ОҚО: Бағыс ауылы әлі тіркеусіз отыр

0
2 746

Қазақстан мен Өзбекстан шекарасын демаркациялайтын кезде дауға түскен Ақжар ауылдық округіне қарайтын Бағыс ауылы Шымкенттен 150 шақырым қашықта орналасқан. Ауылдың құрылғанына бір ғасырдан асқан. Тұрғындар жер телімін алып, жеке тұрғын үй салғанымен оны рәсімдей алмай жүр.


ОҚО: Бағыс ауылы әлі тіркеусіз отыр

Қазақ-өзбек шекарасындағы Бағыс ауылының тұрғындары жеке тұрғын үй мен жер телімін әлі рәсімдей алмай жүр. Жергілікті әкімдік тіркеуге қаржы бөлінгенін, ауылға газ да тартылатынын айтады.

Қазақстан мен Өзбекстан шекарасын демаркациялайтын кезде дауға түскен Ақжар ауылдық округіне қарайтын Бағыс ауылы Шымкенттен 150 шақырым қашықта орналасқан. Ауылдың құрылғанына бір ғасырдан асқан. Тұрғындар жер телімін алып, жеке тұрғын үй салғанымен оны рәсімдей алмай жүр. 17 жыл бұрын «Бағыс» атауы қазақ-өзбек шекарасындағы мәселелердің жиынтық символына айналған болатын.

Шымкент пен Сарыағашты жалғайтын үлкен жолдан бұрылып Бағысқа алып баратын екі жолақты сегіз шақырымдық асфальт жолдың тозығы жеткен. Ойық-ойық жері сүріліп, тегістелгенімен асфальт төселмеген, тас пен топырақ аралас жатыр. Ішке қарай төрт шақырым жол жүрген соң оң жақ беттен қазақ-өзбек шекара сымдары мен алыстан шекара мұнарасы көрінеді.

Бағыс ауылының түбінде орналасқан шекара қызметі. Сарыағаш ауданы. Оңтүстік Қазақстан облысы.
Бағыс ауылының түбінде орналасқан шекара қызметі. Сарыағаш ауданы. Оңтүстік Қазақстан облысы.

Шекарадан шамамен 150-200 метр қашықта ойпаңдау жерде орналасқан Бағыс ауылында төрт жол бар. Ауылға кіре беріста жаңадан салынған медициналық амбулатория мен апатты жағдайда деп танылған 23-мектептің ғимараты көрінеді. Мектеп жанындаға футбол алаңында балалар доп теуіп жүр. Ойын баласының дауысына өрістен қайтқан төрт түліктің дауысы мен иттің үргені қосылады.

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ

Ауылдың басты жолына асфальт төселген. 2017 жылы 2 жаңа балабақша ашылған. Әр үйдің тұсында табиғи газдың есептегіш құралы орнатылған. Ауыл ішінде газ құбыры тартылғанымен, орталықтан ауылға дейінгі бөлігін салу әлі басталмаған. Соңғы бес жылда ауыл халқы 190 отбасыдан 229 отбасына көбейгенімен жас отбасылар жер телімін ала алмайды. Өзге ауыл не қалада өмір сүруге мүкіндігі болмағандықтан екі-үш отбасы болып бір үйде тұрып жатқандар бар. Олардың бірі Шарипа Хусаинова бес бөлмелі жеке тұрған үйінде үш ұлы мен келінін паналатып отыр. Отбасылы болған балаларының еншісін берейін десе баспана жоқ екенін айтады.

Шарипа Хусаинова, Бағыс тұрғыны. Сарыағаш ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 16 мамыр, 2018 жыл.
Шарипа Хусаинова, Бағыс тұрғыны. Сарыағаш ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 16 мамыр, 2018 жыл.

- Әкімдік жылда «жер телімі беріледі» дегенімен қай уақытта бөлетіні белгісіз. Үй жоқ, күй жоқ. Бір үйде 14 адам тығылып отырмыз. Үлкен келінім мен балам жұмыс істейді. Кіші балаларым мен келіндерім жұмыссыз. Кіші келінім оқыған, қолында дипломы бар. Бірақ жұмыс жоқ. Жылда мектепке барып жұмыс сұраймыз. «Орын жоқ» деп шығарып салады, - дейді ол.

