Жас ұлғаюын тоқтату мүмкін емес, тек оған көзқарасымызды өзгерте аламыз
Сурет: ЖИ
Асылында, адам баласы әр жасын қуана қарсы алуы керек. Бірақ кейде көңілге аздап мұң ұялайтыны бар. Әсіресе, айнаға қарағанда әжім көріне бастаса, орындалмаған жоспарлар ойға түссе немесе қазіргі өмір бала кезде армандағандай болмаса...
Оның үстіне, қоғам да «Бәріне үлгер!», «Әрдайым жас көрін!», «Заман көшінен қалыспа!» деген талаптар қояды. Бұл шын мәніндегі заңды, негізді талап болмаса да, осы түсінік санамызға сіңіп алған.
Алайда жас ұлғаюы дегеніміз өмірдің соңы немесе адамның азып-тозуы емес. Керісінше, жылдар өте келе тәжірибе жинап, өмірді тереңірек түсіне бастайтындықтан, жас қосқан сайын құндылығы арта түсуге тиіс. Ендеше, төлқұжаттағы жасымызға алаңдамай, өзімізді кез келген жаста бағалауды үйрену бәрімізге керек.
Неліктен өз жасымызды қабылдау қиын?
Оның бір себебі – қазіргі қоғамның жастарға көбірек мән беріп, жастық шақты ерекше дәріптеуі. Бүгінде жастық шақты өмірдегі ең маңызды құндылықтардың бірі ретінде қабылдайтындар көбейді. Адамдар тек жас көрінуге емес, жас адамның өмір салтын ұстануға тырысады. Бұл түсінік теледидардан, әлеуметтік желілерден жиі насихатталады.
Қазір жастықты сақтаудың немесе сыртқы келбетті жасартудың түрлі жолы бар. Косметикалық процедуралардан бастап, күрделі медициналық ота жасауға дейін ұсынылатын әдістер аз емес.
Психологтардың айтуынша, сыртқы келбетке шамадан тыс көңіл бөлу адамның өзін шынайы қалпында қабылдауына кедергі келтіруі мүмкін. Адам айнадағы бейнесі өзі ойлаған мінсіз сұлулыққа сәйкес келмегені үшін өзіне көңілі толмай, тіпті өзін ұнатпай кетеді, төмен санай бастайды.
Бірақ адамның құндылығы оның жас көрінуімен өлшенбейді. Әжімнің пайда болуы немесе шаштың ағаруы жақсы қасиеттерін, қабілетін, ақылын не өмірлік тәжірибесін жоққа шығармайды.
Өз жасын қабылдау кейде уақыттың өтіп бара жатқанын сезінгендіктен де қиын болады. Талай нәрсе жасағымыз келеді, бірақ уақыт шектеулі екенін түсінеміз. Ал өмірдің бір күні аяқталатынын ойлау кейбір адамдарды қатты алаңдатады. Мысалы, 40 немесе 50 жастағы адамға жаңа мамандық меңгеруге, басқа адаммен қарым-қатынас орнатуға немесе саяхаттауға кеш қалғандай көрінуі мүмкін. Осындай ойлар өзіне жаңа мүмкіндік беруіне кедергі келтіреді.
Шын мәнінде, жас ұлғаюы бақытты әрі қызықты өмір сүруге, жаңа нәрсені үйренуге, жаңа әдет қалыптастыруға тосқауыл емес. Өз жасыңды қабылдау үшін алдымен өзіңнің қадіріңді түсініп, осы уақытқа дейін не үйренгеніңді, қандай қиындықтарды еңсергеніңді және қандай жетістіктерге жеткеніңді еске түсірген жөн.
Психологтар өзіңді бағалауға, өткен өміріңе басқа көзқараспен қарауға және ішкі үйлесімділікті сақтауға көмектесетін бірнеше жаттығуды ұсынады.
Өмірдегі кемінде 10 жетістігіңді жаз
Қағаз-қалам алып, осы уақытқа дейін қол жеткізген кемінде 10 жетістігіңді тізіп жаз. Бұл міндетті түрде үлкен марапат немесе маңызды қызмет болуы шарт емес.
Мысалы, мектепті жақсы аяқтағаның, қиын кезеңнен өткенің, өзіңе ұнайтын мамандықты меңгергенің, бала тәрбиелегенің немесе отбасыңа қолдау көрсеткенің – бәрі жетістікке жатады. Тіпті дәмді тамақ әзірлеуді үйренгеніңді немесе бұрын қолыңнан келмеген істі меңгергеніңді де жазуға болады. Мақсат – өзіңнің осы уақытқа дейін қаншама нәрсені үйреніп, талай істі атқарғаныңды байқау.
Қаласаң, 10 жетістікпен шектелмей, одан да көп жазу еркі өзіңде. Өзіңе сенімсіздік пайда болғанда немесе бір істі жасауға кеш қалдым деп ойлағанда, осы тізімді қайта оқып шық.
