​«Мәңгілік Ел жастары - индустрияға» жобасына қанша грант бөлінді?

0
3 113

2018 жылы осы жоба аясында 7 ЖОО-ын 443 жас бітіріп шыққан


​«Мәңгілік Ел жастары - индустрияға» жобасына қанша грант бөлінді?

ERNUR.KZ. Түркістан облысы Отбасы және жастар ісі жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Мұхтар Сейдахметұлы Сейтжапбаров БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

"2014 жылдан бастап Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан -2050» стратегиясында айқындалған басымдықтарды жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралардың бірі - «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға» жобасы жүзеге асқан болатын. Оның басты мақсаты еңбек күші аз болып есептелетін еліміздің Солтүстік, Батыс, Шығыс өңірлеріндегі 9 облыстағы 24 оқу орындарына және 30 кәсіптік-техникалық колледждерге халқы көп шоғырланған Оңтүстік жастарын оқытып, оларды сол аймақтарда жұмыспен қамту болып табылады. Сонымен қатар бұл жобаға қалалық мектеп бітіруші түлектер қатыспайды. Жоба басталғалы бері 4 жылда жобаға 15 мыңнан астам грант бөлінген, Түркістан облысы бойынша ЖОО-на – 6490, колледждерде – 1938 жас білім алуда. 2017-18 жылдары «Мәңгілік ел жастары - индустрияға» жобасына республикадан 4513 грант бөлінді. Оның ішінде 3793-і ЖОО-на, 720-сы 32 кәсіптік-техникалық колледждерге берілді. ЖОО бойынша білім саласына 1550 грант, техникалық ғылымдар және технологиялар саласына 1898 грант, ауылагрономия және ветеринария саласына 345 грант бөлінген. 8000-ға жуық талапкерлер құжат тапсырып, 1792 талапкер конкурстар мен іріктеулерден өтіп, оқу орындарына түскен", - деді М. Сейтжапбаров.

Басқарма басшысы орынбасарының сөзінше, 2018-19 оқу жылында «Мәңгілік Ел жастары - индустрияға» жобасына 5089 мемлекеттік грант бөлініп отыр. Оның ішінде ЖОО бойынша білім саласына – 1414, техника ғылымдары мен технологиялар саласына – 3338, ауылшаруашылығы ғылымдары саласына – 337 грант берілген. Кәсіптік-техникалық колледждерге 740 грант бөлінген. ҚР Үкіметі бекіткен тәртіпке сәйкес аталмыш жоба аясында білім алып жатқан студенттерге шәкіртақы, жатақхана мен оларды жұмысқа орналастыру қарастырылған. 2018 жылы талапкерлерден 18 шілде мен 26 маусым аралығында еліміздің барлық ЖОО-да құжаттар қабылданады. Түркістан облысы бойынша «Мәңгілік Ел жастары - индустрияға» жобасына құжат тапсыратын талапкерлер үшін 3 арнайы орын қарастырылыпты. Олар Шымкентте - 2, Түркістан қаласында – 1. 2018 жылы осы жоба аясында 7 ЖОО-ын 443 жас бітіріп шыққан.

Алайда қазіргі кезде Қазақстанның басқа аймақтарындағы жоғарғы немесе орта оқу орындарын бітіріп, диплом алған жас мамандар бағдарламаның сол өңірден қызмет тауып беретіндігіне қарамастан туған ауылына, ата-анасының жанына асығатынын айтты Сейтжаппаров журналистің қойған сауалына орай.

"Туған өңірлерінен жұмыс табуға әрекет жасайды. Олардың ойынша Солтүстіктің суық ауа-райынан оңтүстіктің жылы климаты маңызды", - деп айтып өтті Түркістан облысы Отбасы және жастар ісі жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Мұхтар Сейдахметұлы Сейтжапбаров.