Кездесу барысында Оңтүстік Қазақстан облысы мен Жапония арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын кеңейту мәселелері талқыланды. Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту, жапондық кәсіпорындардың қатарын арттыру мәселелері сөз болды.
Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Қазақстан Республикасындағы Жапонияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Итиро Кавабатамен кездесті,-деп хабарлайды ERNUR.KZ ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында Оңтүстік Қазақстан облысы мен Жапония арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын кеңейту мәселелері талқыланды. Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту, жапондық кәсіпорындардың қатарын арттыру мәселелері сөз болды.
Облыс әкімі елші мырзаға Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік- экономикалық ахуалы мен өндірістік - аграрлық саланың даму қарқынын баяндап, алдағы уақытта инновациялық технологиялар саласында бірлесіп жұмыс істеуге ниетті екенін мәлім етті. Осы ретте әкім Шымкент қаласынан қазақ-жапон ғылыми-гуманитарлық базасын құруды ұсынды.
«Біздің облыс халқы тығыз орналасқан аймаққа жатады. Өңірдің өндірістік-экономикалық мүмкіндіктері мол. Әсіресе, экономиканың аграрлық саласына негізгі басымдық берілген. Алдағы уақытта Оңтүстік Қазақстан облысы мен Жапония арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық одан әрі дами түсетініне сенімім мол. Ол үшін біздің облысымызда шетелдік инвесторларға барлық қолайлы жағдайлар қарастырылған. Бүгінде облысымызда Индустриалды-инновациялық бағдарлама аясында 11 индустриалдық және 1 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Созақ өңірінде уран өндіретін қазақ-жапон бірлескен «Аппак» кәсіпорыны жұмыс істеуде. Аталған компанияның бас ғимараты Шымкент қаласында орналасқан.
Айта кетейік, 2017 жылы екі ел арасындағы өзара сауда айналымы 1,3 млн. АҚШ долларын құрады. Қазақстанға жапон инвестицияларының бірлескен түсімі соңғы 10 жылда $6,3 млрд-тан асқан. Қазақстанда жапон капиталының қатысуымен 70-тен астам кәсіпорын бар, олар мұнай мен газ, металлургия, қаржы, тау-кен өнеркәсібі, автомобильдерді көтерме сату, электр байланыс, жабдықтардың көтерме саудасы, ағаш дайындау және логистика сияқты салаларда жұмыс істейді.
Сонымен қатар, осы күні Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Итиро Кавабатаның қатысуымен Шымент қаласындағы дендросаябақта ағаш отырғызылды.