ТҮРКІСТАН: Арыстағы Дермене ауылында енді ішімдік сатылмайды

0
1 204

Бұл – әлдекімнің қойған талабы емес, тұрғындардың өз қалауы.


ТҮРКІСТАН: Арыстағы Дермене ауылында енді ішімдік сатылмайды

Арыс қаласына қарасты Дермене ауылында ішімдік сатылмайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Арыс қаласына қарасты Дермене ауылы тұрғындары ішімдіктен толықтай бас тартты. Бұл – әлдекімнің қойған талабы емес, тұрғындардың өз қалауы.


Бүгін исі мұсылман үшін қасиетті саналатын жұма күні әкімдік пен ауыл ақсақалдары және белсенді жастар бас қосып, осындай көпке үлгі боларлық іс жасады.


«Жалпы, 1700-ден астам тұрғыны бар Дермене ауылында 5 дүкен бар. Барлығы да сөрелерінен алкоголь сусындарды алып тастаған. Бұл бастама ауылда мас күйде жасалатын қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алып, үлгілі ауыл ретінде таныту мақсатында жасалып отыр. Ауылдағы кәсіпкерлерге бастаманы қолдағаны үшін алғыс айтамыз. Мұның бәрі жастарды зиянды әдеттерден сақ болып, саламатты өмір салтын ұстануға шақырады. Биыл ауылымызда Мәдениет үйінің іргетасы қаланды. Алда заманауи спорт кешенін салу жоспарда бар. Осылайша саламатты өмір салтын ұстанған үлгілі ауыл боламыз деп сенеміз», - дейді Дермене ауылдық округ әкімі Алдияр Құрманқожаев.


«Дерменеде арақ сатылмайды» деген жаңалыққа алғаш болып қуанғандардың бірі – Әбдіқадыр ақсақал. Қария соңғы кездері ауылдағы той, мерекелерде дастарханға арақ қою онсыз да сиреген еді дейді. Енді тіпті тыйым салынып отыр.


«Бұл дұрыс шешім. Қазір мереке өткізгенде жастар жағы ішіп алып, түрлі келеңсіз жағдай болып жатады. Сол үшін осы бастаманы қолдаймын. Көбісі шұбат пен қымызбен өткізіп жатыр. Жастарға үлкен сабақ болады деп ойлаймын», - дейді Дермене ауылының тұрғыны Әбдіраманов Әбдіқадыр.


Жалпы, жергілікті әкімдік мұрындық болған бастамаға ақсақалдармен бірге ауыл жастары да оң баға беруде. Бүгінде дерменеліктердің осындай игі бастамаларын көршілес ауыл тұрғындары да эстафета ретінде қабылдауға ниет білдіріп жатыр.