Карантинде той жасаған түркістандықтар анықталды

0
1 031

Әкімшілік шара қолданылған.


Карантинде той жасаған түркістандықтар анықталды

Келес ауданында қыз ұзату және беташар жасаған тұрғындар анықталды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысы Келес ауданы Абай ауылында жергілікті тұрғын өз үйінде 50-ге жуық туыстарын жинап Қыз ұзату тойын өткізген. Полицейлер мобильдік топпен бірге тез арада той жасап тәртіп бұзған үйге барып, тексеру жұмыстарын жүргізді. Дереу той тоқтатылып, той иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы "Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу" бойынша хаттама толтырылған.

Дәл сол уақытта Біртілек ауылында да карантин режимін біле тұра той өткізіп жатқандар анықталған. Онда жергілікті тұрғын өз үйіне 30-ға жуық адам жинап, келін түсіріп, «Беташар» тойын өткізген. Тәртіпке бағынбай, карантин режимін бұзған той иесіне қатысты заңға сәйкес әкімшілік шара көрілген.

Жалпы карантиндік шаралар енгізілгеннен бері Келес ауданының полицейлері рейдтік және профилактикалық іс-шаралар барысында 93 құқықбұзушылықты анықтағанын айтады.

"ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы "Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу" бойынша Келес ауданында анықталып, жинақталған материалдар тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне жіберіліп, 49 құқықбұзушы азаматқа қатысты іс қаралып, оларға 2 миллионға жуық айыппұл салынған", - деп мәлімдеді Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.