Мұның зиянды әдетке айналып, проблемаға айналғанын анықтау оңай.
Жаңа шығып жатқан фильмдер мен сериалдар санының көптігі соншалық, көріп тауысу мүмкін емес. Сападан көрі, сан басым. Кейбіреуін тіпті қарап біте салысымен ұмытып үлгересің. Әр жаңаға көз жүгірте бергеннен, ескі сүйікті фильмді қайта қараған әлдеқайда абзалырақ. Неліктен?
Бұл туралы нақты ғылыми деректер жоқ, бірақ болжамдар бар. Көп жағдайда сүйікті фильмдер мен сериалдарды қайта көру психикалық денсаулыққа пайдалы болуы мүмкін. Себебі таныс картиналар…
1. Миға жүктемені азайтады
Күні бойы ми артық жүктемелерге тап болады: жұмыстағы тапсырмалар, желідегі жаңалықтар, балалардың сұрақтары, әріптестермен әңгіме, т.б. Жаңа фильм мен сериал көру де қосымша ақыл-ой күшін талап етеді. Бізге жаңа оқиғаларды бақылау, кейіпкерлермен танысу, сценарий желісін, туынды иелерінің айтпақ болған түпкі ойын түсіну керек. Ал бұрын көрген картиналарға қайта оралғанда ми соншалықты күш салмайды, ол жай ғана сүйікті көріністерден ләззат алып, демалып, тынығады.
2. Стрес пен мазасыздықты басады
Бұл ғылыми дәлелденген факт емес, бірақ зерттеушілер жүргізген шағын сауалнама деректері бар. Кей адамдар үшін таныс оқиғалар хаосты әлемде жағдайды өз бақылауында ұстау мен сенімділік сезімін тудырады. Өйткені көрермен киноның немен аяқталатынын алдын ала біліп отырады. Бұл қауіпсіздік сезімін береді. Ал жаңа сюжеттің біз күтпеген, болжай алмаған соңы уайым мен мазасыздық тудыруы мүмкін.
3. Эмоцияларды жеңілдетуге көмектеседі
Кейде шаршап, өмірден түңілгенде, көңіл-күйіміз түсіп, ренжіген кезде сүйікті фильмді қайта қарау сөнгелі тұрған үмітті қайтадан маздатуы мүмкін. Әсіресе, кейіпкерлер қиындықтарын жеңіп, соңы бақытты аяқталатын фильм болса.
4. Қатыстылық сезімін тудырады
Сүйікті туындыға айналған фильмнің кейіпкерлері туысыңдай болып кетеді. Олармен эмоционалдық байланыс орнап, аралас-құраласың бар адам сияқты қарайсың, шын жаның ашиды. Осы фильмге сіңірген еңбегің бар секілді сезінесің өзіңді. Сондықтан кей адамдар үшін ескі сүйікті фильмді қайта көру жақын адамдарымен бірге отырғандай әсер қалдырады.
5. Шешім қабылдауға кететін күшті үнемдейді
«Бүгін не киемін? Кешке не пісіремін? Ананы қалай істеймін? Мынаны қайтемін?» дегендей көптеген сұрақтарға жауап береміз. Мұндай шешімдер ұсақ болса да, саны көп әрі жиі қайталана бергесін, шаршатады. Бұл жүкке тағы «Қандай кино көрсем екен?» дейтінді қосып қайтесіз? Жаңа фильмнің постерін, тизерін қарау, «Қызық па екен? Ұнамай қалса ше? Уақытты құр босқа жоғалту болмай ма?» деген сынды сұрақтар сүзгісін жасаудың өзі де күшті алады. Ал сізге ұнайтыны күмәнсіз таныс картиналарға қайта оралу шешім қабылдауға кететін ресурсты үнемдейді.
6. Жаңа детальдарды байқаймыз
Фильмді әр қайталап көрген сайын бұрын назар аудармаған бөлшектерді байқауымыз мүмкін. Мәселен, бұрын мәсініс ұға қоймаған астарлы сөз, тапқыр реплика, кейіпкердің күлкілі бет-әлпеті немесе басқа туындыға жасалған ишара, т.с.с.
7. Бізге кейде фондық дыбыс қажет
Кейде біз сюжетті мұқият бақылаудан емес, таныс дыбыстардың кеңістікті толтыруынан да ләззат аламыз. Сондықтан сүйікті сериалды ас әзірлеу, үй жинау немесе әлеуметтік желіні ақтару кезінде қосып қоюдың да өзіндік пайдасы бар.
Қашан мәселеге айналуы мүмкін?
Сүйікті киноны қайталап көре беру ауыр эмоциялармен күресудің басқа пайдалы тәсілдерін ығыстырып, жұмыстағы өнімділікті төмендетсе, бұл дабыл белгісі болуы керек. Мұның зиянды әдетке айналып, проблемаға айналғанын анықтау оңай. Ол үшін өзіңізден сұраңыз: сіз маңызды істерден бас тартып, экран алдында қалуды жиі таңдайсыз ба? Егер жауабыңыз «иә» болса, демек бұл әуесті сіз үшін пайдалы болып жатқан жоқ.
Фильмді шынайылықтан қашу үшін емес, шынайы өмірдегі жақсы әсерлерді арттыру үшін ғана қараңыз.
Аударған: А. Мейірханқызы,


