеріміз болды. Қ.Мамытқалиев өзі актер болған соң ба, біз өзара бірлесіп, бір-бірімізбен ақылдасып отырып жұмыс істедік. «Күйеуіңізді сатыңызшы» - сондай әдемі тандемнен құрылған қойылым болды. Оның үстіне партнерім Ажарлым Мағзұм – менің бірге оқыған группаласым, театрда да талай рөлдерді бірге алып шығамыз. Парнер ретінде, актриса ретінде бір-бірімізді сөзсіз түсінеміз. Режиссермен қиындықтар болды деп айта алмаймын, айқай-шусыз бір шешімге келіп, жақсы жұмыс істедік. Бұл спектакль - жан рахаты үшін қойылған қойылым болды. 50 пайыз режиссер, 50 пайыз актерлердің жұмысы болды.

- Ал сіздің режиссер болу ойыңызда бар ма?

- Алдағына Алла біледі. Қосымша режиссураны оқып, өзіміздің театрда немесе басқа театрда қойылым қойып жатсам таң қалмаңыз. Тұңғышбай Жаманқұлов та, Оразхан аға да, ұстазым Алма Кәкішевада алдымен актер, актриса болып кейін режиссураға бет бұрған ғой. Бірақ, меніңше, режиссер болу үшін алдымен актер болу керек.

- Әуезов театрында сіздің бағыңызды жағатын, жан дүниеңізді түсінетін режиссер бар ма?

- Жоқ, жан дүниемді ақтарып, менің жан жақты ашып жұмыс істейтін режиссер кездеспеді. Мендегі мүмкіндіктерді көрсе екен, менің ішкі сезімімді сезсе екен, сондай режиссер кездессе ғой деп тілеймін. Кейде ішімді ақтарып тастайтын адаммен жұмыс істегім келеді. Қазір мен бабымда, оң солыма жауап бере алатын жастамын. Мынау менің рөлім немесе менің кейіпкерім деп жармасып немесе бір ғажайыпты күтпеймін. Қандай рөлді ұсынып, қай арнаға бұрса да, жұмыс істей беруге дайын жүрмін.

- Жарыңыз Мақпал да өнер жолында. Осыған дейін аңыз актер Асанәлі Әшімовтың театрында белді актриса болды. Сіздің премьераларыңызда қолдап жүреді. Сіз оған қолдау көрсетесіз? Рөлге түсер алдындабірлесіп жұмыс істеп, ол сізбен ақылдаса ма?

- Ия, Мақпал көп арудың ішінен таңдап алған жарым. Менің баламның анасы, отбасымның берекесі. Біз басынан келісіп алдық. Өнердегі жолымызды қалыптастыруымызға кедергі келтірмейміз. Бір бірімізге қолдау көрсетіп, қорған болуға, кез келген мәселені бірлесе отырып ақылдасып, ортақ шешімге келіп шешеміз деп келістік. Әзірге екеумізде өз уәдемізге тұрып келеміз. Биыл Мақпал қара шаңыраққа жұмысқа орналасты.«Еңлік – Кебекте» басты рөлді сомдады. Барлық дайындығына қатысып, өзім қадағалап жүрдім. Кей тұстарын ақылдастық, ортаға салдық. Әріптестеріміз де,халықта жақсы қабылдап жатыр. Мақпал қара шаңырақта да өз орнын тауып, орнығып кетеді деп сенемін. Оған оның ішкі мүмкіндігі, таланты жетеді. Бір жерде жұмыс істеу, бір салада жүру бізге қиын емес.

- Ал Мақпалдың кинода ашық сахналарға түсуіне рұқсат бересіз бе?

- Жоқ, киноға түсер алдында сценарийді қарап шығамын, ақылдасамыз. Шама келгенше Мақпалдың жолына тұрмауға тырысамын. Ол да өсіп, өнерде өз жолын табуы керек. Мен Мақпалдың өнеріне, талантына қиянат жасағым келмейді. Бірақ, тым қатты еркіндік бермеймін, ашық сахналарды сомдар кезде ортақ шешімге келуге тырысамыз.

- Қандай әкесіз? Қандай бала болдыңыз?

- Ұлымның атын әкеммен бірге ақылдасып Қобыланды деп қойдық. Театрда жаныма жақын басты рөлдердің бірі болып, әрі тарихта аты қалған адам болған соң ұлыма Қобыланды батырдың атын бердік. Батыр, өжет, мәрт болып өссе деген тілегім бар. Ал өзім жылауық бала болдым. Қора, шөп өртеу, шашу, бүлдіру менің миссиям болатын. Өсе келе ес жиып, мектептің алды болдым. Ақылды тентек едім. Баламның көп қылығы маған ұқсады. Өнерге таласы бола ма болмай ма оны уақытында көреміз. Қандай таңдау жасаса да қолдауға тырысамын.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұқбаттасқан Қарашаш Есенбай