Ауруханалардағы дәрілік заттар қоры жеткілікті.
Түркістан облысында карантин кезінде тығылып жасалған 169 той тоқтатылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте облыс аумағындағы коронавирус инфекциясы мен санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы соңғы мәліметтер ортаға салынды. Соңғы 10 күннің ішінде Түркістан облысында карантин кезінде тығылып жасалған 169 той тоқтатылды. Тыйым салынған отбасылық, мерекелік іс-шаралардың 117-сі қоғамдық тамақтану орындарында, қалғаны үй жағдайында өткізілген. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, өңірде мобильдік топтардың жұмысы күшейтілді. Жасырын той өткізгендерге айыппұл салынды. Той иелерінің үстінен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.
Түркістан облысы коронавирусқа қарсы вакцинация қарқыны бойынша Республикада жоғары деңгейде. Вакцинаны сақтау және тасымалдау шарттары сақтала отырып, жалпы 141 егу пункттерінде коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация жүргізілуде. Көшпелі егу бригадалардың саны - 80. Түркістан облысына қарасты вакцина сақтайтын қоймасында көлемі 300 литр құрайтын 2 дана мұздатқыш (-20оС) бар. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен көлемі 143 литр құрайтын 20 мұздатқыш, 601 литрлік 2 мұздатқыш сатып алынып, толық жеткізілді. Ауруханалардағы дәрілік заттар қоры жеткілікті.