ЦИФРЛЫҚ ТӘРБИЕ: Балаларға ғаламтор жайлы не үйрету керек?

0
133


ЦИФРЛЫҚ ТӘРБИЕ: Балаларға ғаламтор жайлы не үйрету керек?

Сурет: i.pinimg.com

Қазіргі балалар ғаламторды кішкентай кезінен бастап белсенді пайдаланады. Ата-аналары қаласа да, қаламаса да, уақыттың талабы солай. Сондықтан тыйым салумен мәселе шешілмейді. Оның орнына желіде отырғанда қандай қателік жібермеу керегін және сақтық ережелерін үйреткен абзал.

Балалар ғана емес, ересектердің өзі ғаламторда жиі жіберетін, соңы қауіпті салдарларға әкелетін басты 3 қателік мыналар.


1. Анонимділікке сену

Аты-жөні көрсетілмейтін анонимді жазба немесе жалған атпен ашылған парақша – мұның бәрі қауіпсіз сияқты көрінеді. Бірақ шын мәнінде желі құпиясын білген адам олар арқылы біраз алады. Геобелгілер, IP-мекенжай, скриншоттар, тіркелген парақшалар, ортақ таныстар, т.б. арқылы жазбаның немесе парақшаның иесін әшкерелеу оңай.

Қандай да бір сайт аты-жөніңізді сұрамай, тіркеусіз кіруге рұқсат берсе де, ол сіз туралы үлкен көлемде дерек жинай береді.


2. Аккаунттардың байланысы

Қазір түрлі әлеуметтік желілердегі бірнеше аккаунтты бір-бірімен байланыстыру қызметі ұсынылады. «Бұл – ыңғайлы» деп ойлаймыз көбіміз. Өйткені «әлеуметтік желі арқылы кіру» батырмасы уақытты үнемдейді, аккаунтқа кіруді жеңілдетеді. Егер логин-парольді ұмытқан болсаңыз, басқа желідегі байланысқан аккаунт арқылы қалпына келтіруге болады. Оннан аса қызметті бір аккаунтқа байлап тастайды. Ал егер сол аккаунт бұзылса, жазылымдарыңыз, жазбаларыңыз, фото-мұрағаттарыңыз және маркетплейстердегі сатып алуларыңыз да зиян көреді.

Осыған ұқсас жағдай телефон нөмірімен де болады. Нөмірді банк, мемлекеттік қызметтер немесе мессенджерлер сияқты аса маңызды сервистерге тіркейміз. Осы күйде смартфоныңызды жоғалтып алсаңыз не болатынын елестетіңізші?


3. Ашық Wi‑Fi желісіне сену

Аэропортта, саябақта немесе кофеханада ашық әрі тегін Wi‑Fi болғаны ыңғайлы. Бірақ мұндай орындарда вирустан қорғану деңгейі өте төмен. Логин, құпиясөз, хат алмасу мен карта деректері бөтен адамдардың қолына түсуі әбден мүмкін.


Бүгінгі ата-аналар балаға тек жасыл жанғанда жолдан өтуді немесе бейтаныс адамдармен сөйлеспеуді ғана емес, цифрлық әлемнің де ережелерін үйретуі керек.

1-ереже: Құпиясөздер күрделі болуы керек

Балада алғашқы жеке смартфон, планшет, компьютер пайда болған сәттен бастап оны сенімді құпиясөз жасауды және сақтауды үйрету қажет. «123456», туған күн немесе барлық аккаунтқа бір ғана құпиясөз қолдану сияқты жеңіл нұсқаларды таңдау – үлкен қате. Бұл пәтердің кілтін кілемшенің астына тығып қоюмен тең. Жеңіл құпиясөзді алаяқтар бір демде тауып алады. Ал барлық жерде бірдей құпиясөз болса, бір сервисті бұзу арқылы қалған барлық аккаунтқа жол ашылады.

Қалай дұрыс құпиясөз құруды балаға көрсетіңіз:

  • Ең аз дегенде 8 таңбадан тұруы керек.
  • Үлкен және кіші әріптер, сандар, арнайы таңбалар болуы қажет.
  • Құпиясөзді қағазға немесе телефондағы жазбаларға сақтамаған дұрыс – пароль менеджерін қолданып үйретіңіз.
  • Екі факторлы аутентификация (2FA, қосымша қауіпсіздік қабаты) орнатылған қосымшалардың бәрінде оны міндетті түрде қосыңыз.


