Жиын барсында өңір басшысы қонақтарға облыс аумағындағы маңызды тарихи нысандар туралы мағлұмат жинастырып, арнайы сериямен кітап шығаруға атсалысуға шақырды.
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Түркі академиясы халықаралық ұйымы президенті Д.Қыдырәлімен, осы академияның профессоры Қ.Қонқабаевпен, академия президентінің кеңесшісі Е.Исақұловпен және ғалым А.Тойшанұлымен кездесті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Басқосуда Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған міндеттерді іске асыру жайы талқыланды.
Жиын барсында өңір басшысы қонақтарға облыс аумағындағы маңызды тарихи нысандар туралы мағлұмат жинастырып, арнайы сериямен кітап шығаруға атсалысуға шақырды.
«Өздеріңіз білесіздер, оңтүстік өңірі тарихқа бай өлке. Әлі де зерттеуді қажет ететін дүниелер, зерттелгенінен көп. Сондықтан осыған мән беруіміз керек. Облыстағы барша тарихи және мәдени жерлердің тізімін жасап, олар туралы мәліметтерді жинақтап, кітап шығару керек деп ойлаймын. Міне, осы істі атқаруға көмектесуге шақырамын», – деді Жансейіт Түймебаев.
Түріколог ғалымдармен кеңесу барысында өңірімізде ғалымдардың басын қосып, тізімге енбей, ескерусіз қалған тарихи орындарға археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу жайы сөз болды.
Өз кезегінде Д.Қыдырәлі Төлеби ауданындағы Есімханның ордасы болған тарихи маңызы бар жерді мемлекеттік деңгейде қорғауға алып, археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуді ұсынды. Бұл ұсынысты қолдаған аймақ басшысы, ғалымдар тобын тартып аталған нысанға зерттеу жұмыстарын жүргізуге бастамашы болатынын айтты.
Жиын соңында қонақтарға сый-сияпат жасалып, естелікке суретке түсті.