Түркістан: Мақтааралдықтар салт-дәстүр мен ұлттық спортты дәріптеді

0
689

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп, қала тұрғындарына таратылған.


Түркістан: Мақтааралдықтар салт-дәстүр мен ұлттық спортты дәріптеді

Түркістанда мақтааралдықтар ұлттық салт-дәстүр мен спорттық ойындарды дәріптеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістандағы «Этноауылда» «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында ұлттық салт-дәстүрлер ұлықталып, спорттық ойындар насихатталды. «Салт-дәстүр – ұлттық қазынамыз» атты Мақтаарал ауданы өнерпаздарының шарасында «Ақ алтын» фольклорлық ұлт-аспаптар ансамблінің концерті , «Көген түп», «Жиенқұрық» және «Құрсақ шашу», «Ерулік», «Әке батасы», «Қазан шегелеу» секілді салт-дәстүр көріністері мен «Алтыбақан» маңындағы көріністер көрсетіліп, бауырсақ пісіру мен күбі пісу, май алу, құрт жасау секілді ұлттық тағам түрлері көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, аудандық кітапхана шарасы мен ұлттық спорт ойындарынан, атап айтқанда асық ойнау, кір көтеру, садақ ату және арқан тартудан сайыс өтті.


Түркістан қаласындағы Мақтаарал ауданының мәдениет күндері күні кеше басталған еді. Этноауыл аумағында «Шебердің қолы – алтын» атты қолөнер, қылқалам шеберлерінің көрмесі жасақталып, туристерге ұлттық ою-өрнек элементтері таныстырылды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп, қала тұрғындарына таратылған еді.


Сәуір айында басталған фестиваль мақсаты ұлттық мәдениет пен өнерімізді дамыту, Түркістанның туристік әлеуетін дамыту болып саналады. Өнер байқауы жаз айларында да жалғасын табады. Айта кетейік, ертең, 2 шілде күні сағат 20:00-де «Visit Turkistan» орталығы алаңында аудан көркемөнерпаздары және кеш қонақтары Гаухар Әлімбекова мен Асылжан Абдулланың қатысуымен Гала-концерт өтеді.