Гран-при кубогынан бөлек, арнайы жүлделер мен дипломдар, бағалы сыйлықтар табысталды.
Түркістанда республикалық «Түркістан дауысы» байқауының жеңімпазы анықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының 4 жылдығына орай, биыл екінші рет ұйымдастырылған республикалық «Түркістан дауысы» ән байқауы өз мәресіне жетті. Екі күн бойы еліміздің әр өңірінен келген 17 жас әнші Қазақстан композиторларының әндері мен өзі таңдаған шығарманы вокалды инструменталды ансамбль сүйемелдеуімен орындап шықты.
Байқауға ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші, композитор Медеу Арынбаев, «Құрмет» орденінің иегері, композитор Бейбіт Оралұлы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Маржан Арапбаева, Өзбекстанның халық әртісі Мансур Ташматов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Жанар Дұғалова қазылық етті.
Бірінен бірі өткен таланттар арасында жеңімпазды анықтау қазылар алқасына да оңайға соқпады. Қазылар алқасының төрағасы Медеу Арынбаев осыны алға тартып, қатысушылардың дайындығының жоғары деңгейде болғанын, олардың ән таңдауы, дауыс техникасы, сахна шеберліктері мен жауапкершіліктері мықты екендігін атап өтті.
«Маған республикалық байқау ұнады. Қатысушылардың дені ән айтудың нағыз шеберлері деуге болады. Олар тіпті халықаралық байқауларға да тәжірибелері жететін кәсіби музыканттар екендігін дәлелдей түсті», — деді танымал композитор Бейбіт Оралұлы.
Байқауда бас жүлде иегері Алматы облысының қатысушысы Алмагүл Батталиева атанса, 1-орынға Дидар Абдухалық (Шымкент қаласы), Бахтияр Ақылбек (Ақтөбе облысы) лайық деп танылды. Ал 2-орынды Толғанай Пазылақын (Алматы қаласы) мен Арқас Айдарбек (Батыс Қазақстан облысы) иемденсе, 3-орын Эльвира Нургужина мен (Нұр-Сұлтан қаласы) мен Асыл Жомартовқа (Маңғыстау облысы) және Ернар Амандыққа (Қызылорда облысы) бұйырды. Ал Назрин Мұса (Қарағанды облысы) мен Жанасыл Елюбаев (Ұлытау облысы) және Айдана Риза (Қостанай облысы) байқау дипломанттары атанды.
Байқау жеңімпаздарына Гран-при кубогынан бөлек, арнайы жүлделер мен дипломдар, бағалы сыйлықтар табысталды.