Шарипа Хусаинованың отбасы тұрып жатқан жеке тұрғын үйі салынған жер телімі 20 сотық шамасында. Үлкен үйінің жанынан үш бөлмелі шағын үй салған. Онда бір баласы мен келіні немерелерімен бірге тұрады. Жағалай салынған мал қораның жанында екі қатар мәуелі ағаштар өсіп тұр. Ауыз су мен бау-бақша үшін ауыл тұрғындары бұлақ суын пайдаланып отыр.

- Бұл жерде егін де еге алмаймыз. Ағын су жоқ, - дейді әйел менің бақшасына қарап тұрғанымды байқап.

Бағыс ауылының тұрғыны зейнеткер Жанат Мажурованың да екі баласы шамамен елу жыл бұрын салынған жеке тұрғын үйде тұрады. Екі баласы да отбасылы, кәмелет жасқа толмаған балалары бар. Ауылда жұмыс таппағандықтан бірі – Алматыға, екіншісі – Астанаға жұмыс істеуге кеткен. Жеке тұрғын үй мен тозығы жеткен мал қорасының төңірегінде немерелері ойнап жүр.

Жанат Мажурова, Бағыс тұрғыны. Сарыағаш ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 16 мамыр 2018 жыл.
Жанат Мажурова, Бағыс тұрғыны. Сарыағаш ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 16 мамыр 2018 жыл.

- Келіндерім мен немерелерім үйде. Егін екпейміз. Егін егуге жер де, оны суаруға су да, өсіруге қаражат та жоқ. Жұмысқа кеткен балалардың тапқаны мен ай сайынғы зейнетақымен амалдап күн көріп отырмыз, - дейді зейнеткер.

ТІРКЕЛУ ҚИЫНДЫҒЫ

Бағыс ауылында туып-өскен, тұрғындар өз араларынан шығарып «би» етіп сайлаған Абидулла Құсайыновтың сөзінше, ауыл үйлерінің 90 пайызы әлі күнге ресми тіркелмегендіктен Қазақстан картасына түспеген. Тұрғындардың қолында үй-жайлары орналасқан жер телімінің актісі, техникалық паспорты сияқты құжаттары болғанымен республиканың бірыңғай базасына енбей отыр. Екі ел арасындағы ратификация әлі бітпеген.

- Үй-жайдың құжаттарын рәсімдеуді айта-айта қазір тоқтадық. 1947 жылы салынған апатты жағдайда тұрған мектебімізді айтып, жаңасын сұраған едік. Ол да ауылда жаңадан жер телімін беруге болмайтындықтан тоқтап тұр. Жалпы мектепке әр жылдары жалғама сыныптар салынып, қосылған. Десе де барлығы заң талабына сай емес. Бала сыйымдылығы тығыз. Бағыс ауылымен қоса Сырлысай ауылының 370 баласы 170 балаға шақталған мектепте оқып жатыр, - дейді Абидулла Құсайынов.

Абидулла Құсайынов, Бағыс тұрғыны. Сарыағаш ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 16 мамыр 2018 жыл.
Абидулла Құсайынов, Бағыс тұрғыны. Сарыағаш ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 16 мамыр 2018 жыл.

2017 жылы ауылдағы бос қалған жеке тұрғын үйлердің орнында екі жекеменшік балабақша ашылып, 40 шақты адам жұмысқа орналасқан. Ауылға жақын маңда тұрған ет комбинатында 60 шақты адам, мектепте 50-ден аса адам жұмыс істейді.

- Осымен ауыл тұрғындарының жұмыссыздық мәселесі біршама шешілгендей болды, - дейді ауыл «биі».

Абидулла Құсайынов Азаттық тілшісіне Бағысты аралата көрсетіп жүріп, әр көше мен үйдің жайын баяндай бастады.

Бағыс ауылының сыртындағы футбол алаңы. Сарыағаш ауданы. Оңтүстік Қазақстан облысы. 16 мамыр 2018 жыл.
Бағыс ауылының сыртындағы футбол алаңы. Сарыағаш ауданы. Оңтүстік Қазақстан облысы. 16 мамыр 2018 жыл.

