Түркістан облысында мақтаның тоннасы 250 мың теңгеден қабылданып жатыр

0
1 014

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 мың теңгеге қымбат.


Түркістан облысында мақтаның тоннасы 250 мың теңгеден қабылданып жатыр

Түркістан облысының Мақтаарал, Жетісай аудандарында алғаш болып мақта терімі басталды. Шитті мақтаның бір тоннасы 250 мың теңгеден қабылдануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 мың теңгеге қымбат, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Өңірде 18 мақта өңдеу зауыттарының 206 мақта қабылдау бекеттері жұмыс істейді. Биылғы жылы 110 мың гектар алқапқа мақта дақылы егілген. Жоспар бойынша 250 мың тонна шитті мақта жиналуы керек. Мақтаарал, Жетісай аудандарына жасаған жұмыс сапарында ауыл шаруашылығы саласындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев шаруалармен кездесті. Жаңартылған техникамен танысып, диқандарға көмектесті. Жастық шағын еске түсіріп, мақта терді.

Биылғы қуаңшылыққа қарамастан мақталы аудандардың шаруалары ағын суды артығымен алды. Тыңайтқыш пен тұқымдық шиттен таршылық көрмей, жеңілдетілген бағадағы жанар-жағармай да жеткілікті болды, дейді.
"Осының барлығы Елбасының қолдауымен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқанын біліп отырмыз. Көрші Өзбекстан елімен келісімге келіп, ағын суды арттырғанын көрдік. Соның арқасында ағын судан таршылық көрмедік. Мемлекет қолдауымен селитра мен дизель де жеткілікті болды. Осындай халыққа қызмет етіп жатқан ел ағаларының жұмыстары жүре берсін. Елдің рахметін алып жатыр, халық ризамыз. Диқандардың барлығы қуанышты, табыстары жақсы, бұдан жігірленіп, келер жылы жұмыс істейміз деп ойлаймыз",-деді шаруа қожалығының иесі Мұрат Құрбанов.
Шаруалар әр гектардан орта есеппен 30 центнерден өніп алып, 500 мың теңгеге дейін пайда табады. Егіс алқабында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов өңірдің саладағы жетістіктерімен бөлісті.
"Осындай өнім алып, тауар өндірушілердің әлеуметтік экономикалық жағдайын арттыруға бұл Мемлекет басшыларының екіжақты ынтымақтастық туралы келісімінің арқасында. Өйткені, бұл екі аудан да трансшекаралық Достық каналы арқылы су ішеді. Бұл Өзбекстан Республикасы арқылы келеді. Жақсы жұмыстар нәтижесінде биылғы қуаншылыққа қарамастан Мақтаарал мен Жетісай аудандары тиісті деңгейде ағын сумен қамтамасыз етіліп отыр",- деді ол.
Сонымен бірге, облыс әкімі ағын суды арттыру мақсатында қолға алынған су арналарын механикалық тазалау жұмыстарын танысты. Облыстық бюджет есебінен Жетісай ауданындағы барлық 241 шақырымды құрайтын 121 қашыртқыға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде суармалы жерлердің ағын сумен қамтамасыз етілуін жақсартып, жер асты суын төмендетіп, егістіктің тұздануының алдын алып, мақта дақылының өнімділігін арттырады.
Сонымен қатар, шаруаларды сапалы тыңайтқыштар, тұқыммен қамтамасыз етіп, өнімділікті арттыру мақсатында Өзбекстан Республикасының «RASAYANA» ЖШС-гімен жұмыстар жүргізілуде. Бұл компания ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне өнімділігі жоғары «AMINOSID» тыңайтқыштары мен мақтаның «Сұлтан» элиталық тұқымдарын жеткізумен айналысады. Бұл тәжірибе мақтаның түсімділігін 40 - 60 центнерге жеткізуге болатындығын көрсетіп отыр.
Осыған орай, ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінде Мақтаарал, Жетісай аудандарында агроқұрылымдардың қатысуымен жоғарыда аталған тыңайтқыштар мен және мақта тұқымының тиімділігі жөнінде семинар өткізіліп, мақта өнімділігін арттырудың нақты шаралары қабылданды.
Түркістан облысында күзгі жиын – терім науқаны жүріп жатыр. Қазіргі таңда, 1,1 млн. тонна көкөніс, 1,7 млн. тонна бақша, 290 мың тонна картоп және 61 мың тонна жеміс-жидек жиналды. Жыл соңына дейін 3,5 млн. тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналады. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 842,4 мың гектарға егілді.