ТҮРКІСТАН: Арыста 4 саябақ тегін Wi-Fi желісімен қамтылған

0
825

Жастардың тәрбиесіне кері әсер ететін сайттарға кіруіне шектеулер қойылған.


ТҮРКІСТАН: Арыста 4 саябақ тегін Wi-Fi желісімен қамтылған

Арыс қаласындағы 4 саябақ тегін Wi-Fi желісімен қамтылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Арыс қаласы тұрғындары мен қала қонақтары кез келген уақытта интернетті тегін пайдалануына мүмкіндігі бар. Тұрғындар көп шоғырланатын демалыс орындарында ғаламтор желісінің қолжетімділігін арттырып, қолайлы жағдай туғызу мақсатында Арыс қаласының бірқатар паркінде тегін Wi-Fi желісі қосылған.


Атап айтсақ, «Мәңгілік ел», «Арбат», «Жастар» саябағы және «Батырлар" аллеясы ғаламтормен қамтылған. Аталған жоба Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының және қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылған. Лимитсіз желіні орнату жұмыстарын «Транстелеком» компаниясы жүргізген. Іске қосылған жүйе 20 Мбит/с жылдамдықта жұмыс істейді.


«Бұл әлеуметтік желілерге кіруге, сайттарды қарауға, музыка тыңдауға, видеоны көріп қана қоймай, жүктеуге де мүмкіндік береді», - дейді Арыс қалалық мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас инспекторы Тұрар Маханбетов.


Тағы бір атап өтерлігі, жастардың тәрбиесіне кері әсер ететін сайттарға кіруіне шектеулер қойылған. Нақтырақ айтқанда, еліміздің заң талаптарына қайшы құқық бұзушылыққа жол беретін, діни экстремизмді насихаттайтын көрсетілімдерді көріп, бұл бойынша ақпарат алмасуға қатаң тыйым салынған.