Мектеп заманауи талаптарға сәйкес келеді: қажетті құралдармен жабдықталған мамандандырылған кабинеттер, түрлі шеберханалар бар.
Түркістан облысы Сарыағаш ауданында 240 орындық жаңа орта мектеп ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
«1 желтоқсан Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күні» мерекесіне орай Сарыағаш ауданыҚабланбек ауылдық округі, Тасқұлақ елді мекенінде орналасқан №52 М.Өтемісұлы атындағы жалпы орта мектебі жаңа ғимаратпен толықты.
Оқу орнының корпусы 240 орындық қамтиды. Мектеп ғимараты толықтай заманауи үлгіде салынып, қажетті керек-жарақтармен қамтамасыз етілген. Мұнда спорт залдары, асхана, зертхана кабинеттері мен шеберхана, сондай-ақ шағын орталық жұмысына арналған арнайы орындар ашылған. Мектеп ғимаратының ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Смаил Тасқұлов қатысып, Елбасы «Адами капитал – жаңғыру негізі» атты жетінші бағытында еліміздегі білім беру саласына ерекше көңіл бөліп отырғандығын, бұл істе озық жүйені қалыптастыру керектігін айтқанына тоқталып өтті.
- «Рухани жаңғыру» бағдарламасында да мемлекеттің алға дамуы тек білімнің салтанат құруы арқылы ғана мүмкін деп айтылған. Бұл орайда ауданымызда көлемінде атқарылған ауқымды істер көп. Жыл сайын білім сапасын көтеру, мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағытында тынбай жұмыс жасалып, жаңа білім беру нысандарының құрылысы жүргізіліп жатыр, - деді ол.