Бұл ҚАТЕЛІКТЕР шкафтағы киіміңізді тез ТОЗДЫРАДЫ

0
2 381

Киімілгіштен де киімге келетін зиян бар...


Бұл ҚАТЕЛІКТЕР шкафтағы киіміңізді тез ТОЗДЫРАДЫ

Фото: Autogear.ru

Киімнің қызмет ету мерзімінің ұзақтығы оның сапасына ғана байланысты емес. Бұл ретте өзіңіздің киім-кешекке қандай күтім жасайтыныңыз, қалай сақтайтыныңыз да маңызды. Көбіне біз олардың тез тозуына, бүлінуіне себеп болатын бірнеше қателік жібереміз.


1-қателік: Маусымдық киімдерді дұрыс тазаламау

Әдетте, әр мезгілдің ауа райына сай киімдер сөреде бір-бірімен орын алматырып отырады. Шығып кеткен маусымның киімдерін қораптарға салмас бұрын оларды тазалау маңызды. Тазалау болғанда да, дұрыс тазалау. Кей киімдерді үй жағдайында тазалу жеткіліксіз. Әсіресе, сырткиімдер. Оларды сақтау орнына жібермес бұрын химиялық тазартуға беріңіз. Сондай-ақ, киімге күйе түсірмеудің, жәндіктерден қорғаудың амалдарын да жасаған абзал.


2-қателік: Барлық киімді вакуумдық пакетке салып сақтау

Вакуумдық пакет – дәл қазіргі кезде жиі қолданылатын амал. Бір қарағанда, ол ең ыңғайлы жолы секілді – кеңістікті үнемдейді, киімді шаңнан, ластанудан, зеңнен, ылғалдан сақтайды. Алайда, оған барлық киімді сала беруге де болмайды екен. Айталық, былғары және аң терісінен тігілген сырткиімдер мұндай қаптамада тұншығады. Сонымен қатар, жағымсыз иіс пайда болып, тері қылшықтары қисаяды, былғары бір-біріне жабысып, қабыршақтанады.


3-қателік: иықағаш көлемінің киім өлшеміне сәйкес келмеуі

Иықағаш өлшеміне кім мән беріпті, иә? Бақсақ, бұл да біздің бір білместігіміз екен. Асылында, киімнің иығы не жеңіне зияны тимес үшін иықағаш сатып аларда киімнің өлшемін де ескеру қажет.


4-қателік: Тоқыма және трикотаж бұйымдарды иықағашқа ілу

Барлық киімді иықағашқа іліп сақтау қажет деп ойласаңыз, қателесесіз. Бұл заң тоқыма және трикотаж бұйымдарға жүрмейді. Себеп салмақты – ұзақ уақыт бойы салбырап тұрғаннан олар қалпын бұзады және созылып кетеді. Сондықтан, олар үшін сөреден орын дайындап, сонда бүктеп қоя салған абзал. Тек үстін көп киіммен бастырып тастамасаңыз болғаны.


Оқи отырыңыз:

ҚОЛШАТЫРдың сәнді де сапалысын қалай ТАҢДАЙМЫЗ?

5-қателік: Төстартқышты дұрыс жинамау

Әдетте төстартқышты жинағанда ортасынан бүктеп, екі шұңғылшаны бір-біріне кигізіп қоямыз. Дәл осылай жасағаннан олардың қалпы тез бұзылып, негізгі қызметін дұрыс атқармайтын болады. (Негізгі қызметін қыз-келіншектер түсінеді). Ең дұрысы – сатылымдағы сияқты, төстартқыштарды бірінен соң бірін қатарластыра қойып, бір-біріне кигізу.


6-қателік: Бір иықағашқа бірнеше киім ілу

Біз үнемді жақсы көреміз. Шкафқа келгенде де солай. Бір иықағашқа бірнеше киімді қабаттап ілу арқылы орын үнемдейміз, ілгіш үнемдейміз, ілгішке ақша үнемдейміз. Бірақ бұл – тиімсіз үнем. Біріншіден, ілгіштің негізгі қызметі киімге қыртыс түсірмеу болса, қабаттап ілу арқылы оны жоққа шығарамыз. Оған қоса, қайта үтіктеу үшін уақыт шығындаймыз. Екіншіден, қабатталып ілінген киімдер «демалмайды», нәтижесінде оларда жағымсыз иіс пайда болады. Үшіншіден, ауыр киім ілінген иықағаштар майысып, тез сынады.


7-қателік: Түймелер мен сыдырмаларды жаппау

Түймелі не сыдырмалы киімдерді иықағашқа ілгенде, алдын жабуға уақыт қиясыз ба? Иә десеңіз, дұрыс жасайсыз. Ал жаппау – кезекті қателік. Киімдердің пішіні бұзылмасын десеңіз, ерінбей түймесін қадаңыз, сыдырмасын сырыңыз.

Міне, бір қарағанда ешқандай маңызы жоқ секілді көрінетін осындай ұсақ-түйек қателіктерді сіз де жасайсыз ба? Ендеше, түзететін кез келді.

Аударған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