ТҮРКІСТАН: Мақтаның тоннасы 250 мың теңгеден қабылданып жатыр

0
339

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 мың теңгеге қымбат.


ТҮРКІСТАН: Мақтаның тоннасы 250 мың теңгеден қабылданып жатыр

Түркістан облысында мақтаның тоннасы 250 мың теңгеден қабылдануда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының Мақтаарал, Жетісай аудандарында алғаш болып мақта терімі басталды. Шитті мақтаның бір тоннасы 250 мың теңгеден қабылдануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 мың теңгеге қымбат. Өңірде 18 мақта өңдеу зауыттарының 206 мақта қабылдау бекеттері жұмыс істейді. Биылғы жылы 110 мың гектар алқапқа мақта дақылы егілген. Жоспар бойынша 250 мың тонна шитті мақта жиналуы керек. Мақтаарал, Жетісай аудандарына жасаған жұмыс сапарында ауыл шаруашылығы саласындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев шаруалармен кездесті. Жаңартылған техникамен танысып, диқандарға көмектесті. Жастық шағын еске түсіріп, мақта терді. Биылғы қуаңшылыққа қарамастан мақталы аудандардың шаруалары ағын суды артығымен алған. Тыңайтқыш пен тұқымдық шиттен таршылық көрмей, жеңілдетілген бағадағы жанар-жағармай да жеткілікті болды.


"Осының барлығы Елбасының қолдауымен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқанын біліп отырмыз. Көрші Өзбекстан елімен келісімге келіп, ағын суды арттырғанын көрдік. Соның арқасында ағын судан таршылық көрмедік. Мемлекет қолдауымен селитра мен дизель де жеткілікті болды. Осындай халыққа қызмет етіп жатқан ел ағаларының жұмыстары жүре берсін. Елдің рахметін алып жатыр, халық ризамыз. Диқандардың барлығы қуанышты, табыстары жақсы, бұдан жігірленіп, келер жылы жұмыс істейміз деп ойлаймыз", - дейді шаруа қожалығының иесі Мұрат Құрбанов.