Түркістан облысында 177 мыңнан астам көпбалалы ана тұрады

0
719

Әйелдер қанаты парасатты қоғамға бастайды.


Түркістан облысында 177 мыңнан астам көпбалалы ана тұрады

«AMANAT» партиясы әйел азаматтардың мемлекеттік басқаруға және инклюзиялық қоғам мен гендерлік паритетті қалыптастыруға белсенді қатысуын кеңейтуде Әйелдер қанатын құру жөнінде бастама көтерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістандағы екінші Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы «Адал азамат» тұжырымдамасы тұрғысынан ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға шақырды.


«AMANAT» партиясы әйел азаматтардың мемлекеттік басқаруға және инклюзиялық қоғам мен гендерлік паритетті қалыптастыруға белсенді қатысуын кеңейтуде Әйелдер қанатын құру жөнінде бастама көтерді. Бұл туралы Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Таңатқызы Каринова мәлімдеді.


Түркістанның «Ақжайық» музыкалық мектебінде өткен әйелдер активінің мәжілісіне облыстың барлық аудан, қалаларынан қоғам белсенділері санатындағы әйелдер делегациялары қатысып, Қазақстанның жаңа саяси мәдениеті шеңберінде әйелдердің қоғамдағы рөлін ілгерілету мәселелерін қарастырды.


Мәжіліс отырысын ашқан «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиев қоғамның әрі қарай дамуы үшін маңызды партиялық бастаманың игілігін түсіндіруде осы кездесуді өткізуге ұйытқы болған Шолпан Таңатқызына алғысын білдірді. Өңір халқының тең жартысы әйелдер болып табылатын өлкеде әйел-аналардың саяси белсенділігі артып келе жатқанын жеткізді. Облыстағы 82 мыңнан астам партия мүшелерінің 66,6 пайызы, облыстық мәслихат құрамының 13 пайызы әйелдерден тұратынын атап өтті.


«AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Таңатқызы Каринова Әйелдер қанатын құру және оның қызметі әйелдердің күн тәртібін ілгерілету мәселесінде партияның әлеуетін нығайтуға серпін береді деп мәлімдеді. Әйелдер қанатының қызметі 10 басымдық бағытты қамтитынын, оның қызмет арнасы Қазақстанда саяси мәдениет мен демократияны дамытуға үлес қосу міндетін атқаратынын жеткізді. «Әйелдер қанатының жұмысы әйелдердің әлеуметтік, құқықтық және басқа да проблемаларын шешуде үлкен тәжірибесі бар, партия мүшелері болып табылатын танымал, беделді әйелдердің қатысуымен он басымдық бағыты бойынша жүргізіледі. Оның ішінде, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдерді қолдау, ауылдағы әйелдердің арасында кәсіпкерліктің дамуына жәрдемдесу, ғылымдағы әйелдерді қолдау, жаңадан қабылданатын заң жобаларына гендерлік сараптама жүргізу және қазақстандық қоғамда әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бойынша басқа да өзекті мәселелер»,- деп атап өтті Шолпан Таңатқызы.


Жиын барысында «AMANAT» партиясының хатшысы партияның облыстық филиалы Саяси кеңесі Бюросының қаулысымен, партия төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановтың қолдауымен партияның облыстық филиалы жанындағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі кеңесшісі болып, облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихаттың 7-ші және 8-ші шақырылым депутаты, облыстың құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі Қалыйма Жантөреева тағайындалғанын жариялап, алдағы қызметіне табыстар тіледі.


Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы Тәжібаев өңіріміз демографиялық өсімі жоғары аймақ болып табылатынын атап өтіп, ана мен бала құқығын қорғау, әйел азаматтардың жан-жақты дамуына жағдай жасау басты міндет екенін жеткізді. Алтын құрсақты өлкемізде 177 мыңнан астам көпбалалы ана тұратынын, оның 15 мыңнан астамы – «Алтын алқа», 43 мыңнан астамы – «Күміс алқа» иегері екенін мәлімдеді. Облыстың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 32 пайызында әйел азаматтар жетекшілік жасап, өңірдегі әрбір үшінші кәсіпкердің әйелдер санатын құрайтынын айтты.


Бұл бағытта облыс әкімдігінің атқаратын қызметі әйелдердің іскерлік бастамаларына қолдау көрсету,отбасы институтын нығайту және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, оларға қатысты жасалатын зорлық–зомбылықтың алдын алу бағыттарын қамтитынын жеткізді.


«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева партияның облыстық филиалының бастамасымен өңірдегі саяси процестерде әйелдер белсенділігін арттыру жұмыстарының барысын баяндап, партия жанындағы консультативтік-кеңесші органдар мен комиссиялар құрамындағы әйелдер көтерген қоғамдық мәні бар бастамалар жөнінде кеңінен мағлұмат берді.


