20 ірі кәсіпорын назарға алынды.
Былтыр Түркістан облысында 1500-ден астам жұмысшының жалақы қарызы өндірілген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында еңбек жанжалдарын алдын алу мақсатында былтыр өңірдегі барлық 16 158 кәсіпорынға талдау жүргізілді. Соның ішінде ірі 104 кәсіпорын қаралып, нәтижесінде еңбек дауы туындау тәуекелі бар 20 ірі кәсіпорын назарға алынды. Бұл туралы Түркістан облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Берік Ибадуллаев мәлімдеді.
«Былтыр облыста 11 еңбек дауы тіркелді. Жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша 10-ы шешімін тапты. Облыстағы кәсіпорындарға талдау қорытындысы бойынша 23,6 мың жұмысшы 60 мың теңгеден төмен жалақы алатыны анықталды. Биыл олардың жалақысын кемінде ең төменгі жалақы деңгейі – 60 мың теңгеге жеткізу жұмыстарын жүргізетін боламыз. Қазіргі таңда нақты 80 кәсіпорынның тізімін жасақтадық, оның ішінде 37 жұмыс беруші 12 мың адамның жалақысын 5-тен 30%-ға дейін көтерді», - деді басқарма басшысы.
2021 жылы облыс бойынша 16 мекемеде жалақы қарызы орын алғаны анықталған. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде 1 518 жұмыскер алдындағы 554,9 млн теңге жалақы қарызы толығымен төленіп берілген.