Бүгін Шымқалада ерекше бесік той болды. "Шымкент мамандандырылған бөбектер үйі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған шарада ата-анасыз қалған бес баланы бесікке салып, қазақы дәстүр бойынша үлкендердің батасын алды.
ERNUR.KZ. Бүгін Шымқалада ерекше бесік той болды. Ол жиналған қауымға қуаныш пен қатар көзге жас үйіретін той болды. "Шымкент мамандандырылған бөбектер үйі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі ата-анасыз қалған жәудіркөз бес баланы бесікке салып, қазақы дәстүр бойынша үлкендердің батасын алды.
Шашу шашып басталған бесік тойға мекеме ұжымынан бөлек арнайы қонақтар мен БАҚ өкілдері шақырылған. Тойдың ашылу сөзін алған Салтанат Әбдіразаққызы "Жақсы сөз жарым ырыс" дейді ғой, балаларға айтар сөзіміз көп... Оларға тілейтініміз тек жақсылық болсын! Балалар біздің, еліміздің, жеріміздің - болашағы, сондықтан олардың бойына салт-дәстүрімізді бойына сіңіртейік деген мақсатта осындай шара ұйымдастырып жатырмыз. Келген қонақтар мен ұжымға алғыс үлкен айтамын. Қазір бүлдіршіндерді бесікке салып жатсақ, санаулы айдан кейін тұсауын кесеміз, одан кейін тілашар тойын жасаймыз деген үмітіміз бар. "Қуанышы ананың - денсаулығы баланың" деп бекер айтпайды, қазір бізде "үйдегідей" деген жоба қолға алынып балаларға үйдегіден де жақсы жағдай жасауды көздеп отырмыз. Мен бұрын 4 балам десем, қазір 84 балам бар деп мақтанып жүремін!", - деген орталық басшысы балаларға денсаулық тілеп, елдің бетке ұстар ертеңі болуларына тілектес екенін білдірді.
Дәстүріміздің ажырамас бөлігіндей болған бесік тойдың әрбір ырым-тыйымы мен жөн-жоралғысы сақталып, бүлдіршіндерді көпті көрген, немере-шөбере бағып отырған асыл аналар бесік жырын жырлап отырып бесікке салды.
Киелі бесікті аластап, "тыштымасын" таратқан қауым алғашқы болып егіз сәбилер Севи мен Сұлтанды бесікке салып, дәстүр бойынша тоғыз түрлі киім жапты. "Қызым иманды болсын деп жайнамаз, ақ халатты дәрігер болса деп дәрігердің киімін бесікке жаптым" деген тәрбиеші қызын "сатып алғанда" жанарына жас алды...
Келген қонақтар бес баланың бесікке салу рәсімінен кейін бөбектер үйі тәрбиеленушілерінің өнеріне тәнті болды. Басшылықтың айтуынша, мұнда қазір 80 бала тәрбиеленіп жатыр, оның 17-сі мүмкіндігі шектеулі балалар, ал 26 баланың анасы қасында.
Автор: @karashash_esenbay
ERNUR.KZ