5 СЕКУНД ШЫДАСАҢЫЗ, үйдегі көп келіспеушіліктің алдын аласыз

0
637

Егер дұрыс пайдалана білсе...


5 СЕКУНД ШЫДАСАҢЫЗ, үйдегі көп келіспеушіліктің алдын аласыз

Ойлап қараңызшы, сіз үшін 5 секундтың құны қанша? Маңызды мезет пе, болмашы сәт пе?

Бұл бір қарағанда көп емес сияқты көрінгенімен, шын мәнінде, өте маңызды уақыт. Әсіресе, егер қауіпті жағдайда қалсаң және сенде 5 секунд қана болса... Жағдайды бағалап, шешім қабылдауға, шабуыл жасауға немесе оңға әлде солға қашудың тиімділігін салыстырып, қажет бағытқа бұрылып, біраз жер жүгіріп үлгеруге болады. Барлығы адамға және жағдайға байланысты.

Кейде, осы 5 секунд келіспеушіліктен құтқарады екен. Егер дұрыс пайдалана білсе...


Әдістің мәні неде?

Аталған ереженің негізін қалаған – Шотландия ғалымдары. Мамандар ерлі-зайыптылардың арасындағы келіспеушілік, жанжалдарды терең зерттеп-зерделеу барысында мынадай тұжырымға келді: шағын үзіліс агрессияны төмендетеді.

Агрессияны азайту арқылы эмоция ағынының екпінін бәсеңдетіп, кейін өкінішке апаратын әрекеттерді жасаудан сақтайды. Осы негізге сүйене отырып, аздаған үзіліс жасауға итермелейтін «5 секунд» ережесін ойлап тапты. Барлық қарым-қатынастарда даулы жағдайларда ережені қолдануды ұсынды. Әсіресе, отбасылық қатынастарда.


Қалай орындалады?

5 секундтық ереже өте қарапайым, орындалуы да оңай. Көзқарастар қайшылығы не пікірлер келіспеушілігі туған шиеленіс сәтінде «қарсыласқа» жауап бермес бұрын кішкене үзіліс алыңыз. Мысалы, әйеліңіз көңілі толмайтын нәрсені күңкілдеп не бажылдап айтып салды дейік. Сіз де ашуға беріліп, тиісті жауабын беруге асықпаңыз. Оның орнына кішкене үзіліс алып, үнсіз қалыңыз. Терең тыныс алып, демді баяу шығарыңыз. Осы сәтте ішіңізден санауға да болады. Баяу, жылдам, 5, 10, 15 – бәрібір. Тек санасаңыз болды.


Не өзгереді?

Шағын үзіліс импульсивті реакциядан сезімтал және ойлы жауапқа ауысуға мүмкіндік береді. Бұл сізге баяулап, өзіңізді және басқа адамды тыңдауға жол ашады. Сондай-ақ, назарды сырттан келген ақпаратқа емес, өз ішіңізге аударып, өз құндылықтарыңызға сәйкес жауапты табу мүмкіншілігі туады.

Мысалы, «Ол мені басынып тұр. Мені ақымақ көре ме?» деген сияқты ашулы реакциядан туатын сөздерді бірден айтқызып салмайды. Үзіліс сәтінде басқаша сөздер табуға немесе өзгені кінәлау орнына өзіне назар аударып, мәселенің мәнісін өзінен іздеуіне мүмкіндік пайда болады. Бұл өз кезегінде жақын адамға ашумен ауыр айтып қою, өзің қаламастан зиян келтіру ықтималдығын төмендетеді.

5 секунд жетпесе...

Қаласаңыз, үзілісті 10-15 секундқа созуға да рұқсат. 5 секунд – барлығына қолжетімді минималды уақыт болғандықтан, солай бекітілген.

Психологтардың зерттеуі дәлелдегендей, бес секунд жеткілікті. Әрі бұл уақыттың ішінде басылып, ойлау айқынырақ бола бастайды. Өз жайлылығыңызға және серіктесіңізбен қарым-қатынасыңызға қарай таңдау жасаңыз.

Егер 5 секунд жетпей, одан да ұзағырақ тыныштық қажет болса, мұны қарсыңыздағы адамға міндетті түрде білдіріңіз. Мүмкін ишаратпен, ең абзалы – сөзбен ашық айту. Шешім өте қарапайым әрі оңай – «Сенің мына айтқаның (жасағаның) жайлы ойлануыма кішкене уақыт керек». Осылай деп айтып қойсаңыз, ол өзін сөзі еленбеген не ашумен тастап кеткен, белгісіздікте қалған адам сезінбейді. «Жауап беруге де лайық болмағаным ба? Ол неге үнсіз? Неге кетіп қалды? Оған бәрібір ме?» деген сияқты ойлармен өзін іштей жемейді. Бұл мәселенің одан ары ушығуынан сақтайды.


Қандай кезде керек?

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, 5 секундта біраз жағдай орын алып үлгеруі мүмкін. Кейде уақытты созуға болмайтын, бес түгілі, бір секундтың өзінің өтемі қымбатқа түсетін сәттер болады. Сондықтан әрбір қит еткенге осы ережені алға тартып, уақытты соза беруге де болмас.

Мысалы, егер сіз осы уақытта өзіңіздің шынайы сезімдеріңіз туралы айтпасаңыз, адам есікті тарс жауып үйден шығып кетуі, көлікке отырып, жүріп кетуі, ұшаққа отыруы мүмкін. Ал сіз ережені ұстанам деп, өз ішіңіздегі ойлармен жалғыз қаласыз. Осындай келеңсіздік болмас үшін жағдайды бағалаңыз. Кейде әрекет ету қажет.

Ережені алдын ала айтып беріңіз. «Осындай ереже бар екен. Ғалымдар 5 секундтық үзіліс ұрысуды болдырмауға көмектеседі әрі мәселелер жақсы шешіледі деп айтыпты. Қалай қарайсың, осыны байқап көрейікші?» — осылайша айтып, түсіндіріп қойыңыз. Сонда сүйікті адамыңыз сіздің үнсіздігіңізді өзіне берілген жаза, өзінен алшақтау деп теріс түсінбейді. Тек қана өзіңізді сабырға шақыру, ой жинақтау екенін ескеріп, дұрыс қабылдайды. Осылайша, бір мәселеден басталған түсініспеушілік мың мәселе тоғысқан жанжалға айналмайды.

Кез келген нәрсені бірден жасап кете алмайсыз. Сол секілді, бұл ережені де өміріңізге енгізу үшін жаттығыңыз. Ол үшін шынайы мәселемен бетпе-бет келу сәтін күтудің қажеті жоқ. Кез келген ыңғайсыз немесе қуанышты тақырыпта осы әдісті қолданып, өз сезімдеріңізбен сәйкестендіруге болады. Бес секундтық үзіліс алып, жауапты ойлану қалыпты жағдайға айналса, нағыз дау-дамай алдында қолдану да қиынға түспейді.

Отбасылық дау-дамайлар мен жанжалдарды болдырмауға көмектесетін әдістер қолданудың маңызы зор. Мұндай әдістер отбасындағы үйлесімділікті сақтап, қатынастарды нығайтуға ықпал етеді. Отбасындағы әрбір адам өзін сыйлаған, тыңдаған және түсінгенін сезінгенде ғана жанжалдардың алдын алуға болады.

Дайындаған: А. Бектұрғанова,

ERNUR.KZ