«Nur Otan» партиясының тікелей қолдауымен 100 шаршы метрді құрайтын 4 бөлмелі үйлер салынады.
Мақтаарал ауданына «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Елбасы, партия лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен келген ол алдымен су астында қалған ауылдарды аралап, апат салдарын жою бағытындағы жұмыстармен танысып шықты. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге Мақтаарал ауданындағы апатқа байланысты құрылған жедел штабтың отырысына қатысып, жұмыс барысын бағдарлады. Апат салдарын жою барысында өңір басшысының жемісті жұмыс атқарып жатқанын да атап өтті.
Осы күні үйлері су астында қалған Достық, Жеңіс, Фирдоуси, Жаңатұрмыс және Өргебас ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Олардың мұң-мұқтаждарын тыңдады. Бұл аумақтарда төтенше жағдайдың кесірінен мыңнан астам үй бұзылып, 8 мың гектар егіс алқабын су басқан.
Тұрғындарға Ел Президенті Қасым-Жомарт тапсырмасымен мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетіліп жатыр. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар толықтай қайта жөндеуден өтеді немесе жаңа салынған үйлермен қамтамасыз етіледі. Су басқан аймақтағы әрбір адам республика бюджетінен 100 мың теңге алады. Әлеуметтік нысандарды, инженерлік желілер мен жолдарды қалпына келтіруге тиісті қаржы қарастырылған. Өңір басшысының тікелей қадағалауымен құрылыс, ауылдарды судан тазарту жұмыстары жүріп жатыр.
Мырзакент маңында бой көтеріп жатқан жаңа шағынауданға барған Б.Байбек тұрғындарға «Nur Otan» партиясынан қолдау көрсетіліп жатқанын және ол игі іс жалғасын табатынын жеткізді.
«Мемлекет басшысының үндеуіне қолдау білдірген қазақстандық кәсіпкерлер де 5 млрд. теңгеден астам қаражат аударды. Бұл ортақ іске «Nur Otan» партиясы да қызу атсалысып жатыр. Партия өкілдері мақтааралдықтарға қомақты гуманитарлық көмек жолдап келеді. Елбасының бастамасы бойынша құрылған «Birgemiz» қоры арқылы партияның үйлестіруімен қосымша көмек көрсетіледі. Осыған орай қордың Қамқоршылық кеңесі Мырзакент елді мекеніне 20 үй тұрғызу үшін 340 млн. теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Осылайша Достық ауылы тұрғындарының баспана мәселесі толықтай шешіледі», – деген ол сол үйлердің іргетасын қалау рәсіміне қатысты.
«Nur Otan» партиясының тікелей қолдауымен 100 шаршы метрді құрайтын 4 бөлмелі үйлер салынады. Жұмыс сапасы авторлық және техникалық бақылау саласындағы мамандардың және партияның бақылауда болады.
Партия төрағасының бірінші орынбасары Атакент ауылында волонтерлармен кездесті. Волонтерліктің қазақтың асар атты әдемі бастамасымен үндес екеніне тоқталған Бауыржан Қыдырғалиұлы еріктілермен еркін пікір алмасып, сұрақтарына жауап берді. Мақтааралдағы апатқа байланысты жасақталған орталық қойманың жұмысымен танысты.
Өткен жылы «Жас Отан» жастар қанатының 700-ден астам өкілі бірнеше ай бойы Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарына белсене атсалысқан болатын. Қазіргі таңда олар «Nur Otan» еріктілер қатарында мақтааралдықтарға көмектесіп жатыр.