ТҮРКІСТАН: "Ashyq" жобасына 150-ге жуық кәсіпкер өтінім берген

0
554

Олардың қатарында боулинг, бильярд, монша, кинотеатр және компьютерлік клубтары бар.


ТҮРКІСТАН:

Түркістан облысында150-ге жуық кәсіпкер "Ashyq" жобасына өтінім берген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысында пандемия кезінде тұралап қалған кәсіпкелік нысандар жұмыс істей бастады. Мұндай мүмкіндікке тек «Ashyq» жобасына тіркелген мекемелер ғана қол жеткізіп отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Зухра Амирова мәлімдеді.

«Биылғы жылдың 26 сәуірінен бастап, елімізде індеттің таралуын болдырмау мақсатында «Ashyq» жобасы қолға алынғаны белгілі. Бүгінде бұл бастама өзінің оң нәтижесін беріп отыр. Уақыт өткен сайын өңірде жаңа жүйені пайдалана отырып, кәсібін жүргізгісі келетіндер қатары артып келеді. Бүгінге дейін 150-ге жуық кәсіпкер «Ashyq» жобасына қатысуға өтінім берген. Оның ішінде 86 өтініш мақұлданып, QR-код алған. Қалған өтінімдер бойынша тиісті құжаттарын тексеру жұмыстары жүргізілуде», – деді З.Амирова.

Жобаға қосылу үшін берілген өтінімдердің дені қоғамдық тамақтану орындарына тиесілі. Сондай-ақ, олардың қатарында боулинг, бильярд, монша, кинотеатр және компьютерлік клубтары бар.

Мамандар «Ashyq» жобасына қатысып, QR код алу үшін infokazakhstan.kz сайты арқылы өтінім бере алатынын айтады. Егер кәсіпкер өзі сайт арқылы тапсыра алмаса, жобаға қатысты сауалдар туындаған жағдайда Кәсіпкерлер палатасының мамандары кеңес беріп, сүйемелдеуге дайын.

Сонымен қатар, баспасөз жиынына қатысқан облыстың бас санитариялық дәрігерінің орынбасары Бақтыораз Елемесов пен Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Алтын Мейрамбайқызы аймақтағы эпидемиологиялық ахуалға тоқталды.

Ресми мәлімет бойынша облыста соңғы екі аптада «Сovid-19» ауруы 28,3 пайызға төмендесе, пневмония 68 пайызға өскен. 12 мамыр күні коронавирустық инфекциясын жұқтырған 25 жағдай, пневмонияға шалдыққан 37 науқас тіркелген. Жалпы жыл басынан бері облыста коронавирустық инфекцияның 2 114 жағдайы, пневмония аурушаңдығынан 1 656 науқастың жағдайы расталған.

Ал, коронавирус инфекциясына қарсы өңірге жалпы 287 885 доза вакцина жеткізілген. Оның 251 885-і «Спутник V», 2000-ы «KazVak», ал 34 мыңы «Hayat-vax» екпесі.

Бүгінге дейін коронавирусқа қарсы екпенің 1-компонентін 163 458 адам қабылдаса, 2-компоненті 39 530 азаматқа егілген. Екпе салдырғандардың арасында ешқандай теріс әсер әсер тіркелмеген. Облыста коронавирусқа қарсы жаппай егу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Тұрғындардың қолжетімділігін арттыру мақсатында екпе салдыру орындарының саны 80-нен 128-ге дейін көбейтілді.