ТҮРКІСТАН: Мереке аясында Отырарлықтар апат аймағына көмек жөнелтті

0
395

Межелі мерзімді өзара нақтылаған тұрғындар бір сәтте бірігіп, ауылдағы берекелі істің белгісін көрсете білді.


ТҮРКІСТАН: Мереке аясында Отырарлықтар апат аймағына көмек жөнелтті

Мереке қарсаңында Отырарлықтар ұйымшылдық танытты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мереке қарсаңында Отырар ауданы, Ақтөбе ауылдық округі тұрғындары тасқын судан зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмектерін жолдады. Алдыңғы толқынның бастамасы, шуақты аналармен бірге еңкейген қарт пен жалынды жастарды да бей-жай қалдырмады. Межелі мерзімді өзара нақтылаған тұрғындар бір сәтте бірігіп, ауылдағы берекелі істің белгісін көрсете білді.


Ата-бабаларымыз жанашырлықты, қайырымдылықты ұрпақтарына ұлағат ретінде санасына сіңдіріп отырған. Ұлағатты ұстаз, ауданның құрметті азаматы Жақсылық Жүсіпов мерекенің мәніне тоқталып, Батыстағы ағайынның бүгінгі жайын да баяндады.


«Сайдағы арқардың тұяғына тас батса, қырдағы арқардың мүйізі сырқырайды» деген қазақтың даналығы көпшіліктің көкейіне ой салуы керек. Бейбіт күннің қадірін сезініп келеміз. Ал, қарғын суда қиындық көрген батыстықтармен бірге болсақ, зардап шеккен жандарға қолдау көрсетіп, жанынан табылсақ – елдігіміз сол болады» - деп, қайырлы іске қолдау көрсеткен жандарға алғысын білдірді.


Азаматтық қоғам институты өкілдері атынан Мейрамкүл Тұрлыбек, Қалдан Байжұмандар игі істің басынан табылып, ауылдағы ардақты аналарымыздың еңбегін ерекше тебіреніспен жеткізді. Аядай ғана ауылдағы нәзік жандылардың қолынан шыққан, көздің жауын алатын тұрмыстық заттары батыстағы ағайынның қажеттілігін өтеп, мінсіз қызмет көрсетеді деді.


Жаны нәзік болса да күш-жігерін елдік мұратқа бағыттаған қыз-келіншектердің іс-әрекеті еріксіз көпшілікті тәнті етті.


«Қазақ тарихында шешендігімен және төрелігімен есте қалған Шойынбет би берекенің басы бірліктен басталады деген. Тылсым тарих беттерінде түрлі жаугершілік пен нәубеттерді басынан өткерген қазақ халқы үшін бүгінгі Қазақстан халықтарының бірлігі күні – бірліктің, берекенің, қайырымды істің, ұлтаралық достықтың символы болып отыр. Жүсіпбек Аймауытов, Сәбит Мұханов, Шерхан Мұртаза шығармаларының желісіндегі есімдері алтын әріппен тасқа бедерленген ана бейнесінің жалғасын бүгінгі Ақтөбенің төрінен көргендей болдық» - десті ауыл тұрғындары.


Айта кетейік, ауылдағы бірліктің, ынтымақтың арқасында жиналған ауыл тұрғындарының көмегі тиелген көлік көпшіліктің қолдауы, ауыл ақсақалы Құсайынбек Есбердиевтің ақ батасымен жолға шықты. Аманатты арқалаған ауылдық округ әкімі Исахан Тайгелтір, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Азамат Досановтар гуманитарлық көмекті Түркістан қаласында орналасқан өңірлік штабқа жеткізді.