ТҮРКІСТАН: Кентаулықтар Әнұранды бірге шырқады

0
367

Мерекелік шараға қала әкімі Жандос Тасов, қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, спортшылар, ұстаздар мен оқушылар, қала жастары қатысты.


ТҮРКІСТАН: Кентаулықтар Әнұранды бірге шырқады

Мемлекеттік рәміздер күнінде кентаулықтар әнұранды бірге орындады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


4 маусым еліміз үшін айрықша мереке – ҚР Рәміздер күні. Осы күнді кентаулықтар қаладағы Рәміздер алаңына жиналып, Әнұранды бірге орындады. Мерекелік шараға қала әкімі Жандос Тасов, қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, спортшылар, ұстаздар мен оқушылар, қала жастары қатысты.


«Отанды, туған жерді сүю Мемлекеттік рәміздерге деген құрметтен басталады. Еліміздің Әнұраны әлемдік олимпиада ойындарында Қазақстан спортшыларының құрметіне талай рет шырқалып, рух беріп келеді. Әлі де шырқала беретініне сенімдімін. Мемлекеттік рәміздеріміз алғашқы қазақстандық ғарышкерлермен бірге ғарышта да болып қайтты. Осының бәрі тарих. Осы мемлекеттік рәміздер – біздің егемендігіміздің мәңгілік екенін айшықтайды», – деген қала әкімі барша тұрғындарды мерекемен құттықтады.


Аға буын өкілдері рәміздердің маңыздылығы туралы ой қозғаса, қаланың белсенді жастары мемлекеттік рәміздерді қастерлеу, құндылықтарды құрметтеу жөнінде ұран тастады.


Мектеп оқушылары тәуелсіздіктің қасиетті, біріктіруші бейнесін танытатын Рәміздер жайында жыр-шумақтарын орындап, Отанымыз Тәуелсіз Қазақстанға арналған әсем әуендер шырқалды. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге шақырған іс-шара кентаулықтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, елдің патриоты болу, отаншылдық дәріптелді.