ТҮРКІСТАН: Өмірзақ Шөкеев қала әкіміне бірнеше тапсырма берді

0
1 099

Құрылыс алаңындағы жұмысқа 140 қызметкер мен 13 техника жұмылдырылған.


ТҮРКІСТАН: Өмірзақ Шөкеев қала әкіміне бірнеше тапсырма берді

Рухани-мәдени орталықтағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте Түркістан қаласын дамыту бағытында атқарылған жұмыстар талқыланды. Аталған жиында қала әкімі Рашид Аюпов «Әзірет сұлтан» қорық мұражайының аумағын абаттандыру жұмыстары мен рухани-мәдени орталығының алаң ішіндегі инженерлік-инфрақұрылымның жүргізілуі барысын баяндады. Шаһар басшысының мәлімдеуінше, рухани-мәдени орталығының алаң ішіндегі инженерлік инфрақұрылымы қарқынды дамуда. Сонымен қатар, «Әзірет сұлтан» қорық мұражайында да су және кәріз жүйесі толық аяқталып, субұрқақтың бетон құю жұмыстары 85%-ға орындалған. Құрылыс алаңындағы жұмысқа 140 қызметкер мен 13 техника жұмылдырылған.

Сондай-ақ, аймақ басшысына Түркістан қаласындағы Тұңғыш Президент саябағының құрылыс барысы таныстырылды. Саябақ аумағында қазір 1 867 түп ағаш отырғызылған. Аппарат мәжілісінде орташа жол жөндеу жұмыстары және аялдамалар бойынша атқарылған жұмыстар баяндалды. Мәжіліс барысында Өмірзақ Естайұлы қала әкіміне шаһарды таңертең және кешке екі рет аралап, құрылыс және абаттандыру жұмыстарын бақылауда ұстауын және 32 сектордың жұмысын тексеріп отыруды тапсырды.

Жиында, сонымен қатар Мақтаарал мен Төлеби аудандарындағы төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстары да талқыланды. Өмірзақ Естайұлы құзырлы басқарма басшыларына халыққа берілетін көмек пен тұрғын үй құрылысының сапасын қадағалауды тапсырды.