​ТҮРКІСТАН: Мақтааралдық ұстаздар тамыз кеңесінде бас қосты

0
1 600

Мақтаарал ауданының "Мақтаарал" мәдениет үйінде дәстүрлі "Тамыз кеңесі - 2019" конференциясы өтті.


​ТҮРКІСТАН: Мақтааралдық ұстаздар тамыз кеңесінде бас қосты

Тағлымы мол жиынға биыл "Адами капиталды дамытудың көзі ретінде қазақстандық білім беру мазмұнын жаңарту" атты тақырып берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ең алдымен аудан әкімі Бақыт Асанов, аудандық мәслихаттың хатшысы Қадір Сәрсекбаев, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының бас маманы Анафия Қадырбекова, аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратбек Серікбаев бастаған топ ауданның білім саласының жетістіктеріне арналған көрмені тамашалап, ауданның білім жүйесінің дамуы туралы бейнероликті көрді.

Білім беру ұйымдары тарапынан ұйымдастырылған қолөнер бұйымдары, мектептердің тарихы мен жетістіктерін паш ететін стендтер, оқушылардың ғылыми еңбектері мен құрастырған роботтары көпшіліктің көңілінен шықты. Көрмеде Мақтааралдың білім жүйесі заман талабына лайықталғаны айқын көрініс тапқан.

Мемлекеттік әнұранымызбен басталған конференцияда алғаш сөз алған аудан әкімі Бақыт Асанов дәстүрлі "Тамыз кеңесі - 2019" іс-шарасының тамыры терең, тағлымы мол, айтары айқын, мақсаты тың тақырыптарды талқыға салатын жауапты жиын екенін атап өтті. Сондай-ақ, адами капиталды дамытуға мемлекетіміз үлкен күш салып жатқанын тілге тиек етіп, Мақтаарал ауданы әкімдігі тарапынан білім саласында жасалып жатқан жұмыстар туралы кеңінен баяндады.

"Құрметті ұстаздар! Мемлекетіміз тарапынан, аудан әкімдігі тарапынан білім беру саласына барынша жағдай жасалып отыр. Жыл сайын ауданымызда заманауи үлгіде салынған жаңа мектептер пайдалануға берілуде. Қазірдің өзінде 7 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Мұнан бөлек, еуропалық стандарттармен жабдықталған робото-техника, ІT кабинеттері ашылуда. Мұның бәрі өскелең ұрпағымыз үшін жасалып жатқан үлкен жұмыстар. Ендеше, Сіздерден тек қана сапалы білім беруді және еліміздің келешегі үшін бәсекеге қабілетті бола алатын ұрпақ тәрбиелеуді сұраймын. Істеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, күндеріңізге сәттілік тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Баршаңызды басталғалы тұрған жаңа оқу жылымен құттықтаймын!" - деді Бақыт Насырханұлы.

Конференция барысында сөзге шыққан Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының бас маманы А.Қадырбекова облыс әкімдігі тарапынан аудан ұстаздарын құттықтап, жаңа оқу жылына жаңа қарқынмен кірісу керектігін баса айтты. Сонымен қатар, аудандық білім бөлімінің басшысы М.Серікбаев өткен жылдың жетістіктері мен кемшіліктері туралы кеңінен баяндама жасап, алдағы атқарылар жұмыстарға тоқталып, өзінің жоба-жоспарларымен бөлісті.

Жиында оқушыларға білім беру мен тәрбиелеудің жаңа әдістері туралы бірнеше ұстаз баяндама жасады. Әсіресе, Кентау қаласындағы "Білім – инновация" ер балалар лицей-интернатының директоры Үркімбаев Рахым Халилуллаұлының "Құндылықтарға негізделген мектеп" тақырыбындағы баяндамасы көпшілікке ұнады. Сондай-ақ, ардагер ұстаздар жарыс сөзге шығып, өзінің ойларымен бөлісті.

Конференцияның соңында ардагер ұстаздар мен ұстаздар қауымы ҚР Білім және ғылым министрінің, облыс әкімінің, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының, аудан әкімінің және аудандық білім бөлімі басшысының құрмет грамотасымен, алғыс хаттарымен марапатталды.