Бәрін тастап кетіп қалғың келгенде... Не істеу керек?

0
179

Кімдер "басы ауған жаққа" кете алады?


Бәрін тастап кетіп қалғың келгенде... Не істеу керек?

Үйден тыныштық, жанұядан жылулық, жұмыстан абырой мен жетістік таппай, керісінше мәселелер қабаттаса түскен сәттер әр адамның өмірінде кездеседі. Осындай кезде жан дүниең шаршап, барлығын артқа тастап, басың ауған жаққа қашып кеткің келеді. Бұл — әлсіздік емес, ішкі күйзелістен туған табиғи сезім. Алайда сол қашу шын мәнінде тыныштық пен бақытқа апара ма әлде шешілмеген сұрақтар өзіңмен ере кете ме? Осы ойлар көпшілікті толғандырады.

Жасап жүрген жұмысын тастап, жақындарынан жырақтап, үйреншікті өміріне қош айтып шетелге көшіп кетіп жатқандар бар. Олар да осындағы жайы жақсы, күйі керемет болғаннан емес, көңілі толмайтындары көп болғасын көшеді. Әйтпесе, «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар?» Расында да, кейбір адамдар үшін көшу немесе мұхит жағасында «қыс өткізу» шабыт пен энергия көзіне айналуы мүмкін. Алайда кейде мұндай шешім сәтсіз болып, өзіңнен және өз мәселелеріңнен қашып құтыла алмайтыныңды түсінетін кездер де болады.

Таусылмайтын тірлік, бітпейтін мәселелерден қажығанда, бір ғана ой келеді: «Бәрін тастап, жылы, жайлы әрі уайымсыз жерге кетсем ғой». Бірақ мәселе басқада: шынымен де проблемалардан алыстау адамды тыныштандыра ма? Осы арманның барлық артықшылықтары мен кемшіліктерін қарастырайық.


Кімдер "басы ауған жаққа" кете алады?

  • Егер өзіңізбен ішкі жұмыс жасаған болсаңыз, мақсаттарыңыз бен құндылықтарыңызды нақты білсеңіз және алдағы бірнеше жылға өмірлік көзқарасыңыз болса.
  • Табысыңыз реттелген болса: мысалы, онлайн жұмыс істейсіз немесе ұзақ уақыт өмір сүруге жететін жинағыңыз бар.
  • Күтпеген жағдайларға арналған «қаржылық жастығыңыз» болса.
  • Жаңа әлеуметтік байланыстар орнатып, бейімделе алсаңыз (жаңа елдегі әлеуметтік оқшаулану – адамдардың үйге қайтуының басты себептерінің бірі).
  • Кем дегенде ағылшын тілін меңгерген болсаңыз.
  • Тек нәтижеден емес, процестің өзінен ләззат ала білсеңіз.

Егер осы тармақтардың барлығына «иә» деп жауап бере алсаңыз, бір демде кете салу сіздің қолыңыздан келуі мүмкін. Ал егер олай болмаса, қазіргі орныңызда қалып, ішкі күйіңізбен жұмыс істеген дұрыс.


Қай кезде бәрін тастап кетуге болмайды?

  • Егер өзіңізден және өз проблемаларыңыздан қашып жүрсеңіз: қарым-қатынастағы қақтығыстар, күйзеліс, мазасыздық.
  • Тұрақты табысыңыз және қаржылық қорыңыз болмаса.
  • Бейімделу қабілетіңіз дамымаған және ағылшын тілін білмесеңіз.
  • Белгісіздік жағдайында өмір сүру сізге қиын болса.
  • Үйде отырған қыз бәрін тастап кету ниеті неге пайда болатынын және бақытты болу жайын ойлап отыр.
  • Мазасыздық, созылмалы шаршау, ішкі бос сезім немесе қарым-қатынастағы дағдарыс тек орынды ауыстырғаннан жоғалып кетпейді.

Орынды өзгерту барлық мәселені автоматты түрде шешпейтінін түсіну керек. Шын мәнінде, ми чемодан сияқты: қайда барсаң да, ішіндегі «жүк» өзіңмен бірге жүреді.

Мазасыздық, созылмалы шаршау, бос сезім немесе қарым-қатынастағы дағдарыс басқа елге көшкенде жоғалып кетпейді. Керісінше, таныс қолдау, жақын адамдар мен тұрақты тұрмыстық тіректер болмағандықтан, олар күшейіп кетуі мүмкін.


Зерттеулер не дейді?

  • Экспаттардың 30-31%-ы көшкеннен кейін 1-1,5 жылдан соң шешіміне өкінетінін мойындайды;
  • 30% бейімделу, бюрократия және қаржылық қысым салдарынан жоспарланған мерзімнен бұрын елге оралады;
  • Мәдени интеграция зерттеулеріне сәйкес, 60% жаңа мәдениетке сіңісе алмайды, 30% «аралас» өмір салтын ұстанады, ал тек 10% толық ассимиляцияланады;
  • Эмигранттар форумдары мен блогтарында ең жиі айтылатын шағымдар: сағыныш (30,9%), жұмысқа байланысты қиындықтар (26,6%), өмір сүрудің қымбаттығы (25,7%) және жалғыздық (16,6%).


Егер көшуге бел бусаңыз...

  • Мақсаттарыңыз бен қалауларыңызды анықтаңыз. Өзіңізге коуч болып көріп, мына сұрақтарға шынайы жауап беріңіз: «Көшу нәтижесінде не алғым келеді? Осыны мен дәл қазір тұрған жерде ала аламын ба? Басқа жерде қалағаныма жету үшін маған қандай ресурстар мен дағдылар қажет?»
  • Қосалқы жоспар жасаңыз. Егер бәрі жоспарлағандай болмай қалса және кері қайту қажет болса, не істейтініңізді егжей-тегжейлі жазып, «Б жоспарын» дайындау маңызды. Бұл бақылау сезімін күшейтіп, мазасыздықты азайтады. Жақсы идея – өз ойыңызды «тест-драйвтан» өткізу: алдымен жаңа жерде бір ай тұрып көріп, өз жағдайыңызды бақылау.


Егер көшуге мүмкіндік болмаса...

Есіңізде болсын: кейде бәрін тастап кетуден гөрі, өмірге шабыт беретін нәрселерді қосу пайдалырақ — оқу, спорт, шығармашылық, жаңа таныстықтар. Шынымен де, бақытты адам кез келген жерде бола алады. Мұны Элизабет Гилберттің мына сөзі жақсы түсіндіреді: «Бақыт — ішкі таңдаудың нәтижесі. Егер оны өзіңнен таппасаң, басқа жерден де таппайсың».

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