«Әбден жәбір көрген»: 25 жыл бұрын жоғалған түркістандық жігіт табылды

0
603

10 жыл бойы жалдамалы жұмысшы болып, жұмыс берушілер тарапынан жәбір көрген.


«Әбден жәбір көрген»: 25 жыл бұрын жоғалған түркістандық жігіт табылды

Түркістан облысында 25 жыл бұрын жоғалып кеткен жігіт табылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістандық полицейлер 1 күннің ішінде бір-бірін 25 жыл көрмеген бауырларды қауыштырды. Нақтырақ айтсақ, облыстық полиция департаментіне жергілікті тұрғын хабарласып, Төлеби ауданындағы ауылдардың бірінде жас жігітті тұтқында ұстайтындығы туралы арыз түсірген. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК 126-бабы «Заңсыз бас бостандығынан айыру» бойынша Түркістан облысы ПД-ға тіркейді.


Ақпарат алысымен барлық қажетті тергеу әрекеттерін шұғыл атқарған департамент қызметкерлері жәбірленушінің айту бойынша оның ата-анасы кішкентай кезінде қайтыс болғанын, содан ол балалар үйінде, сондай-ақ интернатта тәрбиеленгенін анықтады. Ер жеткен соң, 10 жыл бойы облыс аудандарындағы түрлі шаруашылықтарда жалдамалы жұмысшы болғаны және жұмыс берушілер тарапынан жәбір көргені белгілі болды. Сондай-ақ, жас жігіттің есінде өзінің жақын туыстары мүлдем сақталмаған. Бірнеше сағат бойы жан-жақты жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде полицейлер Түркістан қаласының жанындағы Сауран ауданында тұратын жас жігіттің туыстарын тапты. Яғни полицейлер жоғалған азаматтың үлкен әпкесі мен жездесі бар екенін анытап, туыстарды қауыштырған.


Белгілі болғандай, әйел бірнеше жыл бойы жоғалған інісін өздігінен іздеп, таба алмаған. Бауырымен қауышқан әпкесі Ботакөздің айтуынша, олардың ата-аналары бала кезінде қайтыс болған. Ал, туыс ағасы оның екі бауырын балалар үйіне өткізген. Сол кезде үлкені 9 жаста, кішісі 4 жаста болған екен. Кейіннен олардың кішісінен қол үзіп, ізін жоғалтып, хабарсыз қалған. Содан інісін табуға 2020 жылдан бастап кіріскен. Алайда, полицияның көмегіне мүлдем жүгінбеген және арызданбаған. Өз кезегінде тергеушілер осы жайт бойынша мұқият тергеу жүргізіп, оқиғаның толық мән-жайын анықтайтын болады.