«Соқыр аймақтарды» жою бағытында 3 мыңнан аса бейнежазу камералары орнатылды.
Түркістан облысында 6 ай ішінде қылмыстық құқық бұзушылық 14,9%-ға азайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы прокуратурасының баспасөз орталығында облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев 2023 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша брифинг өткізді.
«Облыс прокуратурасының үйлестіру шараларымен биылғы 6 ай ішінде қылмыстық құқық бұзушылық 14,9%-ға азайды. Одан бөлек, қылмыстық процестің үш буынды моделі аясында негізгі процестік шешімдерді зерделеу барысында прокуратурамен 65 азаматтың құқығы қорғалды. Сондай-ақ, бизнес субъектілеріне қатысты заңсыз тіркелген 2 қылмыстық істің өндірісі тоқтатылды», - деді Мұрат Әжінұрұлы.
Брифингте белгілі болғандай, жыл басынан бері прокуратураның ықпалымен құқық қорғау органдарының ғимараттарында «соқыр аймақтарды» жою бағытында 3 мыңнан аса бейнежазу камералары орнатылды. Оның 1,5 мыңнан астамы биылғы мамыр айында қойылды.
Сонымен қатар, модернизациялау жағдайында да оң үрдістер бар. Жыл басынан бері прокурорлардың айыптау актілерін жасауы белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр, олардың саны - 53.
Қоғамдық мүддені қорғау саласында 51 мың тұлғаның құқығы қорғалып, жұмысшыларға 2,1 млрд теңге жалақы қарызы өндірілді. Енгізілген қадағалау актілерімен 1664 тұлға түрлі жауапкершілікке тартылып, бюджетке 260 млн теңге өндірілсе, 833 млн теңгеге мүлік мемлекет меншігіне қайтарылды.
Одан бөлек, 8 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалды. Осы ретте 42 лауазымды тұлға түрлі жауаптылыққа тартылды. 7 заңсыз тексеру фактісі анықталып, 100-ден аса әкімшілік істердің күші жойылды.
Брифингте атап өтілгендей, прокурорлардың ықпалымен 33 мердігерді негізсіз сот орбитасына тартқан әкімдіктің 17 лауазым иелері тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Мемлекеттік сатып алу бағытында жалпы көлемі 7 млрд теңге болатын конкурстардың күші жойылды.