Көп жағдайда баланың жыныстық зорлық құрбанына айналуы ата-ананың жауапсыздығынан да болып жатады екен.
Қазір әлеуметтік желілер мен жаңалықтардың кейбірінен жан түршігеді. Әсіресе бала ұрлығы мен зорлығы соңғы кездері елімізде коронавирус пандемиясымен қатар өршіп келе жатқандай. Күнде Қазақстаннның бір түкпірінен педофил құрбаны болған, бола жаздаған балалар туралы ақпарат оқитынымыз жасырын емес.
Еліміздегі психоаналитик мамандардың айтуынша, педофилияның бұлай қатты өршіп кетуінің басты себебі - күйзеліс көрінеді. Сондай-ақ көп жағдайда баланың жыныстық зорлық құрбанына айналуы ата-ананың жауапсыздығынан да болып жатады екен.
Негізі педофилия – ғасырлар бойы әлемде болып келе жатқан құбылыс. Сондықтан оларды түп-тамырымен құртып жіберу екіталай. Бірақ біз баламыздың құрбан болмауының алдын алып, сақтандыра аламыз. Осы турасында сала мамандарының кеңестерін ұсынамыз.
Педофилден сақтандыру үшін ата-ана баласына не үйрету керек?
- Әрбір ата-ана баласына (баланың жасы маңызды емес, себебі көп ретте балалар ата-анасынан ақылды болады) жыныс мүшесінің не екенін және оның не үшін қажет екенін айтуы керек. Бұл, әрине, қиын тақырып. Дегенмен ата-ана бұл тақырыпты бірінші қозғамаса, баланың өздігінен айтуы екіталай. Мұны анағұрлым ерте жастан бастап айтқан дұрыс. Жәй ғана балаға алдымен дене мүшелерінің қалай аталатынын айтудан бастаған жөн. Әр мүшені өз атымен атап, бұрмаламау керек. Кейінірек іш киімнің ішіндегі мүшенің ерекше екенін, оны жалаңаштап жүруге, ұстап ойнауға, өзгеге көрсетіп немесе түртіп көруге рұқсат бермеуі керек екенін анықтап айтып, түсіндіру қажет. Егер өзге біреу ешкім жоқ жерде жыныс мүшесін көрсетуін өтінген жағдайда, бірден ата-анаға ескерту керек екенін де қайталап айтып отыру керек.
- Бейтаныс жандармен сөйлеспеуге үйрету қажет. Әсіресе үлкендердің сөзін екі етпейтін, тәртіпті балалардың ата-аналары осы жәйтті күнделікті айтып отырғаны дұрыс . Себебі ондай балалар «жоқ» деген сөзді айтпайды, олар үшін ересектердің айтқаны дұрыс. Одан жақын маңдағы дүкенге жол көрсетуді, жоғалтқан затын табуға көмектесуін өтінуі немесе жәй өз танысымен шатастырғанын айтып түрлі жолдармен алдауы мүмкін. Көп жағдайда педофилдер өз құрбандарының атын біледі. Өйткені балалар ойын ойнағанда бір-бірінің атын атап шақырады. Ал қаскөй үшін осылай ойнаған балаларды 5-6 минут сыртынан бақылап, атын жаттап алу қиын емес. Өте тәртіпті, ұқыпты балалар сенгіш келеді және оларды алдау тіптен қиын емес. Маған көмегің керек еді деген сөздің өзі жеткілікті. Сондықтан балаға үлкенді тыңдауды үйреткенде осы мәселеге де мән берген дұрыс. Педофилдер тілалғыш балаларды жақсы сезеді. Балаға жат адамның не айтқанын, не сұрағанын айтып тұру қажеттігін үйрету керек.
- Балаға педофилдің кім екенін түсіндірудің қажеті жоқ. Бірақ балаға түсінікті тілде жаман адамдардың бар екенін және олардың баланы ұрлайтынын айтып түсіндіру керек. Мұндайда бала міндетті түрде «Не үшін ұрлайды?» деген сұрақ қояды. Ата-ана «білмеймін, бірақ олар ұрлап кеткен баларды ешкім таба алмайды» деген сынды жауап бергені жөн. Мысалы, баланы түрлі қауіптерден сақтандырып, «ыстық суға жолама, от жағып ойнама» т.б. айтып, алдын алып отырамыз. Тура осы секілді педофилден келетін қауіптің де алдын алып, үнемі ескертіп отыру қажет. Танымайтын, бөтен адам (мейлі ер-азамат немесе әйел болсын) не айтса да еріп кетпеуге, ешқайда бармауды қадағалап, нақтылап айту қажет.
