«Ангедонияға» деп аталады ұшыраған жандар ешқашан өзін бақытты сезіне алмайды
Сурет: stock.adobe.com
Бақытты болу – бәрінің арманы. Бірақ «Қашан бақытты боламын?», «Мені кім бақытты етеді?» деп күтіп отыру – көксегеніңе жеткізбейді. «Қайтсем бақытты боламын?» деп бас қатырып жүрген болсаң, оның бір-ақ формуласы барын біл – БАҚЫТТЫ БОЛУҒА ЖАТТЫҒУ. Бақыт та бұлшықет секілді, шынықтырған сайын шымыр да шынайы бола түседі.
Бақытты сезінуге жаттығу керек
Көптеген адамдар рахаттану, ләззат алу мәселесінде қиындықтар туғызатын күйді бастан кешіреді. Бұл жағдай ғылым тілінде «ангедония» деп аталады. Оған ұшыраған жандар қандай жақсы жағдайда да өзін бақытты сезіне алмайды. Есесіне, депрессия мен алаңдаушылыққа көп жол береді.
Егер қуанышты, жақсы сәттерде оң эмоцияларымызды байқап, бағалап, олардан ләззат алуға үйренсек, бақытқа сезімталдығымызды арттыра аламыз.
2024 жылы психология доценті Лукас Лафреньер 85 адамға зерттеу жүргізді. Ғалым қатысушыларға жағымды іс-шараларды жоспарлау, оң сәттерден ләззат алу және болашақта күтілетін қуанышты оқиғаларды асыға күтуді ұсынған. Бір аптадан кейін олардың оптимизм сезімі айтарлықтай жақсарғаны айқын байқалды.
«Шын мәнінде, егер бақытты болғымыз келсе, кейде бақытты адамдар сияқты әрекет етуіміз керек» Л. Лафреньер
Бақытқа деген сезімталдықты арттыру үшін мынадай жаттығуды сынап көр.
Қарапайым нәрседен баста: әр күнге өзіңді бақытты ететін немесе мойныңнан жүк түскендей жеңілдік, рақат сезімін сыйлайтын бір әрекет жоспарла. Айталық, сүйікті тағамды жеу, кітап оқу немесе досыңмен сөйлесу, т.б. Бұл – жағымды сәттерді кейінге қалдырмауға көмектеседі.
Жоспарлы істі жүзеге асырғаннан кейін көзді жұмып, қандай іс бітіргеніңді және одан қандай жағымды сезім алғаныңды дауыстап айт. Соңыра кешегі, алдыңгүнгі сондай сәттерді еске алып, олар туралы да айтуға болады. Немесе бірнеше жыл бұрынғы оқиғаларды еске түсіріп, қай жерде және қашан ең үлкен қуаныш сезімін алғаныңды айтып бер.
Физикалық сезімдерге де назар аудары. Мысалы, ыстықтап келе жатқанда бетіңе соққан самал жел, тынығып отырғанда көзіңе түсіп ойнаған күннің шуағы, т.с.с. Мақсат – не сезінгеніңді еске түсіру ғана емес, сол сезімдерді күшейтіп, қайтадан бастан кешіру.
Психологтар бұл процесті «позитивті эмоцияларды сезіну» деп атайды. Осы жаттығу арқылы оларды есіңде жақсырақ сақтап, болашақта осы эмоцияларды іздеуге ынталанасың. Сонымен қатар, бұл процесс жағымсыз жағдайларға назар аудармауға, ұмытқың келетін жайттарды естен шығаруға көмектеседі.
Жаттығуды кем дегенде бір апта жаса. Ең абзалы – өмір бойғы күнделікті әдетке айналдыру.
Бақыт сезімін күшейтудің басқа да жолдары
- Қуанышты сипаттауға арналған сөздік қорыңды кеңейтіп, оларды жиірек қолдан: жақсы, тамаша, ғажап, керемет, көтеріңкі көңіл-күй, таңғалып тұрмын, күш-қат алдым, т.с.с.
- Жақсы әсеріңмен, бақытты сәттердегі сезімдеріңмен бөліс. Бұл тек көңіл-күйіңді жақсартуға ғана емес, басқалармен қарым-қатынасыңды нығайтуға да көмектеседі.
- Ең жаман деген нәрсенің өзінен жақсы нәрсе табуға тырыс, көре біл.
- Болашақ жеңістеріңді елестет. Мысалы, шаршап, жаттығуға барғың келмей тұрғанда жаттығу кезінде қуатты болатыныңды, күлгеніңді, одан кейін өзіңе деген ризашылық, мақтану сезімдері туатынын ойла.
Әрине, өмірде реалист болу да пайдалы. Ол қауіп-қатерлерге назар аударуға, жаман жағдайларға дайын болуға, қиындықта жол тауып шығуға көмектеседі. Бірақ дәл сол сәттердің өзінде дайын тұрған бақытты байқамай қалмау, жіберіп алмау маңызды.
Дайындаған: А. Бектұрғанова,