Актив мәжілісінің күн тәртібіне сәйкес ғылымдағы әйелдерді қолдау шаралары жөнінде Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты Жанар Амангелдіқызы Темірбекова, әйелдерді мемлекеттік қолдау және жұмыспен қамту туралыТүркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Құралқызы Темірбаева, әйелдердің денсаулығы мен отбасы құндылықтарын нығайту жұмыстары туралы Түркістан қаласыоқушылар сарайының директоры Индира Сарқытқызы Икапова, әйелдердің саяси көшбасшылығын қолдау бойыншаҚ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты Әдемау Тұрдыбайқызы Толысбаева, өндірістегі әйелдердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау тақырыбы бойынша «Түлкібас әк зауыты» ЖШС директоры Перизат Қасқырбекқызы Абдыбекова, әйелдердің кәсіпкерлік бастамаларын қолдау бойынша Түркістан облысы бойынша «Атамекен» ҚР ҰКП өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол Асфандиярұлы Ауелбеков хабарламалар жасады.


Жиын барысында оған қатысушылар әйелдердің саяси көшбасшылығын дамыту мен ілгерілетуге бағытталған ұсыныстарын білдіріп, өзара пікір алмасты.


Түркістанға жасаған жұмыс сапары аясында «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Таңатқызы Каринова «Қамқорлық жанұя» орталығына барып, әлеуметтік тұрғыда осал топқа жататын тұрғындарға қолдау көрсетуге арналған мүмкіндіктермен танысты. Қызметін осыдан бір жыл бұрын бастаған орталық отбасы институтын нығайту міндетін атқарады.


Орталық әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған, көп балалы отбасылардың тұрмыстық ахуалын түзеуде қоғамда кең сұранысқа ие кондитерлік, аспаздық, сервистік қызмет көрсету, шаштараз, тігіншілік өнер, қолөнер, массаж, эстетикалық косметология мамандықтары бойынша оқу курстарын ашып, жұмыссыз азаматтардың белгілі бір мамандық иесі болуына жәрдем көрсетеді. Сондай-ақ орталық әлеуметтік қолдауға зәру отбасылардың мұқтаждықтарын анықтау, тұрмыстық қиын жағдайға түскен азаматтарға психологиялық қолдау көрсету, оларды қажеттіліктерге байланысты бейімдеу шараларына қатыстыру, құқықтық және ұйымдастырушылық кеңестер беру, меценаттық көмекке мұқтаж отбасылармен ықпалдастықты арттыру міндеттерін атқарады.


«Қамқорлық жанұя» орталығында ашылған барлығы 11 оқу курстарында қазір 170 тұрғын кәсіби біліктілігін арттыруда. Бүгінгі күнге дейін оқыту курстарын 190 азамат аяқтап, сертификат алған. Осы контингент ішінен 8 азамат өз кәсібін ашуға мемлекеттік грант алса, 44 азамат мемлекеттік қайтарымсыз грант иегерлері атанған. Оқу курстарынан өткен 30 әйел азамат жартылай фабрикат өнімдерін шығару, кулинария ісі, тігіншілік қызметтері бойынша отбасылық табысын арттырып отыр.


Партия хатшысы Шолпан Таңатқызы сондай-ақ Түркістан қаласындағы Мырзахан Пошанов атындағы №21 жалпы орта мектебінде инклюзияны қолдау сыныбының қызметімен танысты. Бұл инклюзиялы қоғамды дамытуға бағытталған кең ауқымды іс-шаралар шеңберінде арнайы дизайн-жобамен түзілген республикадағы 16 кабинеттің бірі. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы құрылған кабинетке «Самұрық – Қазына» ҰӘҚ» АҚ қолдауымен жиһаз және жабдықтар сатып алынған.


Инклюзияны қолдау кабинеті үйде оқитын балаларға мектепке баруға және құрдастарымен бірге білім алуға мүмкіндік береді. Кабинеттің ерекше білім беру қажеттілігі бар 40-қа жуық баланы қызмет аясына топтастыруға мүмкіндігі бар. Инклюзияны қолдау сыныбының педагогтары мен мамандары тиісті талаптарға сәйкес оқытудан өткен. Ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс жүргізуге қосымша тьютор мамандар дайындықтан өткен.


Партия хатшысы Түркістан өңіріне жасаған жұмыс сапарын қорытындылай отырып, ана мен балаға қамқорлық мемлекеттік саясаттың басымдыққа ие бағыты болып табылатынын атап өтті. Көп балалы аналарға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетуде«AMANAT» партиясы жүйелі жұмыстарды жалғастыратынын айтты. Партия бұл бағытта қыз-келіншектердің, әйелдердің сапалы білім алуын, мемлекеттік және басқа да қызметтерге белсенді араласуын тұрақты ынталандыратынын мәлімдеді.