ТҮРКІСТАН: Карантин талаптарын бұзғандарға 260 млн теңгеден астам айыппұл салынған

0
1 619

7 күн ішінде айыппұлды өтейтін болса, 50 пайызы ғана төленеді.


ТҮРКІСТАН: Карантин талаптарын бұзғандарға 260 млн теңгеден астам айыппұл салынған

Түркістан облысында карантин талаптарын бұзғандарға 260 млн. теңгеден астам айыппұл салынған, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысында коронавирусты инфекцияның алдын алу мақсатында 5 шілде мен 22 желтоқсан аралығында карантин режимі кезінде нысандарға мониторинг жұмыстарын жүргізу үшін 100-ден астам мобильді топ құрылған. Оның құрамында - әкімдік қызметкерлері, кәсіпкерлік палатасы, полиция басқармасы және еріктілер бар. Жүргізілген мониторингтік жұмыстардың нәтижесінде 263 229 390 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл жөнінде облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің орынбасары Айдарқұл Ахметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Атап айтқанда, мониторингтік жұмыстардың нәтижесі бойынша 42 594 нысан тексеріліп, 5137 айыппұл салынған. Оның ішінде 30 АЕК көлемінде 4960 жеке тұлғаға (206 683 200 тг), 103 жеке кәсіпкерге (32 905 410 тг), 12 заңды тұлғаға (3 833 640 тг), 62 лауазымды тұлғаға (19 807 140 тг) хаттамалар толтырылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, егер 7 күн ішінде айыппұлды өтейтін болса, 50 пайызы ғана төленеді.

«Түркістан облысында бүгінгі күнге дейін жалпы 577 отбасылық мерекелік іс-шаралар тоқтатылып, әкімшілік айыппұлдар салынған. Сондай-ақ, сайлауалды көпшілік іс-шараларын жүргізуде үгіт-насихат өткізу кезінде қауіпсіздік шаралары сақталуы ләзім. Өзіңіз бен жақындарыңыздың денсаулығына көңіл бөлгеніңіз абзал. Сондықтан, сақтық шараларын ескерусіз қалдыруға болмайды», - деді Айдарқұл Райымқұлұлы.

Баспасөз мәслихатында спикер сайлауалды үгіт іс-шараларын теледидар, радио, баспа басылымдарын, интернет-ресурстарды пайдалана отырып, онлайн режимде өткізу қажеттігін айтты. Сайлау компаниясы үшін арнайы дайындалған тегін баспа материалдарын, оның ішінде иллюстрациялық материалдарды, белгішелерді, жалаушаларды таратуда бір рет қолданылатын қолғаптарды және қорғаныш маскаларын пайдалана отырып жүзеге асыру қажет.