Түркістан облысында 500 шақырымнан астам жол жөнделеді

0
2 389

Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 17 286,6 шақырымға жеткен.


Түркістан облысында 500 шақырымнан астам жол жөнделеді

2021 жылы Түркістан облысында 500 шақырымнан астам жол жөнделеді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысында ағымдағы жылы автомобиль жолдары саласында құрылыс-жөндеу жұмыстарымен 156 нысан қамтылады. Оның ішінде 538 шақырым жол мен елді мекен көшелеріне жөндеу жұмыстары жүреді. 2021 жылы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 79 пайыздан 81,4%-ға арттыру көзделуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов мәлімдеді. Оның айтуынша, Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 17 286,6 шақырымға жеткен.

«2020 жылдың қорытындысымен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 79%-ға жетіп, жоспар асыра орындалды. Өткен жылы жалпы 868 нысан немесе 1 974,8 шақырым жол мен елді мекен көшелері құрыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Жыл қорытындысымен 828 нысан, тиісінше 1 525,4 шақырым жол пайдалануға берілді. Бұдан өзге, былтыр облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойына 16 шақырым - веложол, 110,2 шақырым – аяқжолдар, 4 621 дана - жарық шамдар орнатылды», - деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, Мақтаарал ауданында орын алған төтенше жағдай салдарынан су басқан облыстық маңызы бар автомобиль жолдары мен көшелері қалпына келтіріліп, нәтижесінде 47,6 шақырым жол мен 4 көпірге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, Төлеби ауданында жауған жауын салдарынан зақымданған 14 шақырым жол мен су шайып кеткен 3 көпірге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қалпына келтірілді.