ТҮРКІСТАН: «Келіні жақсының – керегесі алтын» байқауы өтті

0
640

10 жас келіншек бақ сынады.


ТҮРКІСТАН: «Келіні жақсының – керегесі алтын» байқауы өтті

Сарыағаш ауданында «Келіні жақсының – керегесі алтын» байқауы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Сарыағаш аудандық мәдениет үйінде Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесіне орай, «Келіні жақсының – керегесі алтын» атты жас келіндер байқауы өтті. Аталған іс-шарада 10 жас келіншек бақ сынады. Сайыстың шартына орай қазылар алқасы келіндердің киім үлгісі мен жүріс-тұрысына, дайындаған шайына, ұрпақ тәрбиесіндегі сәбиге арнап айтылған жырларына және ситуациялық сұрақтарға ой ұшқырлығын таныта отырып жауап беруіне мән берді. Осы қасиеттері арқылы байқау жеңімпаздарын анықтады.


Жан-жақты дайындығымен келген келіндер сайыста өздерінің ерекшеліктерімен танылып, көптің көңілінен шықты. Сайыс қорытындысы бойынша 1-ші орынды Жаңатұрмыс ауылының келіні Мамурханова Динара, 2-ші орынды қызылжарлық келін Исабекова Гүлжамал, 3-ші орынды Жібек жолы ауылының келіні Айдарәлі Балдана иеленді. Жеңімпаздарға диплом, бағалы сыйлықтар мен гүл шоқтары табысталды. Қазақтың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрыпын насихаттауға үлес қосқан өзге қатысушыларға да диплом, бағалы сыйлықтар мен гүл шоқтары табысталды.


Байқаудың мақсаты – қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жастар арасында кеңінен насихаттау. Ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту. Отбасының ұйытқысы болған жас келіндерді ақылдылық пен парасаттылықтың, инабаттылықтың үлгісі етіп, өскелең ұрпаққа көрсету.