- Мына екі үйдегі көршілеріміз ауылдан жұмыс таппай, үйін тастап қалаға кетті. Ауылда мұндай отбасылар баршылық. Бізде жұмыс мәселесі өте күрделі. Қалада жалдамалы пәтерде тұрып, итшілеп күн көріп жүрген жастардың да ойлайтыны – осы. Ауылға көшіп келгенде не мақсат? Халық егін де еге алмайды, мал да баға алмайды. Шекара сызығы белгіленген соң ауылдың егіндік жері Өзбекстанға өтіп кетті. Қайтарып береді деп еді, сол күйі қалды. Сарыағаш ауданының аумағында тұрамыз, бірақ Қазығұрт ауданынан жерді жалға алып егін егеміз. Жер жеткіліксіз. 210 отбасына 163 гектар жер берді. Әр отбасына жарты гектар жерден де тимейді. Жастар қалаға әлі де кетіп жатыр, - деді ол.

Ауыл тұрғындарына егін салуға Қазығұрт ауданынан 163 гектар суармалы жер, 107 гектар жайылымдық жер бөлінген. Ал ауыл маңындағы ратификация күтіп, тіркелмей жатқан ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі - 550 гектар. Екі жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Нұрполат Талипов Азаттық тілшісіне ратификациялау жұмысы 2016 жылдың соңында бітеді деп мәлімдеген.

ӘКІМНІҢ УӘЖІ

Тұрғындардың айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас жақсарған соң екі ел арасындағы шекара бекеттерінен ары-бері өту оңайлаған. Ауыл халқы емін-еркін Өзбекстандағы туған-туыс, құда-жекжатына барып келіп жүр. Бірақ Бағысқа кіретін жалғыз жолдың үстіне қазақстандық шекарашылар көшпелі пост қойып, ауылға кірген-шыққан адамдарды бақылап, құжаттарын тексеретін болған. Алғашында тұрғындар мұны түсінбегенімен, қазір жеке куәліктерін өздерімен бірге алып жүруді үйренген.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекара келісіміне 2002 жылдың қыркүйек айында қол қойылған. Дау тудырған Бағыс сияқты бірнеше елді мекен Қазақстанға беріліп, есесіне бірнеше ауыл Өзбекстанға өткен. Қазір екі ел арасында даулы аймақ жоқ деп саналады.

Қызметке кіріскеніне бір жыл енді толған Сарыағаш ауданы Ақжар ауылдық округінің әкімі Көбжан Тайыржанов Бағыс ауылында ратификация мәселесі әлі күнге толық шешілмегенімен, республиканың бірыңғай базасына тіркеуге рұқсат алғанын айтады. Тіркеуге байланысты бірнеше мәселе бар екенін растайды.

Бағыс ауылындағы асфальт төселген көшелердің бірі. Сарыағаш ауданы. Оңтүстік Қазақстан облысы. 16 мамыр 2018 жыл.
Бағыс ауылындағы асфальт төселген көшелердің бірі. Сарыағаш ауданы. Оңтүстік Қазақстан облысы. 16 мамыр 2018 жыл.

- Ауыл ішіне газ құбыры тартылған. Енді оны аудан орталығынан келетін газ құбырына жалғау жоспарлануда. Ауылдағы жеке тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды республиканың бірыңғай базасына тіркеу, Қазақстан картасына енгізуге рұқсат алдық. Тұрғындардың үй-жайын әлеуметтік нысандарды тіркеу үшін бюджеттен 1 миллион 300 мың теңге бөлінді. Тіркеу біткен соң газ құбырын тарту, жаңа мектеп салу мәселесі де шешіледі. Ауылда жайылым жерлер бар. Тіркеу жұмыстары біткеннен соң осы жерден жер телімін беру де жеңілдейді, - дейді Көбжан Тайыржанов.

Әкім үй-жайлары шекарадағы даулы аумақта орналасқандықтан ішкері көшірілген тұрғындардың мәселесі де, мектеп жайы да шешілетінін айтады.

- Бес үй шекара аумағына түсіп қалған. Олардың біреуіне үй берілді. Апатты жағдайда тұрған жалғыз мектеп бар. Оқушы санының көбеюіне байланысты жаңа мектеп салуға жер бөлінген, - дейді ол.

Ресми мәліметке сәйкес Бағыс ауылында 229 отбасы, 1360 адам тұрып жатыр.

дереккөз: azattyq.org