- Баланы қиын жағдайда әрекет жасауға үйрету керек. Мұндай сабақтарды ойын ретінде үйрету қажет. Мысалы, «Егер біз саябаққа барғанда бір-бірімізден адасып қалсақ, сен не істейсің? Бізді қалай іздейсің» деген сынды сұрақ қойып, жауабын тыңдап көрген жөн. Егер жауап қанағаттандырмаса, онда ата-ана өз нұсқасын ұсынып, үйрету керек.
- Педофилмен бетпе-бет кездескенде балаға не істеу керектігі жөнінде айтып, үйретіп отыру қажет. Егер белгісіз біреу тисіп немесе тасаға әкеткісі келсе, бірден даусын шығара, айналадағы адамдарды өзіне қарататындай, назар аударатындай айғайлап, қимыл жасауға үйрету керек. Егер мүмкіндік болып жатса, бірден адамдар жүрген жаққа қарай баруды және мұндай жағдайларды ата-анадан жасырмауды айтып отырған дұрыс.
- Баланың әлеуметтік желідегі достары мен кіммен араласып жүргеніне баса назар аудару керек. Баланың барлық достарының парақшаларын ерінбестен қарап шыққан жөн. Бастысы – кәмелеттік жасқа толмаған бала ата-ананың жауапкершілігінде екенін естен шығармаған жөн. Ал бала 18-ге толғанша ата-ананың айтқанын тыңдап, солардың ережесімен жүруі керек екенін ұғынуы тиіс.
- Баланы көзден таса қылмау керек. Баланы тіпті 5 минутқа да жалғыз, қараусыз қалдырмауға тырысыңыз. Қуыс қалтарысы көп жерлерде ойнауға тиым салған жөн. Мүмкіндік болса үнемі бірге қыдырып, серуендеген жөн. Әрине бұл жұмыс істейтін ата-аналар үшін қиын. Бірақ ата, әже, бала күтуші жалдау арқылы мәселенің шешімін табуға болады.
- «Қауіпті» топтағы адамдармен араластырмауға тырысу керек. Қауіпті топ – көп ішетіндер, көше бұзақылары, сотталған жан т.б. Тіпті ол жақын туыс немесе жақын тұратын көрші болса да баламен бетпе-бет, жалғыз кездесіп қалмауын қадағалау керек.
- Балада тым ашық, алыстан шақырып тұратын киім және қымбат әшекейлер болмауы тиіс. Адамның сыртқы келбеті педофилді алыстан шақыруы мүмкін. Мысалы жасөспірім қызға тым қысқа шорты немесе белдемше кигізбеген жөн.
- Бала тұратын үй қауіпсіз болуы керек. Кішкентай балаларға қатысты пеофилдік әрекеттің, оқыс оқиғаның көпшілігі подьезде, лифтіде, жертөледе орын алып жатады. Сондықтан есік алдына келген баланы күтіп алған дұрыс.
Ата-ана - бала үшін үлкен қорған. Сондықтан әрбір ата-ана педофил жайлы, олардың іс әрекет, қимылы жайлы мол мағлұматты білгені дұрыс.
Педофилді қаскөймен (маньяк) шатастыруға болмайды. Олар қаскөйлер секілді бірден әрекет етіп, тасада тығылмайды. Әрине ондайлар да бар, бірақ өте сирек кездеседі. Педофилдер көп ретте баланың жанында жүрген немесе бала жақсы танитын жандар болып жатады.
Қазір өгей әке, өгей аға, нағашы, мұғалім т.б. балаға жақын адамдарың осындай істерге барып жатқаны шындық. Әрине, айналаның бәріне күдіктене қарау дұрыс емес, дегенмен ата-ана өте мұқият, қырағы болған жөн.
Әрдайым баланың айналасындағы достарына көңіл бөліп, кім екенін білген дұрыс. Сондай-ақ баланың сөздеріне мән беріп, сеніммен қарау керек. Олар ешнәрсені тікелей айта алмайды. Егер бала «пәленше ағамен қызықты ойын ойнадық немесе мені енді пәленшемен бірге қалдырмаңыз, ол үйге барғым келмейді» деген сияқты сөздер айтатын болса, мұның себебін ақырын сұрап көру керек. Себебі педофилдер көп ретте «саған ешкім сенбейді» деп баланың көңілін көндіріп қояды. Сондықтан әр ата-ана балаларына сенетінін көрсете білуі керек.
Әрине біз бұл кеңестер арқылы баланы 100 пайыз қорғап қала алмаймыз. Бірақ көп жәйттің алдын алуға септігі тиетіні анық.