ТҮРКІСТАН: Мақтааралда 65 мың тонна мақта талшығы өндіріледі

0
858

Кәсіпорын биыл мақта қабылдау көлемін 30 мың тоннаға жеткізуді жоспарлаған.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралда 65 мың тонна мақта талшығы өндіріледі

Мақтаарал ауданындағы «ZHANASSYL» мақта өңдеу зауыты мақта жинау науқанын бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мақтаарал ауданындағы «ZHANASSYL» мақта өңдеу зауыты «ақ алтын» жинау науқанын бастады. Индустриалды аймақта орналасқан кәсіпорын биыл мақта қабылдау көлемін 30 мың тоннаға жеткізуді жоспарлаған.


Бүгінде Мақтаарал, Жетісай аудандарындағы 12 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар мақта қабылдау пункттерінде 200-ге жуық шаруа қожалығы тартылған. Яғни 2400 шаруа қожалығы мақта теріміне қатысуда. Сондай-ақ мақтаның бір келісін кәсіпорын 250 теңгеден қабылдап жатыр. Мақта терімі аяқталған соң, зауыт ішінде мақтаны өңдеу жұмыстары жалғасады. Өңдеу процесі барысында таза мақтадан мақта талшықтары дайындалып, Қытай Халық Республикасы мен Еуропа елдеріне экспортталмақ.


Аталған мақта өңдеу зауыты 2022 жылы толықтай іске қосылған. Бүгінде кәсіпорында 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыт күніне 600 тонна таза мақтаны өңдеп шығарады. Оған қоса 180 тонна мақта талшығы өңделеді. Нәтижесінде жылына шамамен 65 мың тонна мақта талшығы шығарылады.


Айта кетейік, Мақтаарал индустриалды аймағында мақта өңдеумен қатар, асфальт және бетон қоспаларын өндіру, жоғары технологиялық мақта тазарту зауыты, бетон бұйымдарын өндіруге арналған өндірістік желі зауыттары іске қосылған.