ТҮРКІСТАН: 160 қойды ұрлаған ұры Жезқазғанда ұсталды

0
1 063

Қолды болған ұсақ малдың иесі Шымкент қаласының тұрғыны.


ТҮРКІСТАН: 160 қойды ұрлаған ұры Жезқазғанда ұсталды

Созақта 160 қойды ұрлап сатып қашып кеткен адам Жезқазғанда ұсталды. Ол бұрын бақташы болған көрінеді деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Қолды болған ұсақ малдың иесі Шымкент қаласының тұрғыны. Түркістан облысы, Созақ ауданындағы жайылымдардың бірінде қой өсірген. Ол үшін бақташы жалдап жалақысын уақтылы төлеп тұрған. Алайда ұсақ малын сеніп тапсырған адамның ұрлыққа баратындығы туралы қаперіне кіріп шықпағанын айтады. Жайылымдағы қора-қора қойын жоғалтып жер сипап қалған жәбірленуші Созақ аудандық полиция бөліміне шағымданған. Арызында жәбірленуші 6 млн 389 мың теңге шығын келтірілгенін көрсеткен. Полицейлер жедел іздестіру шарасы барысында ұшты күйлі жоғалған бақташыдан күдіктенеді. Бөтеннің дүниесін иемденіп ізін суытқан бақташы Жезқазған қаласында жүрген жерінде қолға түскен. Ол Түркістан облысы Төлеби ауданының тумасы болып шықты.

"Құрықталған күдікті Созақ аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, оған қатысты іспен Созақ АПБ-нің аға тергеушісі полиция майоры А.Мамшетов айналысып, тергеу амалдарын тиісті деңгейде іске асырды. Қазіргі таңда жинақталған барлық құжаттар нақты шешім шығарылу үшін сотқа жолданды,"-деп хабарлайды Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.