«Өмір жолы» жаттығуы
Үлкен қағаз алып, туған күніңнен бастап бүгінгі күнге дейінгі өміріңді сызық түрінде бейнеле. Сол сызыққа өміріңдегі маңызды оқиғаларды белгіле. Қуанышты сәттерді де, қиындықтарды да, жетістіктер мен жоғалтуларды да ұмытпа.
Мысалы, мектеп бітірген кезіңді, алғашқы жұмысыңды, маңызды шешім қабылдаған сәттеріңді, жаңа нәрсе үйренген кезіңді немесе қиындықты еңсерген уақытыңды жазуыңа болады. Содан кейін өмір жолыңа тұтас қарап шық. Мұның жай ғана өтіп кеткен жылдар емес, сенің жинаған тәжірибең екенін түсінуге тырыс. Әрбір оқиға саған бір нәрсе үйретті. Қиындықтар төзімді болуға көмектесті, қателіктер сабақ болды, ал қуанышты сәттер өмірдің қадірін түсіндірді. Өткенге өкінішпен ғана қарамай, осы оқиғалардың сені бүгінгі қалпыңа жеткізгенін еске түсір. Өміріңдегі әр кезеңнің өзіндік мәні бар.
«Өзіме рұқсат беремін» жаттығуы
Кейде біз өзгелердің пікірінен қаймығып, өз қалауымызды кейінге ысырамыз. Біреудің көңілінен шығуға тырысып, өзімізге не қажет екенін ұмытып кетеміз.
Бұл жаттығу өз қалауыңды түсініп, өзіңе еркіндік беруге көмектеседі. Қағазға «Мен өзіме ... рұқсат беремін» деген сөйлемді жазып, оны 10 түрлі жолмен жалғастыр. Мысалы:
- Мен өзіме шаршауға және демалуға рұқсат беремін.
- Мен өзіме бәріне бірдей ұнамауға рұқсат беремін.
- Мен өзіме қателесуге және одан сабақ алуға рұқсат беремін.
- Мен өзіме ыңғайлы қарқынмен қимылдауға рұқсат беремін.
- Мен өзіме жаңа нәрсе үйренуге рұқсат беремін.
- Мен өзіме көмек сұрауға рұқсат беремін.
- Мен өзіме басқаның өмірімен салыстырмай, өз жолыммен жүруге рұқсат беремін.
- Мен өзіме жаңа мақсаттар қоюға рұқсат беремін.
- Мен өзіме қуанып, өмірдің жақсы сәттерін бағалауға рұқсат беремін.
Бұл сөйлемдерді өз жағдайыңа қарай өзгертуге болады. Ең маңыздысы өзіңе не жетіспейтінін және нені қалап жүргеніңді түсіну.
«Денеме алғыс айтамын» жаттығуы
Күнделікті тіршіліктің қарбаласында өз денемізге алғыс айтуды ұмытып кетеміз. Ал денеміз тыныс алуымызға, қозғалуымызға, сезінуімізге және күнделікті істерімізді атқаруымызға көмектеседі.
Денеміз тәулік бойы жұмыс істейді. Біз ұйықтап жатқанда да ағзамыздағы көптеген үдеріс жалғасып жатады. Сондықтан кейде тоқтап, денемізге көңіл бөлген жөн.
Психолог мынадай жаттығуды ұсынады: көзіңді жұмып, денеңді сезінуге тырыс. Оның саған күн сайын қалай көмектесетінін ойла. Содан кейін іштей денеңе алғыс айт.
Мысалы, аяққа күнделікті жүруге көмектескені үшін, қолға түрлі жұмысты атқаруға мүмкіндік бергені үшін, көзіңе айналаңдағы дүниені көруге көмектескені үшін алғыс білдір. Бұл жаттығуды күн сайын қайталауға болады. Денеңе алғыс айту – оны қабылдап, қадірлеудің бір жолы. Өйткені денсаулығың мен өміріңді бағалау өзіңе деген құрметтен басталады.
Денеңнің мінсіз болуы міндетті емес. Оның сен үшін атқарып жүрген қызметін бағалап, күтім жасау маңызды.
Жас ұлғаюын тоқтату мүмкін емес. Бірақ оған деген көзқарасымызды өзгерте аламыз. Жылдар өткен сайын адам тек жасын ғана емес, тәжірибесін, білімін, өмірлік түсінігін де арттырады. Өзіңді өзгелермен салыстыруды азайтып, өткен өміріңдегі жетістіктеріңді бағалауға тырыс. Жаңа нәрсе үйренуге, арманыңды жүзеге асыруға немесе өміріңе өзгеріс енгізуге ешқашан кеш емес.
Уақыттың өтуі – жаза емес. Әрбір жас кезеңінің өз қуанышы, мүмкіндігі мен ерекшелігі бар.
Дайындаған: Төре СЕЙІТХАН,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
Баланы дәрігерге ҚАЙ ЖАСЫНАН бастап ЖАЛҒЫЗ жіберуге болады?


