Түркістан облысы күн сайын көркейе түсуде.
Төлеби ауданында Абай саябағы салынуда, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Төлеби ауданында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Абай аллеясының құрылысы жүргізіліп жатыр. Аллеяда ұлы ақынның еңселі ескерткіші орнатылатын болады. Демеушілер қолдауымен бой көтеретін мүсіннің биіктігі – 3 метр, тұғыры – 2 метрді құрайды.
Жаңа аллея Ленгір қаласындағы Әйтеке би көшесінің бойында орналасқан. Жобаның құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Шұғыла-2002» ЖШС жүргізіп жатыр.
Айта кетерлігі, мұнда балалар үшін ойын алаңшалары мен спортпен шұғылдануға арналған құрылғылар орнату жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстары толықтай аяқталған соң саябақты көгалдандыру жұмыстары да қолға алынбақ. Аллея тұрғындардың тынығуына, дене шынықтырып, серуендеуіне қолайлы жағдай туғызатын болады.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта Төлеби ауданында инфрақұрылым жүйелерін жақсарту бойынша да бірқатар іш-шаралар атқарылып, алдағы уақытта да біршама жобалар іске асырылады деп жоспарланып отыр. Одан бөлек, таулы аймақтағы туризмді дамыту жұмыстары да қолға алынған. Осы жұмыстардың нәтижесінде табиғаты тамаша Төлеби ауданының көркіне көрік қосыла түспек.