2-ереже: Өзің туралы артық ақпарат жариялауға болмайды

Әлеуметтік желі – жасөспірімнің өзін «керемет» қылып көрсеткісі келетін, басқалардың назарын аударуға тырысатын ортасы. Лайк, пікір, жазылушы жинау үшін немесе жай ғана білместікпен өздері туралы шамадан тыс көп ақпарат жариялап жібереді. Үйдің фотосы мен мекенжайы, геолокация, телефон нөмірі, қай мектепте оқитыны, ата-анасы немесе туыстары туралы, т.б. маңызды деректер бар фото-видеоны жарияламау керегін ұқтырыңыз.

Балаға мынаны түсіндіріңіз:

  • Мұндай ақпаратты алаяқтар немесе зиянкестер пайдаланып кетуі мүмкін.
  • Профильді жеке (жабық) етуге болады, оны тек достар көретіндей етіп баптау керек.
  • Геолокацияны өшіріңіз, ал телефон нөмірін ашық түрде жарияламау керек.
  • Егер бала жеке сәттерімен бөліскісі келсе, қауіпсіз жол ретінде жақын достармен жабық чат ашуды ұсыныңыз.


3-ереже: Бейтаныстарға тек көшеде емес, интернетте де сенуге болмайды

«Маған дауыс бер», «Жиенім конкурсқа қатысып жатыр» немесе «Мына сілтемеге өт», «Сен жеңдің!», «Тегін сыйлық» деген жазуы бар хабарламалар жиі келеді. Ересектер оның алаяқтан әлде шын сенімді адамнан келгенін ажыратуды ендігі үйренді. Ал балаларда ондай тәжірибе жоқ, сондықтан олар киберқылмыскерлерге өте осал келеді.

Балаңызбен келесі мәселелерді талқылаңыз:

  • Тіпті таныс адам жіберген күмәнді сілтемеге өтуге болмайды (мысалы: «Суреттегі сен емес пе?», «Маған шұғыл түрде ақша бере тұршы» деген хабарламалар).
  • Интернетте де шынайы өмірдегідей, бейтаныс адамға сенуге болмайды.
  • Таныс емес адамдардан келген файлдар мен хат тіркемелері вирустар алып келуі мүмкін.
  • Антивирус орнатыңыз және балаға оны қалай жаңартып отыру керек екенін көрсетіңіз.


4-ереже: Аккаунттарды байланыстырсаңыз, абай болыңыз

Аккаунттардың байланысы қауіпсіз болуы үшін:

•Бір басты аккаунтпен ондаған сайтқа кірмеңіз.

•Маңызды сервистер үшін жеке аккаунт ашыңыз.

•Күрделі құпиясөз және екі факторлы қорғау қойыңыз.

Сонымен қатар, қол жеткізу құқықтарын қарап шығып, қажет емесін өшіріңіз. Көп адам тіркеуді автоматты түрде жасайды, сол себепті сізде 10 жыл бұрынғы қажетсіз жазылымдар әлі де белсенді болуы мүмкін.


5-ереже: Қоғамдық орындағы тегін Wi‑Fi – қауіпті

Қоғамдық орындардағы ашық Wi‑Fi желісін қолданар болсаңыз, мынадай қауіпсіздік шараларын сақтаңыз:

•Маңызды аккаунттарға кірмеңіз.

•Сатып алулар жасамаңыз.

•Егер банкке шұғыл кіру қажет болса, қоғамдық желіден емес, смартфон арқылы жеке интернет таратқан дұрыс.


6-ереже: Кибербуллингке (интернеттегі қудалау) жауап бермеу

Егер біреу әлеуметтік желі арқылы байланысқа шығып қорқытса, пікірлер алаңында намысқа тиіп, мазақ етсе, рұқсатсыз сурет таратса, оған мүлде жауап бермеу керек. Мұндай жағдайды міндетті түрде ата-анаға, мұғалімге айту керек. Баланың кез келген интернеттегі жағдайды ата-анасымен бөлісе алуы – басты қауіпсіздік кепілі.


7-ереже: Қауіпсіз сайттар мен қосымшаларды пайдалану

  • Телефон баптауларын қолдану арқылы тек сенімді, жас ерекшелігіне сай контентке рұқсат беріңіз.
  • Интернетте өткізетін уақытты шектеңіз.
  • Ата-ананың бақылауын (parental control) қолданыңыз.

Ғаламтор – үлкен әлем. Онда жақсы адамдар да, жаман ниеттілер де бар. Қауіпсіздік ережелерін балаға ерте жастан түсіндіру - оны қорғайтын маңызды қадам.

Дайындаған: А. Бектұрғанова,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Еркектің ОСЫ СӨЗДЕРІ әйелге ауыр тиеді